2024-07-27

ТЕМІРЕТКІ

       Теміреткі ауру адамнан адамға, ауру үй жануарлар мен жабайы жануарлардан адамға жұғатын терінің жұқпалы ауруы. Аурудың қоздырғыштары қарапайымдар тобына жататын саңырауқұлақтар. Терінің ылғалдылығы аурудың қоздырғыштары үшін қолайлы қоректік орта болып табылады.
       Теміреткімен науқастанған адамның немесе жануардың түскен терісі, шашы, түгіндегі аурудың қоздырғыштары бірнеше жылға дейін қатты аяздарда да, аптап ыстықтарда да өмір сүруге бейім келеді. Аурудан кейін залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмеген жағдайда бөлменің шаңында, науқастың киімдерінде, бас киімдерінде төсек орын жабдықтарында, ойыншықтарында және басқа да науқас пайдаланған заттарында аурудың қоздырғыштары өмір сүре береді. Шаштараздарда ауру адамға пайдаланған қайшы, тарақ, алмас, тырнаққа күтім жасау үшін арналған құрал-жабдықтар, сүлгілер талапқа сай залалсыздандырылмаған жағдайда ауруды жұқтырудың көзі болып табылады. Егер ауру адамнан кейін қырқылған шашты өртеп жібермесе ол да ауруды жұқтырудың бір көзі болып табылады. Ауру көбінесе адамдардың бетінде, бастың шашты бөлігінде, мойындарында, қолында, яғни дененің ашық жерлерінде кездеседі. Сонымен қатар, киім жауып тұратын бөліктерінде де жиі кездеседі. Ауру адам шомылған бассейндерде, моншада, ашық су көздерінде сау адам шомылса, науқас пайдаланған сүлгі, мочалкасы т.б. заттарын пайдалану арқылы ауруды жұқтырып алу қаупі бар. Ауруға шалдыққан үй жануарларын ветеринарлық дәрігерлерге көрсетіп, емдету қажет. Ауру адам және жан- жануарлар уақтылы емделмеген жағдайда өмірінің соңына дейін ауру көзі болып жүре береді.
       Ауру жұқтырған күннен бастап 2-3 аптадан кейін аурудың белгілері басталады. Алғаш белгілері диаметрі 0,3-0,5 мм көлемінде басталатын таңғылдақтар ақшыл қабыршақтанып, үлкейіп, әр түлі формалы болып келеді. Науқас аздап қышуды байқайдайды. Зақымданған тері қызарып, кейде іріңдейді. Іріңдеу көбінесе бастың шашты бөлігінде кездеседі. Бастың шашты бөлігінде теміреткі шыққан жағдайда науқастар ем қабылдап жүріп, жұқа мақтадан тоқылған орамал тастамау қажет. Теміреткі денеге шыққан жағдайда киім-кешектерін, төсек-орнын міндетті түрде залалсыздандырып отыру қажет. Науқас адаммен киім алмастырып киюге болмайды және де қарым-қатынастағылардың барлығы 30 күнге дейін қадағалауға алынады. Дер кезінде емделмесе ауру созылмалы түріне ауысуы мүмкін. 
Ғ.А.СЫДЫҒАЛИЕВА,
Шымкент қаласы Абай ауданы бойынша МСЭҚБ бас маманы.
Яндекс.Метрика