Алдағы күндері өтетін республикалық референдум төңірегіндегі маңызды сұрақтарға жан-жақты жауап беру және қоғамдық ой-пікірді талқылап-таразылау мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы, Республикалық штаб мүшесі Фахриддин Қаратаев «Арофат» мектебінің ұжымымен кездесті.
Кездесуге «AMANAT» партиясы Республикалық штаб мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Жадыра Танатарова, қалалық штабтың мүшелері, қалалық филиал Атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, мәслихат депутаты Талғат Балтабаев, Қаратау аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Әбдез Иманқұлов қатысты.
— Конституция – кез келген мемлекеттің іргетасы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі міндетті айқын көрсетті. Ол еліміздің әлемнің бірқатар дамыған мемлекеттерінің қатарынан көрінуі. Қазіргі қоғам үлкен өзгерістерді талап етеді. Референдум өтетін күнге дейін аз ғана уақыт қалды. Әрбір азамат ел дамуының жаңа кезеңін қалыптастыруға қатысып, өз үлесін қоса алады, -деді Фахриддин Қаратаев.
Жиын соңында халық қалаулысы Ф.Қаратаев еліміздің әрбір азаматы референдумға қатысудың маңыздылығын сезінуі тиіс екенін айтып, барлық тұрғындарды 5-маусым күні өтетін саяси науқанға белсене қатысуға шақырды.