2024-07-27

Олжас Сәттібаев: «Шетелден ұсыныс түссе, кетемін»

tories/sattibaev_08.jpg» border=»0″ width=»238″ height=»150″ align=»left» />    Ойланып жүрмін. Кім шақырса да кетемін. Қазақстандағы әділетсіздікке әбден тойдым. Ұсыныстар түсіп жатса, бапкерлерден рұқсат сұрап, үлкен ағалардың алдынан өтіп, өзімнің шеберлігімді, мұндағы кейбір атқамінерлердің қателескендерін өзге елде жүріп дәлелдеймін. Ақыры Қазақстан атынан шығармайды, осындай қадамға баруыма тура келіп тұр.

Жаңа ережемен өтсе де, шлемсіз айқасса да, тіпті, жеңімпазды анықтау жүйесі өзгертілсе де, бокстан биылғы ел біріншілігі төрешілер дауынан айналып өте алмайтын секілді. Атап айтсақ, жартылай финалға жете алмаған 52 келідегі Олжас Сәттібаев астаналық қарсыласы Азат Махметовтен жеңілмегендігін айтып салы суға кетіп отыр. «Кімге қандай жамандық жасап қойғанымды білмеймін. Тағы да аяғымды шалды. Шыдамның да шегі бар ғой. Төзімім де таусылды. Одан да шетелге кетіп, өзге елдің атынан өнер көрсеткенім жақсы», — дейді тауы шағылған тараздық боксшы.

 — Олжас ширек финалдың аясындағы астаналық боксшымен болған айқасыңыз жайлы айтып берсеңіз…

— Сырт көзге қалай көрінгенін қайдам, бірақ меніңше, Махметовты таза ұттым. Маған оның соққылары дұрыс дарыған да жоқ. Жеңісті қолымнан жұлып әперді ғой. Жекпе-жек кезінде өзіңнің қалай жұдырықтасып жатқаныңды сезесің. Мен оны қарабайыр тілмен айтқанда ойнап жүріп сабағанмын. Мықты боксшы да емес, оңай алдап, кез-келген соққымды қалауымша өткізіп жаттым. Соңында астаналықтың қолын көтергенде еріксіз күліп жібердім. Өйткені, қарсыласымнан қаншалықты мықты екенім үш раунд бойында көрініп тұрған. Бірақ, 30:27, 28:29, 28:29 есебі тіркеліп, 1:2 есебімен жеңіс қарсыласымның еншісінде кетті. Кімге не жамандық жасап қойғанымды қайдам, әйтеуір, менің жеңісім біреулердің бас ауруы болған сияқты ғой. Жан-жақтан қысып жатыр. Дегенмен, осы жұдырықтасуды көрген бапкерлер менің жеңгенімді айтып жатыр.

— Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов ше? Ол кісінің бұл жұдырықтасу жайлы ойын біле алдыңыз ба?

— Артынан сөйлескенмін. «Сен жеңдің. Бірақ төрешілердің шешіміне қарсы ешнәрсе айта алмаймын» дейді. Не істерімді білмеймін енді, бәрі саясат болып кеткен сияқты.

— Жалпы, бас бапкермен қарым-қатынасыңыз қалай?

— Мырза ағамен бе? Өте жақсы. Ол кісі ешқайсымызды алаламайды. Қандай жағдай болмасын, әділ болуға тырысады. Оқу-жаттығу жиындарынан да қалдырмай шақырып жүр ғой.

— Енді келесі жылы өз жерімізде өтетін әлем біріншілігіне қатысу мүмкіндігіңіз қалай?

— «Үмітсіз – шайтан» деген бар ғой. Мырзағали Айтжановтың өзі де ел біріншілігінің жеңімпазына ұлттық құрамадан орын дайындап қоюға кепіл бере алмайтынын айтып отыр. Мені де оқу-жаттығу жиындарына шақыратынын айтты. Ішкі біріншілік бір бөлек, шетелдік шаршы алаңның атмосферасы мүлдем басқа. Қазақстанда батыр болғаныңмен, сыртта өз мүмкіндігін толық паш ете алмайтындар да көп. Алда әлі талай халықаралық турнирлер болады. Сол додаларға қатысып, тек алтынмен апталуым керек. Егер өзімнің басқалардан мықты екенімді дәлелдесем, ұлттық құрамаға ілігіп те қалатын шығармын.

— Олжас Сәттібаев шетелге кетіп, өзге елдің намысын қорғайды екен деген әңгімелер шығып қалды…

— Ойланып жүрмін. Кім шақырса да кетемін. Қазақстандағы әділетсіздікке әбден тойдым.

— Шетелден ұсыныстар бар ма?

— Әзірге жоқ. Ал ұсыныстар түсіп жатса, бапкерлерден рұқсат сұрап, үлкен ағалардың алдынан өтіп, өзімнің шеберлігімді, мұндағы кейбір атқамінерлердің қателескендерін өзге елде жүріп дәлелдеймін. Ақыры Қазақстан атынан шығармайды, осындай қадамға баруыма тура келіп тұр.

— Олжас, бірақ, қазақ жігіті тек қазақ елінің намысын қорғағаны дұрыс.

— Ашуланған кезде, әлгіндей әділетсіздіктерді көріп ашынған кезде ренжіп, осылай айта береміз ғой. Әйтпесе, қазақ елінің намысын қорғап, қазақтың көк туын жамылғаннан артық қандай бақыт бар?! Алдыма ұлттық құрамаға ілігуді мақсат қоямын. Дегенмен, дұрыс түсініңіздер. Бұл бірінші рет емес. Өткен жылы ел біріншілігінде алматылық Хабибулла Исмаил-Ахуновқа жығып берді. Жарайды дедім. 2011 жылы Спартакиадада қызылордалық боксшыға жеңісті қолымнан жұлып алды. Тағы да жарайды дедім. Олимпиаданың алдында Ілияс Сүлейменовті сүйреп шығарды. Оған да көндім. Енді міне, ел біріншілігінде тағы да сүріндірді. Жарайды деген сайын басынып барады. Бұған қалайша шыдарсың?!

— Сүлейменов екеуңіздің текетіресіңіз бүкіл елге аян. Лондон Олимпиадасының алдында кездескендеріңізде кім мықты болды?

— Қайсымыздың Олимпиадалық іріктеу додасына қатысатынымыз Қарағандыда өткен турнирде анықталуы тиіс болды. Екеуміз бірінші кезеңде-ақ қолғап түйістірдік. Бірінші раундта ұпай айырмашылығымен мен алда тұрдым. Екінші раундта да үстем болдым. Үшінші раундта Ілияс өзінің мәнеріне салып, лас жұдырықтаса бастады. Жиі ұстасып қала берді. Бірақ неге екені белгісіз, төреші «сен ұстадың» деп маған ескерту жасады да, оған екі ұпай қосты. Сосын раунд соңында тағы бір ескерту жасап, Ілиясқа екі ұпайды және қосып берді. Содан 8:10 есебімен жеңіліп қалдым. Мені жақтаушылар спарринг өткізейік дегенде, бұл ескі әдіс деп жоғарыдағылар қолдамай қойды.

— Ал Сүлейменовтың Олимпиадада көрсеткен өнеріне қандай баға бересіз?

— Қазақ болған соң жамандамайсың ғой. Негізі тәуір жұдырықтасты. Бірақ британдық Эндрю Селбиді жеңуге болар еді. Селби әлемнің вице-чемпионы болғанымен Олимпиада кезінде өте шаршаңқы болды. Толық бабында болмады.

— Енді ел біріншілігіне оралсақ. 52 келіде енді кім чемпион болуы мүмкін? Басқа салмақтарда қай боксшылардың жұдырықтасулары көңіліңізден шықты?

— Мен негізі финалда Ілияс Сүлейменовпен жұдырықтасып, қарымта қайтармақшы болғанмын. Енді бас жүлдені енді Ілияс алатын шығар. Басқа салмақтарды айтар болсам, 49 келіде Азамат Исақұловтың бағын байламау керек. 56 келіде маңғыстаулық Мұхит Амантаев жарап тұр. 60 келіде Ғани Жайлауовқа қарсылас шақ келмейді. 64 келіде Айдар Әмірзақов пен Мерей Ақшаловтың шеберліктері өзгелерден жоғары. 69 келіде бәсекелестік қызып тұр, жартылай финалға шыққан төртеуіне де сүйсінесің. 75 келіде Рустам Сыбай мен Нұрдәулет Жарманов, 81 келіде Арман Рысбек пен Алмат Серімов, 91 келіде Алексей Севостьянов. Ал аса ауыр салмақта ешкімді көрмедім. Ешқайсысы Иван Дычкоға жетпейді, тіпті Жан Кособуцкий де.

— Ал жаңа ереже жайлы не айтасыз?

— Әлі толық жетілмеген. «Шлемсіз айқас» та дұрыс емес екен. Қарсыласыңның қасына жақындай алмайсың. Басың түйісіп кетсе, қабағың жарылады. Талай боксшы соның құрбаны болып жатыр. Өз басым, қашықтан жұдырықтасып машықтанған соң жарақаттан аман қалдым. Дегенмен, шлемді қайтадан киетін сияқтымыз. Оның орнына былғары қолғап өзгереді-ау.

— Олжас, сұхбатымыздың соңында отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Шаңырақ көтергеніңізді білеміз. Кішкентайларыңыз бар ма?

— Иә, бір жасар қызым бар. Есімі – Наиля. Келіншегімнің аяғы екіншісіне ауыр. Алла қаласа, екі айдан соң дүниеге ұлым келеді. Құдайға шүкір, отбасымда береке. Әке-шешем де әрдайым қолдап, жанымнан табылады. Әттең, спортта да бәрі осылай керемет болса ғой.

Мырзағали Айтжанов, Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

  Сәттібаевтың жұдырықтасуына қатысты ешнәрсе айта алмаймын. Әрине, бапкер болғаннан кейін біз «анау жеңген сияқты, мынау басым түскен секілді» деп айта береміз. Бірақ төрешілер барлығын көріп отыр. Ел біріншілігінде төрешілер алқасын Серік Қонақбаевтың өзі басқарып отыр. Сондықтан, біреуге қиянат жасалып жатыр деп айта алмаймын. Рас, жаңа ереже болғандықтан төрешілерге де оңай түсіп жатқан жоқ. Дегенмен, ешкім де біреудің жолына қасақана тұсау болып отырмағандығы анық.

Әзиз ЖҰМАДІЛ

 «Алашарена.кз»

{jcomments on}

Яндекс.Метрика