2024-07-27

Шәмшінің рухына тағзым

Шымкентте «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» атты ән кешіне жиналғандар Шәмшінің рухына тағзым етті.  Қалдыбек Құрманәлі бастаған бір топ өнер майталмандары ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Шәмші Қалдаяқовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Қалдыбек Құрманәлі, композитор: « Біздің Шәмшісіз өмір сүріп жатқанымызға 30 жыл толды. Бірақ, ұлы компазитор арамызда болмағанымен, оның әндері халқымыздың жүрегінде мәңгі жасай бермек. Халық Шәмші әндерінсіз өмір сүре алмайды. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Шәмші Қалдаяқовқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Бұл тарихи әділеттіліктің салтанат құруы дер едім. Осыған орай бүгін «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» атты ән кешін өткізгелі отырмыз».

Гүл шоқтарын қою рәсімінде ұлы композитордың қарындасы Райхан Қалдаяқова мен бірқатар зиялы қауым өкілдері Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасы жайлы сыр шертіп, әншілер Шәмші әндерін орындады.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың қолдауымен, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының, «Мәдениет үйі» концерттік ұйымының бастамасымен жоспарланған шара барысында танымал әнші Сәкен Қалымов композитор Қалдыбек Құрманәлінің «Ән аға» әнімен ашып берді. «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының өнерпаздары жиналған көпшілікпен бірге «Арыс жағасында» әнін шырқады.

Аталған шараның жалғасы бүгін 19:00-де Түркістан сарайында композитор Қалдыбек Құрманәлінің шығармашылық кешімен жалғасады.

 

Яндекс.Метрика