2024-09-19

15 күнде жаңа аурухана салынады

Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тез тұрғызылатын құрылымдардан 15 күн ішінде жұқпалы ауруларға арналған үш аурухана салу туралы шешім қабылданған болатын. Ал, Шымкентте аурухана құрылысы басталып кетті.

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов шаһарда салынып жатқан 200 орындық аурухана құрылысымен танысты. Төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын госпиталь тез құрастырылатын материалдардан тұрғызылады. Оған қажетті құрылыс заттары толықтай отандық болса, 400-ге жуық жұмысшы жергілікті жерден тартылған. Қала әкімі карантин кезінде жұмысшыларды арнайы автобуспен тасымалдау, қауіпсіздік шараларын сақтау және ауыр жүк көліктерінің тәулік бойы құрылыс заттарын тоқтаусыз жеткізу мәселесінде кедергі болмауын жауаптыларға жүктеді. ​

Арнайы аурухана стационар, жан сақтау сынды бірнеше бөліктен тұрады. Және онда медицина қызметкерлері жатып жұмыс істейтін жай салынып, оған қажетті мамандар​ іріктеліп алынады. Бұл ретте уақытша аурухананың жабдықталуы мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы белгіленген нормативтерге толық сай болмақ.

Мұндағы бүкіл ұйымдастыру жұмыстарын Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы үйлестіретін болады.​ Аталған госпитальдің қала аумағында қызмет етуі инфекциялық аурулардың алдын алуды жақсартады деп күтілуде.

«Қызмет-Ақпарат»

Яндекс.Метрика