2024-07-27

Африканың Марокко елінде самбо күресінен өткен әлем біріншілігіне қатысып келген жерлесіміздің еншісінде – қос медаль.

Касабланка қаласына дүниежүзінің 32 мемлекетінен спортшылар жиналды. Ел құрамасы сапында бақ сынаған 52 самбошының ішінде облысымыздың екі балуаны А. Мұсабеков пен Н. Жарашуев бар. Н. Жарашуев – күрес десе, «ішкен асын жерге қоятын», көптеген жарыстарда самбо, дзюдо, қазақ күресі, кикбоксинг секілді спорт түрлерінен жетістіктерге жеткен спортшы. Африка еліндегі дүбірлі додада ол 55-59 жас аралығындағы балуандардың ортасында 100 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен болатын. Марокко, Литва, Германия елдерінің спортшыларымен белдесіп, таза жеңіске жеткен жерлесіміз тек финалда ғана ресейлік самбошыға есе жіберіп қойды. Ал, 50-65 жас аралығында абсолюттік салмақтағы балуандар бәсекесінде әлемнің небір мықтыларының жауырынын жер иіскетіп, жарыс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Сөйтіп, бір жарыста Н. Жарашуев бірінші және екінші орынды иеленді. Сонымен қатар, жарысты ұйымдастырушылардың ұйғарымымен ендігі жылы Америка Құрама Штаттарындағы Лос-Анджелес қаласында өтетін самбо күресінен әлем чемпионатына қатысуға жолдама алыпты.
Дүниежүзілік додада ел абыройын асырған спортшыны аудан әкімі С. Жұмағұлов қабылдап, сый-құрмет көрсетті. Әлем чемпионы Н. Жарашуев аудан басшысына және осы жарысқа баруға қолдау көрсеткен еліміздегі Самбо федерациясының президенті М. Оңдағановқа, жеке кәсіпкер Р. Нартовқа ризашылық білдірді.
Негізі, бұл додада Қазақстан құрама командасы 10 алтын, 8 күміс, 8 қола медальді алып, командалық есепте екінші орынға табан тіреген еді. Оның ішінде бір күміс, бір алтын медаль меркілік балуанға тиесілі.

Бейбіт СЕРІКБАЙ,
журналист

Яндекс.Метрика