2024-07-27

ҚАНАТ КӘСІПҚОЙ БОКСҚА ТҮБЕГЕЙЛІ БЕТ БҰРДЫ

tories/f8fwsuds.jpg» border=»0″ width=»299″ height=»188″ align=»left» />Қытай Халық Республикасының Ұлттық құрама командасының құрамында Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері атанып, сонымен қатар, 2000 жылдан бері 10 дүркін чемпион болып, қызыл тудың астында Қытай намысын қорғап келген қазақтың батыр ұлы, былғары қолғап шебері Қанат Сіламұлын бүгінде білмейтін қазақстандық жоқ шығар. Қанат осы жылдың наурыз айынан  кәсіпқой бокспен айналысу үшін АҚШ-қа кетіп, қырқүйектен бастап «Nelsons» атты промоутерлік компаниямен екі жылға келісімге отырған. Бүгінде компанияның менеджері ереже бойынша қарсылас тауып, кездесулерін ұйымдастырып, бар жағдайын жасауда.

  «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қанатты сөзді жасынан жүрегіне сіңіріп өскен азаматтың бала күнінен бергі Отанына оралу арманының сәті тек 2009 жылы ғана түсті. Атамекеніне келуіне, Қазақстан құрама командасының бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов пен Алматы облысының әуесқой бокс федерациясының президенті Бауыржан Оспанов себепкер болған. Еліне келген шебер боксшыға, Тұрсынғали мырза өзі ұстаздық етіп, «Астана Арландары» командасының басшыларымен сөйлесіп, Қанаттың «арландар» сапында өнер көрсетуін сұрайды. Олар да бірден құп көріп, кәсіпқой бокс клубына қабылдайды. Онда 2 жылға жуық уақыт өнер көрсетеді. Алғашқы маусымда ерекше өнерімен көзге түскен азамат, өткен жылы Бакуде әлем чемпионатына қатысып, Лондон олимпиадасына жолдама үшін бағын сынамақ болғанда, қытай елі «су ішкен құдығыңа түкірме» деп Қанаттың жолына тұрды.
    Отанына оралғандағы бар арманы — Лондон олимпиадасына қатысып, Отаны үшін барын салу еді. Бірақ, бұл арманы орындалмады. АИБА бұл мәселені қарастырып, Қанатқа Қазақстан атынан сайысқа түсуге рұқсат бергенімен, Қазақстан азаматтығын алғанына екі жыл толмауына байланысты және ұлттық құрама команданың бапкерлерінің де қолдауы жетіспей, Лондонға жолы түспеді. Міне, осылай ұлтын сүйген арда азаматтың асқақ арманы себептердің астында қалды. Лондон олимпиадасына қатыса амайтынын естіген Қанат бірден кәсіпқой боксқа ауысатыны туралы шешім қабылдаған.
    Қытай елі, қазақтың қара домалақ баласын хан көтеріп, бар жағдайын жасап отырғанына қарамастан, еш шақыртусыз өз аяғымен «елім, жерім, қазағым» деп, жүрегін қолына ұстап, алып-ұшып жетіп келген, ұлтын сүйген ерді бағалап, қадіріне жете алдық па? Егер ол шебер боксшы болмаса, неге алпауыт елдердің Қанатқа деген ықыласы зор? Батырын ардақтай, асылын салмақтай білетін қазақ едік қой?! Елім деп келген ерімізді неге егілттік? «Алматы» арнасында «Тұлға мен Тағдыр» хабарындағы Қанаттың әңгімесін естіген боларсыздар? Сондағы әңгімесі ұлтын сүйген кез келген жанның жүрегін шымырлатқаны шындық. Ер азаматтың көз жасы бекерге шықпасы анық. «Бүгінгі таңда қазағымның асқан көрегендігі мен қонақжайлылығы, батырлығы қалмағандай, өз туған-топырағыңда жүріп, кеудесін тік ұстап жүре алмайтынына, әлдебіреуге жалтақтап, өмір сүретініне жаным ауырады. Қытайдағы қазақтар қытайдың қабағына қарап, жаутаңдайды. Ал, өз Отанындағы қазақтың әлсіздігіне жүрегім ауырады», — деп жылады.
Қанаттың Қазақстанға кететіні белгілі болғанда, «шешіміңді өзгерт, Лондонда алтын сенікі. Қытай бар жағдайыңды жасап, басына шығарып отыр, кетпе, қал», — деген бапкерлерінің ағалық ақылына да құлақ түрместен, «Атақ, алтын сіздерге керек шығар, бірақ, маған керек емес. Арманым — көк байрақ астында өнер көрсету», — деп, талаптарынан үзілді-кесілді бас тартқан болатын. Өткен жылы, «Париж Юнайтед» клубы да қолқа салып, бүкіләлемдік бокс сериясының екінші маусымына, осы клуб атынан қатысуын өтінумен қатар, қомақты қаржы да төлейтіндіктерін айтқан. «Егер маған қаржы керек болса, Қытайдан қия баспас едім» деп, тілектерін тойтарған. Міне биыл, АҚШ промоутерлерінің шақыртуымен теңіз кешіп, Нельсон Лопес деген АҚШ-тағы атақты менеджердің компаниясымен келісімшартқа отырып, Майамиде 2 жыл жаттығатын болған.
    «Азаттық» радиосының хабарлауынша, қарашаның 24-і күні қазақ боксшысы Қанат Сіламұлы колумбиялық кәсіпқой спортшы Сегунда Херрераны жеңген. Екінші раундта кездесу тоқтатылған. Қанат Ислам қарсыласын нокаутқа жіберген.
    «Nelsons» компаниясы сайтының жазуынша, қазақстандық боксшы Қанат Ислам бұл жекпе-жекке дейін кәсіпқой рингте бес кездесу өткізген. Барлығында да қарсыласын нокаутқа түсірген.
   Колумбия астанасы Боготада өткен кездесуде Қанат Сіламұлы жергілікті боксшы Сегунда Херрераны екінші раундта жеңіп, оны әлем чемпионы атағына таласу құқығынан айырған. 35 жастағы Сегунда Херрера бокспен жиырма жылдан бері айналысады. Әуесқой бокстан Колумбия чемпионы. Осыған дейін 20 кездесу өткізіп, тоғызында жеңді, төртеуінде тең түскен.
Қанат Сіламұлымен бірге осы клубта жаттығатын доминикандық боксшы Феликс Диас (Пекин олимпиадасының чемпионы) «қазақ боксшысының техникасы мен бокстасу әдісі мықты» екенін де айтқан.
    Қанаттың айтуынша, бұл компанияда 150 боксшы бар. Көбі – АҚШ, Доминикан және Пуэрто-Рико боксшылары. Бапкері Тұрсынғали Еділов: «Ол түбегейлі кәсіпқой боксқа бет бұрды. Мақсаты – орта салмақта әлем чемпионы атану. Бес кездесуіндегі жеңісі – тек бастамасы ғана. Алда оны әлі қиын кездесулер күтіп тұр. Әлем чемпионы болу үшін үш жылдың ішінде жиырма-отыз кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетуі керек, Қанат Қазақстанға 2013 жылы наурыз айында келіп кетуі керек», — деген.
    Кәсіпқой бокстың ережесі бойынша, Қанат Сіламұлы енді екі кездесуде жеңіске жетсе, онда WBO (Әлемдік бокс қауымдастығы) рейтингіне еніп, әлем чемпионы атағына таласуға арнайы рұқсат алады екен.
      Қанат Сіламұлының менеджері Нельсон Мендес өз сөзінде:
— Қанат бұл кездесуін қиналмай жеңді. Қазір ол келесі кездесуге дайындалып жатыр. Жекпе-жек 30 қарашада өтеді. Қарсыласы – АҚШ немесе Доминикан Республикасының боксшысы болады», — деген.

Қ. НҮСІПБАЙ,

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

 

 

Яндекс.Метрика