ШЫМКЕНТТЕГІ ҚОНАЕВ–РЫСҚҰЛОВ ЖОЛАЙЫРЫҒЫ РЕСМИ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

Үшінші мегаполистегі Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайырығы салтанатты түрде пайдалануға берілді. 25 қазан – Республика күніне арналған іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов және тиісті басқарма басшылары, мердігер компанияның жетекшілері қатысты.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Бұл жолайырық былтырдан бері техникалық түрде ашылып, қала тұрғындары пайдаланып келеді. Жобаға қосымша жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелдері салынып, айнала абаттандырылды. Бұл – мегаполистегі ірі жобаның бірі. Бәріңізге сәттілік тілеймін. Ұлттық мерекеміз құтты болсын. Аспанымыз ашық, еліміз аман болсын!»
Қала әкімі бастаған топ шынар ағашының көшеттерін екті. Жолайырықпен кеңірек танысып, жаяу жүргіншілер арналған өткелдермен жүріп көрді.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері берген мәліметке сәйкес, қаланың бас жоспарына сәйкес қолға алынған жолайырықтың құрылысы 2020 жылдың қазан айында басталған. 2021 жылдың соңында, көлік кептелісін азайту мақсатында, техникалық тұрғыда көлік қозғалысы үшін ашылған болатын.
Зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша 2019 жылы Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесі қиылысының өткізгіштігі тәулігіне 27 775 көлік болса, бүгінде бұл көрсеткіш тәулігіне 66 мың көлікке жуықтайды.
Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы 3 деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ. Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта аталмыш құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика