2023-02-09

Президент «Жерұйығын тапқан жұртпен» кездесті

Spread the love

Мемлекет басшысымен кездесуге қаланың зиялы қауым өкілдері мен жұмысшы топ  жиналды. Түркістан сарайына арнайы шақырылғандар Қасым-Жомарт Кемелұлын жылы қарсы алды. Бірден сөз бастаған Президент шымкенттіктерді «жерұйығын тапқан жұрт» деп қуантты.   Жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде  Шымкентті еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жердің бірі ретінде атап өтті.

 

– Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Іскер қаланың тұрғындары» деп тағы мақтаған мемлекет басшысы үшінші мегаполистің қарқынды түрде дамып жатқанын тілге тиек етті. Өз баяндамасында қаланы дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінгенін алға тартты. Өнеркәсіп өнімі 65 пайызға ұлғайғанын, аумағы 2,5 миилион шаршы метрден асатын тұрғын –үй салынғанын, соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткенін, осы салада 180 мыңға жуық адам жұмыс істейтінін  жеткізді. Соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылғанын айта отырып, инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыруға 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінгенін тілге тиек етті. Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізілетініне тоқталды.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне назар аударды. Атап айтқанда, Шымкентте кәсіпкерлікті қолдау үшін «Іскер қала» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен.

– Бұл – жақсы көрсеткіш. Осы салада 180 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Осы тұста Шымкент халқының іскерлігін айрықша атап өткім келеді. Жалпы, оңтүстік халқы қашанда еңбекқорлығымен танымал болған. Бұл қасиеттеріңіз – көпшілікке үлгі-өнеге. Халқымыз «Еңбек – ырыстың қазығы» деген. Мен адал еңбекпен елімізді дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін өздеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Шежірелі шаһардың кемінде 2200 жылдық тарихы бар екенін айтқан Мемлекет басшысы оның ЮНЕСКО деңгейінде расталған дерек екенін еске салды. Президенттің айтуынша, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болғаннан бері көптеген оң өзгерістер орын алған. Нәтижесінде үшінші мегаполистіктердің әлеуметтік жағдайы өсіп, шаһардың экономикасы дамыған.

 

Яндекс.Метрика