1,5 миллиард теңге: шымкенттіктердің салыққа берешегі бар

Салық төлеуге келгенде үшінші мегаполистіктер белсенді. Әсіресе, көлік, жер мен жылжымайтын мүлікке салғырт қарайтындар аз. Жыл басынан емес, уақыт таяғанда ғана қамданатындары да бар. Биыл жер мен жылжымайтын мүлікке міндетті төлем уақыты бірінші қазан күні аяқталады. Салық – мемлекет бюджетіне түсетін міндетті төлем. Сондықтан болар, салғырт қарайтындары жауапқа тартылады.

САЛЫҚ ДЕГЕН НЕ? 

 

Мемлекет бюджетіне түсетін міндетті төлемдер. Оны азаматтар мен заңды тұлғалар (компаниялар, ұйымдар) төлейді. 

Салықтан түскен қаражат — мембюджеттің ең маңызды бөлігі. Онсыз мемлекеттің өмір сүруі мүмкін емес. Салықты халық төлейтіндіктен ол тек азаматтар игілігіне жұмсалуы керек. Мысалы, мектеп, аурухана салуға, адамдардың құқығын қорғауға тиіс полицейлер мен мемқызметкерлердің жалақысына, азаматтардың кей санатына: көпбалалы отбасыларға, табысынан айырылғандарға, мүгедектігі барларға жәрдемақы төлеуге жұмсалады.

Сонымен, Қалалық мемлекеттік кірістер департаменті берген мәліметіне сүйенсек, өтелмеген ақшаның басым бөлігі көлік салығына тиесілі. Тұрғындардың  тізгіндеген темір тұлпарлары үшін  1 млрд. 280 млн. теңге салық берешегі бар екен. Сондай-ақ, 70 мыңнан астам жеке тұлға өткен жылғы мүлік салығын төлемеген. Қордаланған қарыз- 900 миллион теңгеге жеткен.  Ал салықты төлеу мерзімі 1-қазан күні аяқталады. Яғни әрбір берешекке тағы да өсімпұл қосылады.  Қарызды өндіру үшін сала мамандары сот орындаушылардың қызметіне  де жүгінуге мәжбүр. Міндетті төлемдерді өтеуге келген хабарламаға пысқырмаған салық төлеушілердің есепшоты бұғатталып, кейбірі шетелдерге шығу мүмкіндігінен айырылады.

Ескеріңіз, 2022 жылдың салықтық кезеңі  бойынша жеке тұлғалардың мүлік және жер салықтарын төлеу мерзімі ағымдағы жылдың 1 қазанында аяқталады. Осы салықтарды есептеуге негіз болып құндық бағасы, жер учаскесінің көлемі,  салық салу объектісінің иесі және басқа да мағлұматтар көрсетілетін жеке тұлғалардың салық салу объектілері бойынша мәліметтер табылады. Бұл мәліметтер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалымен табыс етіледі.

kgd.gov.kz «Алдағы төлемдер» сервисінде, «е-SalyqAzamat» мобильді қосымшасын, сондай-ақ банктердің мобильді қосымшаларында Kaspi.kz және Homebank дайын деректемелер бойынша төлем жүргізу мүмкіндігімен есептелген мүлік салығының сомасын білуге болады.

 

Бір ғана Қаратау ауданында 35 мың тұрғын салық төлемеген. Олардың мемлекет алдында 400 миллион теңгеге жуық берешегі бар. Оның ішінде мүлік және жер салығына немқұрайлық танытатындары көп.  Ауданда 10 мың азамат жер салығын төлемеген. Сондықтан, аудандық кірістер департаментінің мамандары борышкерлерден қарызын өтеуді талап етуде.

Қаратау ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары өндіру процесін жеделдетуге көшер алдын, түсіндірме жұмыстарына білек сыбана кірісті. Сондықтан болар, өсімпұлсыз салық берешегін өтеуге шақырады.

ПАРВИЗ САВРИДИНОВ, МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚАРАТАУ АУДАНЫ БОЙЫНША БАС МАМАНЫ: «Жер және жылжымайтын мүлік салығын төлеуге келгенде халық асықпайды. Берешегі барын ескертіп-ақ жатырмыз. Өз еркімен төлемеген жағдайда мәжбүрлеп өндіруге көшеміз. Одан бұрын өсім жүретінін де ескеру керек. Кейде үйме үй жүріп, аралау болады. Мұндай шара өз жемісін беріп жатады. Қала  тұрғындарын салыққа келгенде салғырт қарамауға шақырамыз.»

БІЗ ҚАНДАЙ САЛЫҚ ТӨЛЕЙМІЗ? 

Қазақстанда салық көптеген елдегідей тікелей және қосымша (жанама) деп бөлінеді. Азаматтар тікелей салықты ресми табысынан және мүлкі үшін төлейді. Ал қосымша салықты біз бірнәрсе сатып алғанда төлейміз.  

Тікелей салық:

  • корпоратив табыс салығы (мұны жұмыс берушілер төлейді);
  • жеке табыс салығы (жұмысшылар төлейді);
  • экспортқа рента салығы (көмір мен мұнай экспорттайтын компаниялар);
  • жер қойнауын пайдалану салығы (жер қойнауын өндіріп, тасымалдайтын, өңдейтін компаниялар);
  • әлеуметтік салық (жұмыс берушілер);
  • көлік салығы (көлігі барлар);
  • жер салығы (жері барлар);
  • мүлік салығы (жылжымайтын мүлігі, мысалы, үйі барлар);
  • ойын бизнесі салығы (ойын бизнесі барлар). 

Жанама салық: 

  • Қосылған құн салығы (орысша НДС). Ол тауар бағасына қосылып тұрады. Мөлшері — 12 %.
  • Акциз — адам және қоршаған ортаға зиян келтіретін заттарға, мысалы, темекіге салынатын салық. Мөлшері тауар бағасының жартысына дейін жетуі мүмкін.  

Салықтан бөлек, азаматтар төлейтін басқа міндетті төлемдер бар. Бірақ олар мемлекет қазынасына емес, арнайы қорларға түседі:

  • зейнетақы жарнасы;
  • әлеуметтік жарна;
  • міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жарнасы.

Тұрғындардан салықты кешіктіру жағдайы анықталса, салық төлеушіге қарызы туралы хабарланады. Онда қарызды өз еркімен жабу қажеттілігі сөз етіледі. Егер салық төлеуші ​​салық төлеу жөніндегі міндеттемесінен жалтаруды жалғастыра берсе, іс сотқа жіберіледі. Сот орындаушылары қарыздың төленбеген сомасын мәжбүрлі түрде өндіріп алады. Сот орындаушыларының қолданатын шараларына келесілер жатады: салық төлеушілердің шоттарын қамауға алу, «сапар шегуге тыйым салынған» азамат мәртебесін беру, борышкердің мүлкін қамауға алу. Сонымен қатар, борышкерге сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеуге тура келеді. Бұл сома қарыздың 25% -на дейін жетеді.

Қылмыстық кодекстің 224-бабында көрсетілгендей, салық төлеуден қасақана жалтарудың салдары ауыр болмақ. Міндеттерінен ірі көлемде жалтарған жағдайда, үш мың АЕК-ге дейін айыппұл салынады. Сондай-ақ, бұл жаза бостандықты шектеумен немесе, тіпті үш жылға дейін бас бостандығынан айырумен ауыстырылуы мүмкін. Егер азамат мұндай құқық бұзушылыққа бірінші рет айыпталса, онда ол бүкіл қарызды және есептелген өсімақылар мен айыппұлдарды төлеу арқылы бас бостандығынан айырылу жазасынан құтыла алады. Сондықтан, салық төлемдерін уақытылы төлеу өте маңызды. Егер кешіктіру анықталса, сот орындаушыларымен байланысқа шығудан қашпаған абзал.

 

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика