2024-09-20

Жолайырық құрылысы үшін көше қозғалысы тоқтатыла бастайды

Шымкент – респбулика бойынша үшінші мегаполис атанып, «Мәдени астана» деңгейіне көтерілді. Қала тіршілігі қыза түсіп, жол қатынастарының да дамуын талап ете бастады. Осы орайда, 28 қыркүйек күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахановтың қатысуымен брефинг өткен болатын. Бұған дейін де жол қатынастарын ретке келтіріп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге байланысты атқарылған шаруалар аз емес. Ендігі мәселе ірі көшелердің қиылыстарына жолайырық салу.

Келешегі, 2025 жылға дейін Шымқалада барлығы 4 бірдей жолайырықтың салынуы көзделіп отыр. Жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мердігер компаниялар арасында екі жолайырыққа байқау жарияланған еді. Нәтижесінде «Bazis» және «BІ group» компонаиялары бұл жұмыстарды жүзеге асыратын болды. Бұған дейін қала бойынша жолайырық «Бекжан» және «Алаш» базарының ортасындағы көшелерде салынған болатын.

Келесі салынатын жолайырық Д.Қонаев және Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысында болмақ. Соған байланысты, қазан айының ішінде Д.Қонаев даңғылының бір бөлігі жабылады. Жоспар бойынша қаңтар-ақпан айларында түгелдей Т.Рысқұловпен қиылысар тұстың бәрінде қозғалыс тоқтатылады. Анықтап айтар болсақ, Д.Қонаевтың С.Жандосов қиылысынан («Рояль» спорт кешені) бастап, «Қуаныш» базарына дейінгі бойы және келесі жылдың маусым-шілде айларында Т.Рысқұлов көшесінің А.Байтұрсынов қиылысынан М.Дулати көшесіне дейінгі бөлігінде түгелдей көлік қозғалысы тоқтайды. 2021 жылдың желтоқсан айында бұл жолайырық іске қосылатын болады.

Бұл құрылыс жұмыстары біткенен кейін, 2022 жылы Бәйдібек би даңғылы және Арғынбеков көшелерінің қиылысында екінші жолайырық салынуы керек. Одан кейін мұндай құрылыс Сайрам көшесі мен Жібек жолы көшелерінің қиылысында болады. Алдағы уақытта көшелер жабылғаннан соң, көліктер қалай жүретіні жөнінде тағы да айтылатын болады.

Брефинг барысында жол кептелістерін жойып, қатынас мәселеріне байланысты Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Исаханов: «Бұған байланысты ақылды бағдаршам желілер орнатуға, жол сызбаларын реттеу, қоғамдық көліктерді кеңінен қолдануға жағдай жасау сынды жұмыстар атқарылады. Сонымен қатар, веложолақтар салып, велостанциялар орнату арқылы да жол мәселелерін айтарлықтай шешуге болады. Жыл соңына дейін 20 шақырым веложол қолданысқа енгізіледі. Соның ішінде ең күрделісі жолайырықтар салу. Бұл — тұрғыны миллионды, мегаполис қалаларға өте қажетті» деген болатын.

Сонымен қатар, брефинг барысында Д.Қонаев даңғылының Түркістан қиылысынан ары қарай жалғасуы да тілге тиек етілді. Бұл жұмыстар барысында сол аумақтағы тұрғын үйлер мен жер телімдері мемлекеттік сатып алуларға сәйкес жүзеге асады. Бұған дейін мемлекеттік сатып алулар кадастрлық құнымен жүзеге асып келген. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы халыққа жолдауына сәйкес, заң жобасына өзгерістер енгізілді. Ендігі уақытта мемлекеттік сатып алулар, халықтың наразылығын тудырмау үшін нарықтық бағада белгіленеді. Д.Қонаев көшесінің созылуында 500-ге жуық тұрғын үйлер мен жер телімдері осы заң жобасына сәйкес жүргізіліп келеді.

Қорыта келгенде, қала халқының тіршілігін оңтайлы етіп, жол қатынастарын тиімді шешіп, транспорттық мәселелерді оңынан шешу жолдары айқындалды.

Әзімбек ҚОЙЛЫБАЙ

Яндекс.Метрика