2024-09-20

«Сәуледегі» 276-орамға да жол төселеді

«Сәуле» шағынауданына қарасты 276-орамдағы жол мәселесі биыл шешіледі. 6 көшеге тас төселіп, жарық пен ауыз су рет-ретімен тартылады. Бұл туралы бүгін орамды аралап көрген қала әкімі М. Әйтенов айтты.

– Жыл басында халық алдындағы есепті жиында жол мәселесі ерекше айтылған еді. Біз уәдемізді орындаймыз, -деді қала басшысы.

Жалпы бұл орам — қала құрамына енген 41 елдімекеннің бірі.

– Бастапқыда орамда тіпті топырақ жол да болған жоқ. Электр желісін жұрт шама-шарқынша тартып алған еді. Ауыз суды тасып ішетінбіз. Қала аумағына еніп, ерніміз суға жарыды, — дейді орамның төбе биі Е.Шерметов.

Бүгінде орамға бағаналар тартылып, ауыз су мен жолдың құжаты әзірленген. Мұндағы ең өзекті мәселелер биыл шешілмек. Кезінде тас төселмей қалып кеткен көшелер де тіркеуге алынуда.

– Қаладағы жол жөндеу жұмыстарына биыл бюджеттен 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл – қомақты қаражат. Оны уақытында әрі мақсатты игеруіміз қажет, — деген қала әкімі жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктеп, Шымкент қаласының құрамына енген 41 елдімекеннің инфрақұрылым мәселесі қайта қаралатынын айтты.

Яндекс.Метрика