
«Шымкент палауы -2022» фестиваліне 41 аспаз қатысты. Халықаралық палау фестивалін қалалық қоғамдық келісім мекемесі мен «Дустлик» қауымдастығы » бірлесе ұйымдастырды.
Биылғы фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан Республикасынан және Алматы, Шымкент, Тараз қалалары мен Түркістан облысының аспаздары келген. Жалпы 41 аспаз палаудың 41 түрін дайындады. Олардың көпшілікке тарту еткен тағамдары құрамы мен дәмі, безендірілуі жағынан сан алуан. Мәселен, фестивальде «Бәйтерек», «Хорезм», «Әндіжан», «Ташкент», «Фестивальный» палаулары әзірленді.

Ғалымдар палаудың төркінін түріктің «пилау» сөзіне телиді. Яғни, күріштен жасалған тағам. «Шығыстың Гиппократы» атанған Ибн Сина бұл асты науқастарды емдеуге пайдаланған. Ұлы ғұлама палау дайындаудың арнайы тәсілін ұсынып, оны емдік тағамдардың тізіміне ендірген. Бүгінде бір ғана палаудың ондаған түрі белгілі және бұл асты әзірлейтін әр аспаздың өз құпиясы бар. Ең басты құпия – ер-азамат дайындаған палау дәмдірек болады екен.

Фестивальде үздіктердің үздігін әділ қазылар алқасы анықтады. Жалпы барлық қатысушылар арнайы сый-сияпаттар және Алғыс хаттармен марапатталды.
