Шымкент инфрақұрылымы дамыған қалалардың қатарында болу керек. Мегаполисте ауызсу, газ, электр жүйелері тартылмаған елді-мекен қалмауы тиіс. Тапсырма мемлекет басшысының шаһарға жасаған сапары аясында берілді.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде « Келесі жылы қала орталығынан шалғай орналасқан 2 елді-мекеннің су мәселесін толық шешуді тапсырамын. Қазір 8 елді-мекенде сапалы электр жүйесі жоқ. Алдағы жылы бұл мәселені толығымен шешу қажет. Сондай-ақ тағы 8 елді-мекенде газ мүлде жоқ. Үкімет пен әкімдікке бұл жерлерге газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын» , -деген болатын.
Тапсырманы орындауға кіріскен қала әкімі Мұрат Әйтенов Құрсай шағын ауданына тартылып жатқан инфрақұрылым жұмыстарының құрылыс барысын тексерді. Мердегерлермен кездесіп, сапаны талап етті. Одан бөлек, әр жұмыс өз уақытында кешіктірілмей аяқталуы тиіс екенін тілге тиек етті.
7 560-тан астам тұрғыны бар аумақты сапалы ауыз сумен қамту екі кезеңмен жүріп жатыр.
Біріншісі бойынша 185,5 шақырымға су құбыры тартылып, бітуге жақын. Нәтижесінде 4 900 абонент сапалы ауыз сумен қамтылады. Ал екінші кезеңде тартылатын су жүйесінің жалпы ұзындығы 151 шақырымды құрайды, құрылыс жұмыстарының 92% орындалды. Қараша айында 3 436 абонент, немесе жыл соңына дейін барлығы 41 680 тұрғын таза суға қол жеткізетін болады.
Ал электр жарығына келетін болсақ, құрсайлықтар 100% қамтылған. Дегенмен қуат көзінің сапасын арттыру мақсатында 110/35/10 кв электр желілерін тарату станциясының құрылысы жүргізілуде. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, тағы 600 үй сапалы электр жарығына қосылады.
Бұдан бөлек, 2021 жылы Құрсай шағын ауданын сапалы интернетпен қамту мақсатында мобильді операторлармен базалық станция орнату үшін тиісті келісімдер жасалынған болатын. Бүгінге дейін, Құрсай шағын ауданына «Кар-Тел» компаниясы тарапынан коммерциялық нысан иелерімен келісу арқылы Жылысай көше маңына базалық станция орнатылды. Сонымен қатар жеке инвестормен келісім жасасып, №49 мектептің маңына антенна-матчталық құрылғы орнатылды. Бүгінде аталған құрылғыға мобильді байланыс операторларының базалық станциясын қондыру ғана қалды. Тиісті жұмыстар 1 ай көлемінде атқарылса, шағын аудан сапалы интернетпен қамтылады.
Одан бөлек шағын ауданды жеке инвестор қаражаты есебінен талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары да жоспарға енгізілген. Қазіргі таңда, инвестор тарапынан шағын ауданды сапалы интернетпен қамтуға қажетті құрал жабдықтар алынған.
Құрсай елді-мекені еңсесін тіктеп келеді. Тар мектеп балабақшаға айналды, жаңа білім ордасы салынып, оқушылар қатынайтын жол тегістелген. Қоғамдық көліктерде көптеп жүреді. Құрсайлықтар қала әкімінің кездесуінде ескі автобустарды алмастыруды да сұраған болатын, айтылған өтініш орындалды да. Қазір қалаға қатынас жақсарған.
Leave a Reply