2024-07-27

ҚАЙДА САЯХАТТАҒЫҢЫЗ КЕЛЕДІ?

Статистикалық мәліметтер бойынша жазғы демалысын шетелде өткізген туристердің 37 пайызы жасаған саяхаттарына көңілдері толмайтын болып шықты. Олардың бірі – демалыс орындары өздері ойлағандай болмай шыққанын айтса, енді біреулері бастапқы қалаған жеріне баруға қолдары жете алмай қалғандықтарын айтады. Дегенмен, жаз бұнымен тоқтап қалған жоқ. Міне, тағы бір жаздың  аяғындамыз. Әлі де кеш емес, жер бетінде жұмақ тәрізді керемет табиғат көріністері толып жатыр, біз төменде таныстырып өтетін саяхат орындарының сізге ұнамауы мүмкін емес. Біз оған кепілдік береміз.

Жасыл кілем өрнектеген,
Туған жерге жер жетпеген…

Қазір алыс шетелдерге саяхатқа шығу аса қымбат емес, қалтасы көтергендер барып-келіп жатыр. Әр жыл сайын қазақстандық туристер жер шарының бұрын көрмеген жаңа тұстарына саяхаттауды кеңейтіп келеді. Дегенмен, ішкі туризм саласы да кенже қалып жатқан жоқ, біртіндеп күш жинап айналымға шыға бастаған. Әсері тамаша, бағасы да ыңғайлы демалыс орындары өзімізден де табылады.
* Жер жәннаты — Жетісу. Алматы облысының әсем жерлерін аралап шығуға толық 2-3 күн кідірсеңіз жеткілікті. Бұтақ сарқырамасы, Сақ қорғаны, атақты Көлсай көлі, Бесшатыр қорғаны, Ыссық көлі, Тамғалы-Тас, Шарын құламасы… осылай тізбектеліп кете береді.
Бюджеті: Шарын, Тамғалы-Тас, Түрген сарқырамасында біркүндік саяхаттың  бағасы 1800-2000 теңге. Осы бағаның ішінде автобус, гидтің қызметі, экскурсиялық бағдарлама толық кіреді. Ал, Көлсайға үшкүндік сапар 6000-7000 теңгені құрайды.
*Ұлы Жібек Жолы ізімен. Түркістан ежелгі қазақ хандығының астанасы және түркі тілдес халықтардың рухани орталығы. Кеңес Одағы тұсынан және  қазір де Түркістан туризмі жыл өткен сайын дамып, туристерді өзіне магнитше тартып келеді. Түркістанға сапарлаған, оның маңындағы киелі де әулиелі жерлерді аралаған жан жан-дүниесі тұтас тазарып, рухани жаңарып, өмірдегі сәтсіздіктерінен арылып жолы ашылып қайтады деп есептеледі.
Тарихты жанындай көретіндер ойланбай Түркістанға тартса болады. Ескі архитектуралық кесенелер (Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі неге тұрады?!), тарихи музейлер, көне шежірелі мешіттер – бұлардың бәрі Ұлы Жібек жолының сайрап жатқан іздері.Жергілікті турфирмалар сауда керуендері жүріп өткен көне қалалар Тараз, Отырар, Жаркентті және басқа тарихи қалаларды аралауға мүмкіндік береді.
Бюджеті: Түркістан мен Жаркент аралығындағы екі күндік тур 6000-8500 теңге тұрады.
* Байқоңыр ғарыш айлағы. Отандық турфирмалар жақыннан бері Байқоңырға 1-2-3 күндік сапарлар ұйымдастыра бастады. Бұған дейін танымал шетелдіктерге қымбат бағада саяхаттар жасауға мүмкіндік бар еді. Енді қазақстандықтардың өздері де ғарыш айлағында болып, өз көздерімен әуе кемесінің қалай ұшқанын тамашалай алатын болады.
Бюджеті: Байқоңырға екі күндік сапар шамамен 240 мың теңге. Бағдарламаға трансфер, Байқоңыр қаласына экскурсия, ғарыш айлағының тарихи музейін көру, ғарыш айлағында болу және ракетаның ұшқанына куә болу кіреді.

Ескі достарды ұмытпаңыз

Сонымен екі-үш күндік отандық саяхаттардан аз-маз мәліметтер алдық. Ал, екі апталық сапарларға қалай қарайсыз? Мәселен, жақын шетелдерге… Жақын елдерде де қызықты, тартымды орындар аз емес, көрші достас республикаларға қыдыру аса қиындық тудырмайды. Себебі, оларға жол оңай ашылады, арнайы виза ашып әлекке түспейсіз, төлқұжатыңыз немесе жеке куәлігіңіз болса жетіп жатыр. Екіншіден, тіл алмасу мәселесі де соншалықты күрделі емес.
*Ресей қалалары: Углич, Мышкин және Гжель. Қазір саяхатшылардың дені осы аты аталған қалаларға сапар шегуге құмар. Өйткені, бұл ескі қалалардың қай-қайсысы да әсерге толы. Бір ерекшелігі мұнда әр қадам сайын әрқандай тақырыптағы музейлерді жолықтырасыз. Қызығы сол – музейлер жаңадан ашылған. Және әрқайсысы Ресейдегі жалғыз музей болып саналады. Мысалы, угличтік бір музей таза емес қара күштен қорғап тұратын орыс халқының ежелгі аңыздарын бейнелейді. Бір музейі тұтас ішімдік өнімдерінің үлгілерінен құралған. Мышкин қаласында кілең қысқы байпақтардың түр-түрін көрсететін музей бар. Гжель болса орыс фарфорының отаны. Мұнда зауыттың өзіне барып, онда фарфор өнімдері қалай шығып жатқанын тамашалауға болады және саяхатшы өз қолымен шеберлік жасап, өрнек салып көруіне әбден болады. Сонымен бірге дүкендерде самсаған гжель керамикалық ыдыстары кімге болсын таптырмас сыйлық.
Бюджеті адам басына әр күнге 5000 теңге шамасында.

*Байкал. Бұл өзенді әр адам ең болмағанда өмірінде бір рет көруі керек. Мамыр айында мұнда маса болмайды, кей жерлерінде тіпті қар ерімей жатады, осы кезден бастап мотор қайықпен суда әрлі-берлі серуендеуге болады, сосын Байкал жағалауына барасыз. Жергілікті балықшылармен келісіп, балық аулауыңызға мүмкіндік бар. Күндіз рахаттана булы монша қабылдап, ал кешке туристер жиналып шаман биін билейтін кешке қатыса аласыз. Айтпақшы, ескерту – бұл жерге жол жүрер алдын кенеге қарсы дәрі егіп келіңіз. Жаз бойы осында кенелер кезіп жүреді.
Бюджеті адам басына әр күнге 5000 теңге шамасында.

*Тәшкен, Хиуа, Бұхара, Самарқан, Шахристан, Қоқан — өзбек шаһарлары бір-біріне ұқсамайды және халқы туған тарихын ұқыпты сақтағаны соншалықты, ондағы ескі қалаларды аралап жүріп, қай ғасырда өмір сүріп жатқаныңызды ұмытып қаласыз. Жергілікті қолөнер шеберлері туралы бөлек әңгіме етсе жарасады. Қолдан тоқылған кілем, өрнекті алаша көздің жауын алып тұр. Қол кілемдерін бір ұстап көзбен көрсеңіз, енді мұнан былай жасандыларын айыра алатын боласыз. Сувенир сыйлықтардың неше атасы осында.
Бюджеті адам басына бір күндік сапары 5000 мың теңгеден басталады.

*Ыстықкөл – қазақстандықтар үшін ең танымал орын. Әрі арзан, әрі жақын. Қырғыз демалыс орны өзінің кәусардай таза суымен, сұлу табиғатымен, тиімді бағасымен сан мыңдаған туристердің жүрегін жаулап алған. Жыл сайын мұнда миллиондаған адам келіп демалады. Соның 70 пайызы Қазақстаннан келетін саяхатшылар. Туристердің игілігі үшін жүздеген шипажайлар, демалыс үйлері мен пансионаттар, әр жыл сайын жаңадан салынып жатқан жеке қонақүйлер, кемпингтер, мейрамхана мен коттедждер қызмет көрсетеді. Демалушылар судың жағасында күн-түн демей құмда ұйықтай береді, катамаранда жүзеді. Кейбір саяхатшылар денсаулығын түзеу үшін ыстық қайнар бұлақтардың басына барып қонады, сондағы шипалы суға шомылып емделеді. (Көрші елдегі бүгінгі жағдай ескеріліп отырған жоқ, бұл туралы жергілікті  туристік фирмалардың пікірін газетіміздің келесі санында ұсынамыз).
Бюджеті 4 800 теңге + автобустың жол жүру құны бар.

Шетелде баға қандай?

Әлемдегі ең танымал демалыс орындары: Египет пирамидалары, Ұлы Қытай қорғаны, Перудағы Мачу-Пикчу қамалы, Камбоджадағы Ангкор-Ват храмы, Австралиядағы Үлкен Барьер рифі, АҚШ-тағы Нью-Йорк Үлкен каньоны, Мексикадағы ежелгі Чичен-Ица қаласы, Үндістандағы Таж-Махал.
Дегенмен, қанша жерден неше жұлдызды отельдер болса да, сапасы сіз ойлағандай болмай шығуы мүмкін. Шөл қысса, тек бөтелкедегі және қалбырдағы суларды пайдаланыңыз. Себебі, ол жақтың суларын біздің асқазанымыз қабылдай бермейді. Дүкен мен базарлардағы бағаларға абай болыңыз, арасы жер мен көктей болып ұтылып қалмаңыз!
Бюджеті: Парижге бір апталық сапар құны (үшжұлдызды қонақүйдегі екі адамдық орынға) 240 мың теңгеден басталады, Прага мен Варнаға 144-156 теңгеден жоғары. Тунис пен Барселонаға (Испания) 180 мың теңге, Критке (Италия), Афынаға (Греция) 240 мың теңге, Антальяға (Түркия) 96 мың теңгеден жоғары.

Нені ескерген жөн?

Турфирмалардың қызметіне жүгінерде ең алдымен қолыңызда жолдамаңыз бен ұшақ билетінен басқа екіжақты келісім-шартыңыз болуы керек. Яғни, сіз жеке тұлға ретінде турфирмамен келісім-шартқа отырасыз. Онда сапар туралы бастан-аяқ мәлімет беріледі: компания туралы анықтама, саяхаттау бағдарламасы мен бағыт-бағдары, қауіпсіздік қызметі, сақтандыру, қонақүйдің класы, тамақтану режимі мен формасы, іс-сапар мерзімі. Көптеген турфирмалар туристердің қолына осы қағазды толықтай ұстата бермейді, не болмаса отельдердің категориясы келісім-шартта көрсетілгеннен төмен болып шығады.
Егер қызмет сапасының төмен екенін байқасаңыз, қонақүйдің нөмеріне төлеген есеп-шоттың көшірмесін, сол қонақүйдің класы туралы көрсеткен визитканы, мейрамханадағы ас мәзірінің көшірмесін алыңыз және фотосуретке түсіріп алсаңыз да артық емес. Біріншіден, сіз келісім-шартқа отырған фирмаға сын-шағымыңызды айта аласыз, екіншіден сынды жазбаша жазып шығыңыз, сосын екі дана етіп көбейтіңіз. Қалайда сын жазғаныңызды дәлелдеу үшін көшірмесі өз қолыңызда болуы керек. Егер арыз-шағымыңыз жауапсыз қалса, жергілікті сотқа арыздануға құқылысыз. Тұтынушының жолдама құнын немесе бір бөлігін қайтарып алуға қақысы бар.

Құралай Ахметова{jcomments on}

Яндекс.Метрика