2024-07-27

Марина Вольнова: Қалың қазақтың ортасында жүріп, қазақша сөйлемеуің қалай…

tories/01/0707.jpg» width=»253″ height=»262″ />      Жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына биыл алғаш рет әйелдер боксы енді. Бұрымдылар арасында өткен додада Қазақстан намысын бокстан еліміздің 4 дүркін чемпионы, 2010 жылғы Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Марина Вольнова қорғады. Шаршы алаңда кениялық Элизабет Андиегоны 20:11, ал британдық Саванна Маршалды 16:14 есебімен жеңген Марина жартылай финалда американдық Кларисса Шилдске жол берген болатын. Нәтижесінде Олимпиаданың қола жүлдесін иеленді. Таяуда Маринаға жолығып, тілдесудің сәті түсті.

– Марина, не себепті боксты таңдадың?

– Бокстан бұрын мен бір жылдай дзюдо секциясына қатысқанмын. Алайда дзюдодан ауыр жарақат алып, әрі қарай жалғастыруға мүмкіндігім болмады. Содан бокспен айналысып көрсем қалай болады екен деген ойға келдім. Шыны керек, басында түбегейлі боксты серік етемін деп ойлағаным жоқ. Себебі жекпе-жекке жай қызығушылықпен, өз-өзімді қорғау үшін барғанмын. Алайда бокс үйірмесіне қалмай барып жүріп, жаттықтырушымның сеніміне кірдім. «Талабың бар», деп мені түрлі жарыстарға қатыстыра бастады. Жарыстардан құр қайтпай, жүлделі оралатын болдым. Осылай боксқа деген шын қызығушылығым оянды.

– Ал сенің бұл таңдауыңа отбасың қалай қарады?

– Дзюдоға қатысып жүргенімде ешкім де қарсылық білдірмеген еді. Бірақ бокспен айналысуыма анам үзілді-кесілді қарсы шықты. Отбасымызда менен өзге екі ағам бар. Әкем мен бауырларым мені қуана құптады. Қолдаушылар жағы көбейіп, басым дауысқа ие болғандықтан, анамның қарсылығына қарамадым. Бокспен достасуым осылай ыңғайсыз басталды. Дегенмен кейіннен жарыстардан олжалы орала бастағанымда анам мен үшін бокстың жай ермек емес екенін түсінді. Түсінді де ақ батасын берді. Қазір анам менің ең жақын жанкүйерім.

– Жанкүйеріңнің сенімін ақтап, төрт жылда бір келетін дүбірлі доданың жүлдесін қанжығалап қайттың. Жалпы Олимпиададан алған әсерің қандай?

– Олимпиададан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жүлделі орынға іліккенімде ең алдымен маған сенім артқан жанкүйерлерімді жерге қаратпағаныма қуандым. Лондонға аттанар алдында Олимпиадаға қатысатын спортшыларды Елбасы арнайы қабылдаған еді. Кездесуде Елбасыға «Жүлдесіз қайтпаймын» деп уәде берген болатынмын. Сол уәдемде тұрдым. Ал жекпе-жек туралы айта кетсем, қолаға қол жеткізудің өзі оңай болмады. Қарсыластарымның барлығы да мықты. Жартылай финалдағы АҚШ боксшысы өте жылдам екен. Менің берген соққыларымды екі еселеп қайтарды. Тәжірибеме сеніп едім, алайда американдық боксшы жас та болса шалт екенін көрсетті.

– Бокс сенің жеке өміріңе кедергі келтірмей ме?

– Көбісі жекпе-жекпен айналысатын спортшыларды тым қатал деп ойлайды. Әсіресе, боксшы қыздарды ер азаматтармен теңестіріп жатады. Бұл қате түсінік. Әйел заты болғандықтан біз де әдемілікке құштармыз, жанымыз нәзік. Сол себепті шаршы алаңдағы Марина мен қарапайым өмірдегі Маринаның арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Рас, рингтің сені сиқырлап алатын сыры бар. Шаршы алаңда ерекше күш алып, өжеттеніп кетесің. Бірақ былайғы өмірде өзге қыздардан еш ерекшеленбеймін.

– Қазақшаны жақсы меңгеріпсің. Отбасыңда барлығы да қазақша сөйлей ме?

– Қазақ тілін бала күнімнен білемін. Қызылорда облысының Қазалы ауданында өстім. Қалың қазақтың ортасында жүріп қазақша сөйлемеуің мүмкін емес. Тек үйде ғана орысша тілдесетініміз болмаса, көбіне тек қазақша сөйлесемін. Ал отбасымызда анамнан басқасы – әкем мен екі ағам да қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді. Анам ғана қазақша түсінгенімен, жөнді сөйлей алмайды. Қазір мемлекеттік тіл мәселесі елімізде өзекті. Ақиқатын айтқанда, Қазақстанның әрбір азаматы сол мемлекеттің тілін білуге міндетті. Сондықтан қазақ тілінде сөйлей алатын өзге ұлт өкілдеріне таңғалып қараудың қажеті жоқ. Тағы бір ескертерім, қазақ тілін кітап арқылы үйренемін деу бекершілік. Ол үшін қазақы орта керек. Бір-бірімен тек қазақ тілінде сөйлесіп, араласқанда ғана тілді тез меңгереді.

– Бос уақытыңды қалай өткізесің?

– Жұмыс кестем өте тығыз. Сондықтан бос уақытым бола бермейді. Уақытымның көп бөлігі жаттығу залында өтеді. Күніне екі мезгіл – таңертең және кешке қарай міндетті түрде жаттығамын. Ал қолым қалт етсе, кітап оқимын. Әсіресе, детектив жанрындағы романдарды ұнатамын. Мәселен, Юлия Шилова, Марина Крамер деген жазушылардың шығармаларын сүйіп оқимын. Сондай-ақ қазақтың философиялық мағынасы терең мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерін оқуға да уақыт табамын.

– Болашақта шәкірт тәрбиелегің келе ме?

– Шәкірт тәрбиелейтін ойым жоқ. Өзім полицияда қызмет етемін. Сондықтан шәкірт тәрбиесімен айналысатын басы артық уақытым болады деп айта алмаймын. Мен өз өмірімді спортқа арнағанмын. Ал мықты спортшылардың барлығы да білікті бапкер бола алмайды. Негізі бапкерлер түздің адамы. Шәкірттерін жарыстарға алып барады, үнемі жол үстінде жүреді. Сол себепті бапкер болу қыз балаға қол емес. Алдағы уақытта тұрмысқа шығып, бала тәрбиесімен айналысқым келеді. Өмірімді сеніп тапсыратын адамды жолықтырдым. Ол мені барлық жағдайда қолдайды.

– Басқа қандай жоспарларың бар?

– Жаттықтырушыммен төрт жылға жоспар жасап қойғанбыз. Басты жоспарым – Бразилиядағы Олимпиадада үздік нәтижеге қол жеткізу. Осы арманымды жүзеге асыруға қазірден бастап кірістім. Өзіңізге белгілі биылғы Олимпиаданың лицензиясына додаға небары бір ай уақыт қалғанда қолым жетті. Оған дейін Лондонға бару-бармауым белгісіз болып келді. Ал Рио-Де-Жанейрода өтетін додаға қатысатыным анық. Сондықтан жаттығуға да сенімді дайындалып жатырмын.

– Әңгімеңе рахмет, тек сәттілік тілеймін!

Әңгімелескен Ләзиза Досова

«Қызмет» ақпарат

{jcomments on}

Яндекс.Метрика