2022-08-18

КЕРБЕЗ КӨКШЕ

       Халық Кtories/01/imagescac6dgh9.jpg» />өкшетау деп атап кеткен, Сарыарқаның солтүстік бөлігіндегі көгілдір таулы өлке батысынан шығысына қарай төрт жүз-бес жүз шақырымға созылып жатыр. Ені де аз емес- оңтүстіктен солтүстікке қарай екі жүз шақырымға жетеді. Көкшенің көгілдір таулары асу бермес асқарлар емес, сайын дала, жалпақ жазира төсінде киіктің лағындай еркелеп, құралайдай құлпыра қызықтырып, келсеңші қалқам деп еркелей қол бұлғап, жібек орамалы өзіне ынтықтырып тұрған ару таулар. Болмыс-бітіміңді баурап алатын осынау таулардың ең биігі- Көкше қырқасынан сырлы әлемге көз салу үшін 947 метр биіктікке көтеріліп шығасың. Сосын Көкшетауға, ғажап өлкеге көзің жеткенше қызыға қарайсың.

   Аспанның көз жасынан жаралған сексен көлі бар Көкшетаудың бүгін мерейі үстем. Тек қана көкшетаулық емес, күллі Алаш жұрты бөркін аспанға атып қуанып жатыр. Сонау орыс патшасының жарлығынан бері Шучье деп аталып келген өлкеге қазаққа киелі Бурабай атауы ресми түрде қайтарылды.   Елбасының пәрменімен Щучье ауданы Бурабай ауданы болып өзгертілді. Бұл қазақтың жеңісі, бұл қастерлі тәуелсіздігіміздің жемісі. Бурабайдың ауасында қалықтап жүрген Абылай мен Кенесары хандардың, азаттық жолында қасық қаны қалғанша шайқасқан мыңдаған батырлардың, қара қылды қақ жарған Қанай бидің, Біржан мен Ақандай сал-серілердің, Сәкендей қайраткер-ақындардың аруақтары да бүгін шат-шадыман. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды дегеніміз, міне осы!

   Шонжар балықтың атымен аталып келген бұл киелі аймаққа Бурабай атауы қайтарылған күннен бастап, бұл өлкеге жаңа тыныс дарып, келешекте өркендеу мен гүлденудің жаңа белестері басталғаны ақиқат. Себебі, символ деген жұмбақ дүниенің көп шаруаға әсері болады. Бурабай беріде қазақтың қалмақпен соғысы кезіндегі хан шатыры орналасқан, далалық елорда болғандығы былай тұрсын, жер планетасы жаралғаннан бергі оның жұмбақ тарихы көңіл аударарлық.

Иә, Көкшетау- тұнып тұрған сыр, сөйлеп тұрған сурет. Бірінен-бірі асқан көгілдір таулар өз аясына мөлдіреген сексен көлді ұялатып, текше-текше тастарды қиялатып, ұлы Табиғат өз өнерін айдай әлемге сиқырлы бояумен паш еткендей.

   Көкшетау қаласынан шығып, күншығысқа қарай жетпіс-сексен шақырымдай жол жүргеннен кейін жұмақтың есігін ашқандай, ынтызар көңіліңіз жаңа ғана сол қапталдан айнадай жарқырап, шалқып жатқан Шабақ көлдей толқып кетеді. Көңіліңді құйқылжытатын, тіліңді сайрататын, сергек көңілге себездеп түрлі ой тастататын Көкше бұл. Саусақ ұшы тиер-тиместе-ақ күмбірлеп қоя беретін үкілі домбырадай сұлулық сырына, халқыңның жырына қандыратын да сенсің. Тұла бойың тұнған тарих.

                                                      Ақылбай асуы

   Бурабайға барсаtories/imagesca03tzjg.jpg» />ң, алдымен асыға басып, Ақылбай асуына көтерілесің. Екі қапталдан да қолдың саласындай сыңсып қарағайлы көгілжім орман алыстан аю жүнденіп ұйып тұрады. Табанын көкпеңбек көлдің мөлдір суы жуған көгілдір таулар сұлай созылып, жон арқасын күн сәулесіне тосып, рахаттана қыздырынып жатыр. Ара-арасынан жұп-жұмыр шың тастар құзартады. Оған ғашық болған ару қарағайлар сылаңдап жан-жағынан еркелей сыңғырлап, құзарт шыңның омырауын аймалап, маңдайынан иіскеуге ұмтылғандай.

Енді бірде күмістері күнмен шағылысқан тақияларында үкілері үлпілдеп өңкей бір сұлу қыздар сахнаға жан-жақтан қаптап шыға келгендей әдемі әсерге бөленесің. Төбеңнен төне қарап тұрған сесті құздарды ұмытып, қыз мойнындағы моншақтай тізіліп тұрған тауларға қарай бересің, көзіңді қадай бересің.

«Оқжетпес» пен «Щучье» шипажайларының аралығындағы «Ақылбай асуы»- көпті көрген көне жолдардың бірі. Бетпақдала, Сарыарқаны кесіп өтетін керуеншілер де осы асуға келгендерінде Ақылбай батыр асырып салған керуеншілер адаспайтын, ұры-қарының тонауына ұшырамайтын болыпты. Қасиетті осы асу арғы-бергі тарихтан жібек жіптей жіңішкелете ой тартқызып, еріксіз бөгелтеді. Алдағы әсем көрініске қарап тұрып:

   О, Көкше, көзді еріксіз тоқтатасың,

Ақша бұлтқа қадалған шоқпар тасың.

Ақылбайдың аса алмай асуынан,

Еңісте шөгіп жатыр Ақ Боташым,   деген жыр жолдары еріксіз еске түседі. Ақын Ақ Боташым деп көрініп тұрған Ақбура тауын айтқан.Аты аңызға айналған Ақбура сол. Қос өркешіне дейін көрініп тұр. Тау ма, жоқ әлде шынымен қос өркешті бура ма деп тағы да таңдана қарайсың.

Қос сағыммен мұнарланып көрінер қос өркешті дір-дір еткен сол таудың бір құзарынан құлаған Бура бұлақ әлі ағып жатыр. Ақ бураның көз жасынан пайда болған қаралы бұлақ кейде күмп беріп жер астына түсіп кетеді. Ал оған құлағыңды тоссаң, азалы үн естілгендей денең тітіркенеді. Әйтсе де азалы үнге жаның егіліп, жер асты ағысының бойымен ақырын ілби бересің. Кенет бүгінгі жер үстінде бақыт барын сезгендей, соны бірге қызықтағысы келгендей ақбұлақ жарқ етіп жарық әлемге қайта шыға келеді. Бірақ бұлақ кінәмшіл-ақ. Тұтқиылдан әлдене тағы да тап берердей кенет ғайып болып кетеді. Әйтеуір, құрымағанын күмбірлеген үнінен ғана сезесің. Құдды бір тығылмақ ойнап жүрген ерке бала сияқты. Еңіске қарай ерке қылықпен бұралаңдап жүгіреді. Айнакөл анасымен табысқанша асығады.

   Асу үстінен салынған аялдамадан түсіп жоғары қырқаға қарай өрлей түссең, алдыңда ескі тас қамалдың жалғыз қабырғасы тұрады. Кілең көк ала, қызыл ала, сары ала сандық тастар мен кебеже тастардан өрілген қамал*қабырға. Ең кіші деген тастың өзін он-он бес жігіт жұмыла жабылып көтере қоюы екіталай. Ғажабы сол, әр тасын құдіретті қас шебер төрт бұрыштан тегістеп қашаған да, аса бір ыждаһатты шеберлікпен жымын тауып жымдастырып, қиюластыра қалаған тәрізді. Және бір ғажабы, жерімізге жау көп шүйілген сонау жаугершілікті заманның жойқын шабуылдарынан қалған ойран-асырдың бір белгісіндей болып талай текше тастар мен алып кесектер қамал қабырғасынан төмен домалап, бей-берекет шашылып жатыр.

                                                 Жекебатыр тауы

Осынау тас қамалдың өн бойын өрлеп жүрсең, неше түрлі әсер аласың. Көкше адамдарының сан ұрпағымен бірге жасасып келе жатқан осынау тасқамал «Ұлутас» деп аталады. Әне, қамалға анталап келген қалың жауды жусатып салып, енді маңдай

терін сүртіп, әй, бір мызғып алайыншы дегендей шалқалап Жекебатыр жатыр. Сақтық ойлап, дулығасы мен болат сауытын да шешпепті. Тау бейнелі ұйқыдағы алып батырға сүйсіне қарайсың. Әуеде қалықтаған әлдебір құйтақандай құс үні тағы бір ескі аңызды еске салады.

   Кедей ауылда асқан күшті, әрі арманшыл бір батыр тұрыпты. Жас кезінде уайым-қайғы дегенді елемей, өзінше думандатып өмір сүреді. Ер жеткенде жоқшылық пен халық мұңын көріп, қабағын кірбің шалады. Туған жеріне шығыс пен оңтүстіктен жоңғарлар шапқыншылық жасап, батыстан Еділ қалмақтары шабуылдап тыным бермейді. Сүттей ұйыған ауылдардың шаңын аспанға шығарып, астаң-кестең қиратып, жау қолы төрт түлік мал табындары мен қорғансыз адамдарды айдап әкетеді. Ал ел іші бір-бірімен қалыңдық пен жайылымдыққа таласып, күнде қырқысып, ауызбірлікке келе алмайды.Жас батыр бәріне қолын бір сілтеп, ауылдан кетуді ойлайды. Еркін жүріп, бақ пен байлық іздегісі келеді. Өзіне қылыш пен дулыға, үстіне сауыс соғып киіп, бақыт іздеп жолға шығады.

Жол үстінде оған басқа жұрттың батырлары жолығады. Олар да бақыт жолына жалғыз шыққандар екен. Жас батыр оларды күш біріктіріп, қол болуға шақырады. Бірақ оны өзгелер тыңдамайды. Әркім өз жолымен жеке дара жүре береді.

Жаумен бірінші болып жас батыр кездесіп, жалғыз өзі қарсы шабады. Қаптаған қалың қол оның алдын бөгеп, қоршауға алады. Ол қанша күшті болса да , қисапсыз жауды құртып бітіре алмайды. Дұшпан қара масадай құжынап, шегірткедей үймелеп, батырдың үстіне шығып кетеді. Оның көзі көрмей, құлағы естімей қалады. Сонда ғана ол бақыт үшін жалғыз күресудің қате екенін түсініп, аһ ұрып өкінеді. Алып тұлғалы батыр әл-дәрмені құрып, туған даласына шалқасынан құлап түсіп, тасқа айналады, мәңгілік ұйқыға беріледі. Жекебатыр тауы осылай пайда болған деседі.

Батырдың қырыққа таяу келген жасы,

Денесі биік жота, таудай басы.

Сақалы төсін жапқан, қыр мұрынды,

Киюлі баста жатыр дулығасы,-деп ақын Сәкен Сейфуллин сөзбен суретін салған. Жұрт оны алыстан қызықтап тұрып, басындағы дулығасынан бастап: анау-ай маңдайы, мынау- қалың қабағы, қыр мұрны, әне, ерні мен сақалы-деп батыр бейнесіндегі тау мүшелерін санап тұрар еді әдетте.

                     Жаратылысы ерек, айтылар аңызы бөлек тас мүсіндер

   Бурабай баурайына қойындасып кіргеннен-ақ екі ұдай сезім бойыңды билеп алады. Біріншіден, бәрін тәптіштеп көргің келіп, аялдай бересің. Ал алға қарасаң, есің кетіп ентелей жөнелгің келеді. Көз жеткен жеріңнің бәрі жұмақ, бәрі жұмбақ. Сонау көкжиекте көгілдір таулардың биік шоқтығы қол бұлғаған сайын ынтыға түсесің.

Алдыңнан жарқ етіп Ақ Алаң шыға келеді. Табиғаттың тамаша тартуының бірі деп осы алаңды айт. Оның ғажабы-айрықша микроклиматында.

Метеорологиялық зерттеулер нәтижесіне қарағанда бұл жердің микроклиматы жұмсағырақ, жылырақ екен. Ал желдің жылдамдығы мен ауаның ылғалдылығы біршама төмен. Бұл-оны жартастар, қарағайлы қалың орман айнала қоршап тұрғандықтан болса керек. Ақ алаңға күн сәулесі де мол құйылады. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, мұнда жарты сағаттай тыныққан адамның организмінде ғажайып жасару әсері сезіледі екен.

Ақ алаңға келген адам айналадағы көрініске бей-жай қарай алмайды. Алтын күннің сәулесіне шомылған аумақты алаңның келбеті- қайталанбас суреттердің бірі. Бұйра толқындары жағаны соғып, Бурабай көлі жатыр қол созым жерде. Күміс көлден Ақ алаңды, алаңнан көлді қызғанғандай болып, екеуінің арасын бөліп, әдемі қарағайлар қатар түзей сыбырласып қалған. Оның солтүстік және терістік батысын көмкерген Көкше тәкаппарлана көк аспанға иығын артып тұр. Бұл көрініс-бұлттардың өркешінде кеме жүзіп бара жатқандай әсер етеді.

Енді бірде «Шайтан ұршық» деп аталатын тасқа көзіңіз түседі. Аңыз ба, әлде ертегі ме, әйтеуір, бір уақытта мұнда хан сарайы болыпты. Мол дүниенің буына мастанған хан қарауындағы халық туралы мүлдем ұмытып, күні-түні сауық-сайран, қызық-думан құрыпты. Жаратқан ие ханның азып-тозған халқын көріп, салтанатты сарайын тас-талқан қылады да, сен малғұнға керегі осы деп , ақымақ ханның өзін тас шайтанға айналдыра салыпты. Бажайлап қараған адам шайтанға ұқсас тас бейнені анық көреді, түн болса-ақ ақымақ ханның бұрынғы қыз-қырқындары шайтан болып, сандарын шапалақтап, сан-сапалақ болып шыға келеді екен де, «Шайтан тасты» мазақ қылып,жанында ұршықша айналып жүреді екен.

                                               Оқжетпес тауы

   Жаратылысы да ерек, айтылар аңызы да бөлек осынау тас мүсіндерге сүйсіне қарап келе жатқаныңда, алдыңнан оқшырайып тағы бір шың тұрады. Ақ алаңнан терістік шығысқа таман, үш жүз метрдей сәл астам қашықтықта көз қызықтырып аспанның көк шайы шымылдығына сүңгіп бара жатқан тіп-тік сұңғыла таудан көз айыра алмай, мелшиіп қатып қаласың.

…Көк торғын Көкшетауды мұнар басқан,

   Бастары көкке бойлап, бұлттан асқан.

   Бір шың бар етегінде тіп-тік найза

   Адамзат жасағандай құйған тастан.

Тіп-тік шың көкке қарай кеткен бойлап,

Тұрғандай таусылмайтын бір ой ойлап

Жалғыз-ақ шың басында ноқаттай боп,

Құйқылжып қалықтайды бүркіт ойнап…

Бұл-ақын Сәкен Сейфуллин сырлы сезіммен суреттеген Оқжетпес.

Оқжетпес шыңы туралы қазақ халқының тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Уәлиханов он бестен астам әңгімелер жинаған.

Ал енді әйгілі Оқжетпеспен бірге туысқандай болып бірінен-бірі сәл қалқыңқы бой түзеп тұрған үш шынарға еріксіз көзіңіз түседі. Оны жергілікті халық «Үш діңгек» деп атап кеткен. «Апалы-сіңлілі үш ару» деген есімі де аракідік айтылып жүр. Осы орайдағы бір аңыз мынадай бір сыр суыртпақтайды.

Ертеде Қарауыл ауылдарының бірінде елдің көркі, бірақ дұшпандардың көз құрты болып апалы-сіңлілі үш қыз өмір сүріпті. Үшеуі де бірінен бірі өткен хас сұлулардың өзі болады. Орталарындағы жалғыз бауырлары Оқжетпес беті қайтпас батыр болып өседі. Үш апасын қызғыштай қорғап, қамқоршы бола біледі.

Әбден өшіккен жау қапылыста баса-көктеп, елді шауып, үш ару мен бауыры Оқжетпесті анталап қоршауға алады. Төртеуі шегіне атысып, кейін жылжи береді. Бір кезде ту сырттарына қараса, сыңсып тұрған орман, бау-бақша, мөлдір көл, көгілдір тауларды көреді. Құс жыртылып айрылады. «Туған жердің мұндай балауса бағын арам ниет дұшпандардың қара табанына қалай таптатамыз, қасиетті топырағымызды қалай ойрандатамыз, өзімізді қалай қорлатамыз?»-деп қайраттанған Оқжетпес пен оның ару қарындасы қатарласып, жауға қасқая қарсы тұра қалады да, шапса алмас қылышы майрылатын, сүңгітсе қара найзасы қайырылатын, атса оғы асып түсе алмайтын қамал тасты тіп қаптал құзар шыңдарға айналып кетеді.

Жұмбақтас туралы да мұндай аңыз-әңгімелер көп. Хан алдында басына теңдік тимейтінін сезген қалмақ қызы Оқжетпестен көлге құлаған кезде, қаздар қиқулап, аққулар сұңқылдап, қанаттарын сабалап жүргенде, су астынан қыз сымбаттас тас бейне шашын жайып шыға келеді.

Ал оған Оқжетпес, Үшдіңгек, Бөлектау, Теміртау жан-жағынан қызыға, сұқтана қарап тұр.

Бурабай поселкесімен жалғас басталып кететін Бурабай және Оқжетпес шипажайларына жақындағаннан-ақ әркім ерекше әсерге бөленеді. Олар Жұмбақтас пен Оқжетпеске, Үш діңгек пен Көкше, Ақбураға жетпей тұрып-ақ осы екі шипажайды ту сыртынан қалқалап тұрған Бөлектау мен Теміртауға айрықша таң қалады. Шипажайдан шыға сайрап жатқан сүрлеумен, саты-саты тастармен өрмелей ұмтылып екі таудың біреуіне шыққанша асығады. Теміртауға көтерілген кезде, Күміскөл/ Бурабай/ мен Айнакөл / Үлкен шабақты/ екеуі екі жақтан жарқырап шыға келеді. Тіпті екі қолыңа екі шар айна ұстап тұрғандай боласың. Көкшенің қыр арқасы, Ақбураның өркештері Теміртау шыңынан өзгеше сәнмен, ғажап сурет болып көрінеді. Ал Оқжетпес ше? Әлдебір алып батыр ойпаңда тұрып-ақ түбі жуантық, басы сүп-сүйір көк сүңгі найзасын аспаннан төнген әлдебір кесапатқа қарсы жат еткізіп сілтеп қалған тәрізді. Жерден қарағанда Оқжетпестің басында тізе бүгіп жатқан «пілді» Теміртау қиясынан қарап таба алмайсың. Жекебатыр ұйқысынан оянып, көк сұр піліне мініп алып, егеулі найзасын көкке сүңгітіп тұра қалған ба дерсің. Тағы бір қызығы, Оқжетпестің түбімен, Бурабай көлінің Жұмбақтас жақ жағасымен жүргеніңде шың үстінде мүлгіп жатқан піл тағы да көрінеді. Ал оң құлағына жармаса тарбиып «тасбақа » шығып бара жатыр. Енді бірде биіктен қарап тұрсаң, әлгі тасбақа көзге түскісі келмегендей тығыла қалыпты. Оның есесіне көз жетер жердің бәрінде де текше-текше тастар, жай үйінді тастар, бейнелі тастар. Әне, әжелеріміздің алтын құт сандығынан аумайтын Сандықтас, Тас кебіс, Сиыртас, Аютас, Қойтас …Бәрі өз алды бір шың, көкбуалдырға сүңгіген өз алды бір құпия дүние. Аспанның ақша бұлты әрқайсысына ақ жібек бөртпе шәлі болып көмкерілгісі келіп,шың бастарына келіп үйіріледі. Ару шоқыларға шаң жуытпай, жасыл мамығымен желпіп тұрған сұлу-сымбатты қарағайлар кейде сыбырласып әңгіме-дүкен құрып, кейде сыңғыр үнмен ән салады. Қылт еткен қия-шың, мөлт еткен мөлдір көл өз-өзінен сұлу сурет -өлең болып өріліп, жыр болып төгіліп тұр.

   Көкшетауға келіңіз, Бурабайды көріңіз. Оның сұлулығы мен табиғат тамашасын сөзбен айтып жеткізу қиын.

   Жиһангездерге жолсерік болған: Гәкку Асылбекқызы

    Ақмола облысы

«Қызмет» ақпарат

{jcomments on}

Яндекс.Метрика