2024-09-22

Ұлы Жібек жолы бойындағы Оңтүстік Қазақстан қалаларының тарихи маңызы

Қазақстан территориясындағы пайда болған үлкен мәдени жетістіктердің шоғыры осы кең байтақ өлкеде қалыптасып әлемдік өркениетке айналып оның дамуын және жаңғыруын насихаттау,зерделеу, ұлағаттау,ұлықтау идеясы Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының негізгі мәселесі болып табылады. Мақалада айтылғандай Қазақстан аймағының Еуразия құрлығының ортасында орналасуы ерте дәуірден бері өркениетті мемлекетіміздің сауда және мәдениет саласындағы қарым-қатынастардың жүйесіне –Ұлы Жібек жолы желісіне тартылды. Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы  ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі,Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды.Алғаш пайда болған сәттен бастап,Ұлы Жібек жолы картасы,негізінен,Түрік империяларының аумағын қамтыды,Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп,халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді.

tories/20122019-24.jpg» border=»0″ />

«Ұлы жібек жолы»-Жерорта теңізінен Қытайға дейін Евразияны көктей өтіп жатқан керуен жолдарының тоғысқан тоқсан торабы,ол сонау ежелгі дәуірдегі орта ғасырдағы осы аймақтардың сауда және мәдени байланыстарының тұсауын кескен аса маңызды қатынас жолы. VІ-VІІ ғасырларда,Ферғана арқылы өтетін бұрынғы жол төте және қолайлы болғанымен, Қытайдан батысқа Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы өтетін жол мейлінше жандана түседі. Жолдың ауыстырылуын мынадай себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, Жетісуда түрік қағандарының ордалары болды, Орта Азия арқылы өтетін жол өзара қырқыс салдарынан VІІғасырда қауіпті болды.Үшіншіден, түріктердің бай қағандары мен олардың төңірегіндегілер теңіздің арғы жағының тауарларын ірі мөлшерде тұтынушылар болатын.Сөйтіп бұл басты жолға айналды да,елші және сауда керуенінің негізгі көпшілігі VІІ-ХІV ғасырларда осы жолмен жүрді.Жібек жолының бұл бағыты бір орнында тұрақтап қалған жоқ,ғасырлар ішінде белгілі бір учаскелері мен тармақтары алма-кезек мейлінше үлкен маңыз алып,керісінше,басқаларымен жүріс тоқтап қалды,ал олардың бойындағы қалалар мен сауда бекеттері құлдырауға ұшырады. Мәселен,VІ-VІІІ ғасырларда негізгі бағыт Сирия-Иран-Орта Азия-Оңтүстік Қазақстан-Талас аңғары-Шу аңғары-Ыстықкөл ойпаты-Шығыс Түркістан болды. Бұл жолдың бір тармағы,дәлірек айтқанда , тағы бір бұтағы жоғарыда айтылған жолға Византиядан Дербент арқылы Каспий өңірі даласы-Маңғыстау-Арал өңірі-Оңтүстік Қазақстанға шықты.Егер батыстан шығысқа қарай қарағанда, Жібек жолының Қазақстандағы бөлігі міне былайша көрінеді. Жол Шаштан (Ташкенттен ) шығып, Тұрбаттағы асу арқылы Жібек жолындағы аса ірі орталықтардың бірі Испиджабқа беттейді. Мұнда түрлі елдердің саудагерлері тоқтаған,қалада Бұхараның, Самарқанның көпестеріне қарасты сауда құрылыстары мен керуен-сарайлар болды,ал Испиджаб көпестері Мерв,Балх,Бұхара мен Хорезм көпестерімен бірге Бағдаттағы Харба ибн Абдаллах әл-Балхи рабадында өз факторийін ұстаған.Испиджабтан құлдар,ақ маталар,қару, семсер,мыс пен темір тасылған.Испиджабтан керуендер Шығысқа, Шарап, Будухкет қалалары, Тамтаж және Абараж керуен-сарайлары арқылы Таразға беттеген.[2]

Алғашқы орта ғасыр дәуірінде Орта Азия мен Қазақстанда қалалар тез өсті. Олар сауда мен қолөнердің,дін мен мәдениеттің тірегіне айналды.Батыс Түркістан жерінде Суяб, Құлан, Мерке, Тараз, Отырар, Исфиджаб сияқты  қалалар бой көтере бастады.Ол қалалардың көтерілуі таптық қоғамның шығуының айқын көрінісі еді. Орта ғасырда Қазақстан өз қалалары арқылы әлемдік қарым-қатынастан шетте қалмай, Еуропа және Азия елдерімен Жібек жолы арқылы сауда жасап,байланыстарын үзген жоқ. Осы кезде Қазақстанның оңтүстігінде басты және ірі қалалардың бірі — Исфиджаб (қазіргі Сайрам)болды.Әл-Макдиси өзінің сипаттамасында «Исфиджаб ірі қала,-деп жазды ол. Оның күзеті мен тұратын мединасы бар. Мединада төбесі жоқ базарлар,мата базары мен үлкен мешіт бар. Оның төрт қақпасы: Нуджакент, Фарқан, Шахраны, Бұхара қақпалары, әр қақпаның жанында рабады бар». Исфиджабтан шыққан керуендер шығысқа қарай бет алып, Шараб және Будухкент қалалары арқылы Таразға барған. VІ-ХІІ ғасырларда тікелей сауда орталығы ретінде мәлім болған Исфиджабта тауарлардың көптеген түрлері өндіріліп,осы жерден басқа жақтарға мата,қару-жарақ, мыс пен темір әкетіліп тұрды. Қазақстандағы Сырдарияның орта бойына орналасқан ірі қалалардың бірі – Отырар. Араб-парсы деректеріне сүйенсек Отырар қаласы Фараб, одан бұрын Тарбан (Тарабан)деп те аталған. ІХғасырдың бас кезінде арабтар Фадл-ибн Сахлдың басқаруымен Отырар аймағын басып алуға тырысты. Ол шекералық әскерінің бастығын өлтірді және Қарлұқ жабғуының ұлдарын қолға түсірді деп хабарлайды деректер. VІІ-VІІІ ғасырларда Отырар шахристаны мұнарлары бар дуалдармен қоршалған. Бұл дуалдар қайта салынған түрінде ІХ-Хғасырларға  бірі-дейін сақталған. Отырар тоғыз жолдың торабында тұрған.Одан шыққан жолдың бір тармағы Шавгарға, екінші тармағы Сырдариямен жоғары өрлеп,оғыздар қаласы Сүткентті басып Шашқа, ал төмен қарай Жентке кеткен. Женттен Қызылқұм арқылы Хорезм мен Үргенішке қаражол тартылып,одан әрі Еділ бойымен Кавказға асып кететін болған. ХІІІғ.Жібек жолының осы бөлігі Сарайшық,Сарай-Бату т.б.қалалардың үстімен жүрген.Қазақстанға белгілі болған орта ғасырлық қалалардың  бірі-Тараз. Ол жазба деректемелерде 568 жылдан бастап аталады. Византия императоры Юстинианның елшісі Земарх Килликискийді Батыс түрік қағаны Дизабұл осы Тараз қаласында қабылдаған. Шамамен 630жылы Қытай саяхатшысы Сюань Цзан Таразды (Далассы) шеңбері 8-9лиге (4-4,5км) жеткен маңызды сауда орталығы деп сипаттайды. Ол көпестер қаласы деп аталған. VІІ ғасырда Тараз «Ұлы Жібек жолындағы»ірі мекенге айналды. Оны шапқыншылық кезінде түрік, қарлұқ, оғыз тайпалары, араб және иран жауынгерлерінің басып алып,талай рет ойранын шығарғаны жөнінде тарихи мағлұматтар бар. Тараз Жетісудың саяси,экономикалық және мәдени өмірінің ірі орталығы болған. Оның төңірегіндегі Талас, Асса сияқты өзендердің бойында Төменгі Барысхан, Хамукент, Жікіл, Адахкент, Ден, Нуджикент, Құлан, Мерке, Аспара,  Жұл, Барсхан қалалары мен қоныстары бір-біріне тізбектеліп жалғасып жатқан. Сондай-ақ, Іле өзенінің алқабында Қойлық, Талхиз, Екі-оғыз сияқты басқа да қалалар орналасқан. Жібек жолдың бұл аймақтағы бөлігі Ферғаналық және Жетісулық бағыттарын қамтыған. Х-ХІІ ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда жоғарыда айтылған кенттерден басқа жаңа бірқатар қалалар – Қарашоқы, Қарнақ, Асанас, Баршанкент пайда болды. Олардың алып жатқан жер көлемі ұлғайып,сауда шаруашылық орталығы-шахристаннан рабадқа ауысқан. Қазақстан жеріндегі халықтардың экономикалық өмірінде сауда орасан зор рөл атқарады. Жазба деректемелер Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларының Византия, Иран, Орта Азия, Кавказ, Алтай, Сібір, Шығыс Түркістанмен тығыз сауда қатынасы болғанын дәлелдейді.[3]

VІ-Хғасырлардағы халықаралық саудада «Ұлы Жібек жолының» зор маңызы болды. Бұл жол Шаштан (Ташкент) Газгирдке, одан Исфиджабқа жетті, одан әрә керуендер Тараз қаласына беттеген. Исфиджаб пен Тараз арасында бірнеше шағын қалалар мен керуендер аялдайтын сарайлар болған. «Жібек жолы» Тараздан терістікке қимақтарға қарай Адахкент, Дех-Нуджикент қалаларын басып өтті. Тараздан «Жібек жолымен» Төменгі Барысханға, Құланға (Луговое қаласы), одан әрі Меркеге және аспараға қарай шұбыра жолшыбай бірнеше қалаларға соғып, Бедел мен Ақсудан асқан керуендер Шығыс Түркістанға барып жеткен. Исфиджаб қаласынан солтүстікке қарай шыққан керуен жолы Қаратаудың терістік бауырындағы Құмкент, Бабаата, Созақ қалаларын,одан соң Орталық Қазақстан далаларын басып өтіп, Кеңгір, Жезді, Нұра, сондай-ақ Ырғыз бен Ертіс аңғарларына, қимақ-қыпшақ тайпалары мекендеген аудандарға қарай беттейтін болған. ХІVғ.  Сайрамға жақын маңда орналасқан Шымкент қаласы қауырт өсіп, тез дами бастады да Қазақстанның оңтүстігіндегі бас қала ролі бірте-бірте соған ауыса берді. Шымкент елді мекенінің атауы алғаш рет 1425 жылы Шарафаддин али Иаздидің «Зафар-нама» шығармасында ауызға алынады.[4]

Темірдің жорықтарына байланысты 1366жылғы оқиғаға берілген сипаттамада Шымкент Сайрам маңындағы қыстақ ретінде ғана еске алынады. Алайда, қала тарихы мыңдаған жылдар тереңіне бойлап кетеді. Кездейсоқ табылған тас қару бұл жерде адам сонау тас ғасыр дәуірінде-бұдан ондаған мың жыл бұрын пайда болғанын айғақтайды. Қола дәуірінде тау бөктеріндегі алқаптар, ғалымдар атауымен айтқанда андронов мәдениетінің адамдары қолымен кең түрде игерілген. Бұлар өзен аңғарларында егіншілікпен айналыса жүріп, үй малдарын да өсірген тайпалар болатын. Андроновшылар дәндік тары, бидай егіп,өсіріп,ірі қара мал ұстаған,қой бағумен айналысқан,жылқы мен түйе де өсірген.Мыс пен қола металдары жоғары деңгейге көтеріп тастады.Мыстан еңбек құрал-саймандары-пышақтар, балталар, пішен шабатын икемшектер, сондай-ақ қару-жарақ пен әшекейлер жасалды. Қоладан жасалған бұйымдар Шымкент ауданынан бірнеше рет табылған.Шымкент ауданындағы мәдени өмірдің одан әрі дамуының кезекті дәуірі,Оңтүстік Қазақстанның барлық жеріндегі сияқты,артына көптеген елді мекендер мен қорған-мазарлар қалдырған сақтар тайпаларымен тығыз байланысты.Қола ұшты жебелер,қанжарлар тәрізді сақ қару-жарақтары Шымкент жерінен де табылғаны мәлім.Шымкент қаласы ішінде құрылыс жұмыс жүріп жатқан жерден жұмыр сопақша балдағы бар қола қанжар-ақинақ табылды. Сақ ұрпақтары-кангюйлер біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдықтың аяқ шені мен біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының алғашқы жартысында орталығы Сырдарияның орта ағысында болған аса қуатты Кангюй (Қаңлы) мемлекетін құра білді. Шымкент территориясында және оның таяу төңіректерінде бірнеше елді мекендер болғаны белгілі. Қазіргі кезде Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту әрекеті халықаралық деңгейде қолға алына бастады. 1987 жылы Парижде ЮНЕСКО-ның бас конференциясында «Жібек жолы-диалог жолы»атты халықаралық жоба жарияланды. Осы бағдарлама шеңберінде Ұлы Жібек жолының тарихын, маңызын зерттеу әр елде қолдау тауып, зерттеу жұмыстары қолға алынды. Қазақстанда да ғалымдардың ауқымды істері атқарылуда.[5]

Сондықтан да Ұлы Жібек жолының Ұлы Дала Елінің жаңғыру тарихындағы Оңтүстік Қазақстан қалаларының тарихи  ролі мен маңызы зор деп ойлаймыз.

М.Н. Алдаберген

т.ғ.к., доцент

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық  университеті,

Шымкент қаласы.

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика