2024-09-22

Мұсылман деректеріндегі Испиджаб және оның айналасындағы мекендер туралы деректер

Қазақстанның орта ғасырлардағы қалаллары мен елді мекендері туралы бірегей ақпараттарды біз қытай, араб, парсы жазба деректерінен аламыз. Осындай деректердің ішінде араб тілді деректердің орны ерекше. Себебі IX-XV ғасырлардағы араб тілді тарихи және географиялық шығармалар, IX-XII ғғ. Қазақстанның тарихы мен географиясы бойынша мәліметтері ең көп ақпараттық дереккөздер болып табылады.

tories/20122019-25.jpg» border=»0″ />

Бұл мақалада мұсылман авторларының деректері негізінде ерте және ортағасырлардағы Қазақстанның оңтүстік бөлігіндегі әсіресе Исфиджаб және оның төңірегіндегі қалалар мен олардың орны, тарихы, арақашықтығы зерттелген.

Араб халифаты дәуірінде арабтардың Шығысты жаулап алуы, синкретикалық мұсылман мәдениеті мен ислам дінің ықпал өрісін кеңейту ісіндегі белсенділігі, мұсылман дүниесінің саяси шекарасынан тыс жатқан алыс аймақтарымен сауданың дамуы арабтарды Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның көршілес елдері жайлы, алыстағы халықтар мен тайпалар туралы ақпарат жинауға құлшындырды. Арабтардың ортағасырлардағы тарихнамасының Қазақстан аймағына ерекше ден қоюы олардың Орта Азиядағы жаулап алған жерлерін нығайту және Қазақстанның көшпелі тайпаларынан сыртқы қауіпсіздікті қамтамсыз ету қажеттігімен де байланысты болды [1,82–85].

IX ғ. көшпелі түркі тайпалары,  арабтар жаулап алған Мауреннахрмен іргелес жатқан аймақтар бірте–бірте ислам дінін қабылдай бастады. Ал араб тарихнамасы мен география ғылымының гүлдену дәуірі де осы уақыт еді. Өйткені, араб халифаты басқа елдер есебінен  ірі империяға айналғандықтан халифат құрамына кірген басқа халықтар, оның ішінде түркі тектес тайпалардың да тарихына, орналасу географиясына, шаруашылығы мен мәдениетіне араб ғалымдары тарапынан ерекше көңіл қойыла бастады.

VIII-IX ғғ. халифаттың дамуы мен нығаюуында салық жүйеcіне байланысты, бірнеше мемлекеттік міндеттер тұрды.Әрине арабтар, қол астындағы халықтардың шаруашылық-қаржылық жүйесін негіз етіп пайдалануына болар еді. Дегенмен, жағдайдың өзгеруіне байланысты, заттай және ақшалай алынатын салық мөлшері, егін және өнеркәсіп шаруашылық өнімдері және аймақтардың бөлінуі, халық қоныстанған жерлер туралы нақты сенімді мәліметтер қажет болды. Сондай-ақ, маршуруттар мен пошта бекеттерінің арақашықтығы көрсетілген хабарламалар және бұдан өзге де нақты мағлұматтар бір орталықтан басқару жүйесі үшін қажет еді [2,17].

Араб саяхатшыларының географиялық еңбектерінде де Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалар, ауылдар және олардың тұрғындары, елді-мекендер туралы нақты құнды мәліметтер жазып қалдырды. Бұл жазбалар, ортағасырдағы Орталық Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтардың тарихы мен мәдениетін зерттеуге үлкен үлес қосты. Араб географтары мен саяхатшыларының мағлұматтарының арқасында ортағасырлық қалалар, елді-мекендер, тайпа атаулары, жер атаулары, сауда жолдарының маршруттары, сол аймақтың шаруашылық және діни өмірі туралы мол мағлұматтар алынды [3, 62]. Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігіндегі бірінші ірі қала Испиджаб болды, ал оған осы облыстың барлық жер – суы – шығыста Талас – Шуға дейін, солтүстік – батыста Сырдарияның орта ағысына дейін ұласып жатты. Ортағасырлық қалалар туралы нақты географиялық сипаттама берген араб саяхатшылары мен географтарының ішінен Тамим ибн Бахр (ІХ ғ.), әл-Хорезми (ІХ ғ.),), Ибн Хордадбех (ІХ ғ.), Йакуби (ІХ ғ.), Кудама ибн Жафар (Х ғ.), Ибн Хаукал (X ғ.), Худуд әл-ʻалам (Х ғ.) анонимі, әл-Мақдиси (Х ғ.), әл-Истахри (Х ғ.), ас-Самани (ХІІ ғ.) және Йақұт әл-Хамауиді (ХІІІ ғ.) бөліп айтуға болады. Олар өз еңбектерінде Қазақ даласының жекелеген аймақтарында маңызды орын алған Қазақстанның оңтүстігінде – Испиджаб төңірегіндегі қалар мен елдімекендерінің атаулары мен ара-қашықтығы, тарихы мен мәдени өмірі туралы құнды мәлеметтер көрсеткен.

1) Ибн Хордадбехтің деректері (ІХ ғ.):

Шаштан Илақ пен Баланканактағы күміс кеніне (ма‘дан әл-фиддаға) дейін 7 фарсах, содан кейін [Шаштан] темір қақпаға (Баб әл-хадид) дейін 2    миль, содан кейін Күбалаға дейін 2 фарсах, содан кейін Ғаркардқа дейін 6 фарсах, содан кейін Исбижабқа дейін дала арқылы 4 фарсах. Жалпы Шаштан Исбижабқа дейін 13 фарсах.

Содан кейін Шарабқа дейін 4 фарсах, содан кейін Бадухкетке дейін 5 фарсах, содан кейін Тамтажға дейін 4 фарсах, содан кейін Абаражға дейін 4 фарсах, содан кейін өзен бойындағы тұраққа (станса) дейін 6 фарсах. Абаражда дөң бар, ол дөңнің айналасында мың бұлақ бар, ол [өзен пайда болып] шығысқа қарай ағады. Баркуаб деп аталады яғни теріс аққан су деген мағынады. Бұл жерде қара бұлдырықты аулауға болады. Содан кейін ол су арқылы өтіп Жуикетке дейін 5 фарсах, содан кейін Таразға дейін 3 фарсах. Жалпы Исбижабтан Таразға дейін 26 фарсах [4].

2) Кудама ибн Жафар (ІХ ғ.):

Шаш қаласынан қорған ішіндегі әскери бөлімге дейін екі фарсах, ол жерден Ғаркардқа дейін бес фарсах, Ғаркардтан Исбишабқа дейін дала арқылы төрт фарсах, Исбишабтан Шарабқа дейін Мауа мен Йуран деп аталатын үлкен екі өзен ағып жатқан дала арқылы төрт фарсах, Шарабтан Бадухкатқа дейін құдық арқылы төрт фарсах, Бадухкаттан Тамтажға дейін құдық арқылы бес фарсах. Тамтаж далалы жерде орналасқан, онда үлкен өзен мен қамыс бар. Тамтаждан Абаржажға дейін төрт фарсах. Абаржаж – бұл бір үлкен дөң. Айналасында шығыс жаққа қарай ағып жатқан өзенге құятын мың бұлақтың көзі бар. Аталмыш өзен Баркуаб деп аталады, яғни «теріс аққан су» деген мағынада [4].

Испиджабқа жақын жерде, одан Шашқа баратын жолдың бойында Ғазкирд қаласы жатқан. Орта ғасырларда жол Тұрбат асуынан өтіп, Сайрамға барған. Қазіргі Шарапхана ауылының аумағынан VII-X ғасырларда болған қаланың жұрты табылды, Газгирд деуге болады. Ертедегі Газгирд топонимінің қазіргі Қазығұрт атауында сақталып қалған болуы мүмкін. Ташкент пен Шымкент арасындағы тау сілімдері солай деп аталады, қаланың қираған жұрты соның етегінде жатыр. Испиджабтың шығыс жағында Шарап, Будухкет, Тамтаж, Абараж және Жувикат қалалары мен елді мекендері болған. Шарапқа Төрткөл Балықшы, Будухкетке, Қазатлық (ІХ-ХІ ғғ.) қалаларының жұрты сай келеді. Будухкас – Қазатлық Түлкібас ауданының орталығы Тұрар кент селосының батыс жағында – Құлан өзенінің Арысқа құяр сағасында жатыр. Тамтаж бен Абараж керуен сарайлар болса керек [5, 351 б; 81-92]. Ал, В.В. Бартольд Тамтажды Арыс өзенінің сол жағалауындағы Түлкібаспен, ал Абарджаджды Шақпақ маңындағы Мыңбұлақпен сәйкестендіреді.

Ибн Хордадбех пен Кудама ибн Жафардың «Аталмыш өзен Баркуаб деп аталады яғни «теріс аққан су» деген мағынада»,-деген мағлұматындағы Баркуаб –Теріс өзені. Бұл бүгінде Жамбыл облысының Жуалы ауданының жеріндегі Шақпақ-ата, Шоқпақ өңірінен бастау алатын Теріс өзені. Бұл өзен бұрындары шығысқа қарай ағып Талас өзеніне құятын. Осы өзеннің бастау алатын жерлері де ертеде Қытай дерегінде Мың бұлақ (Цяньчуань-千泉) деп аталған [3, 63].

3) «Худуд әл-ʻалам»  еңбегінде арнайы (Х ғ.) «Мауараннахр елі мен ондағы қалалар жайында» деген бөлімінде мынандай мәліметтер бар.

Исбиджаб – мұсылмандар мен кәпірлердің арасындағы шекарада орналасқан аймақ. Жері кең, гүлденген. Түркістан шекарасында. Түркістаннан тасымалданатын нәрсенің барлығы осы аймаққа келеді. Бұнда қалалар, елді-мекендер, рұстақтар көп. Бұл аймақтан иленген мал терілері мен қойлар тасымалданады. Бұл аймақтың орталық қаласы Исбиджаб деп аталады. Үлкен, табиғи бай қала. Бұнда сұлтанның ордасы орналасқан. Сондай-ақ бұл қалада тұтұнатын бұйымдар көп. Бұл қалаға әр жерден саудагерлер жиналады.

Содан кейін Саникас, Будахкас, Суткент және Бараб қалалары туралы жазады.

Бараб – табиғи бай аймақ. Орталық қаласы Кедер деп аталады. Халқы жауынгер, батыр адамдар. Бұл аймаққа көпестер жиналады.

«Исбиджаб пен өзеннің арасы жайылып жүрген малға толы. Ол малдардың жартысы Исбиджабқа, ал бір жартысы Шаш, Бараб, Кенжидеге тиесілі. Аталмыш аймақта мұсылман болған ашия түркілерінің мың киіз үйлері бар» [6].

ХІІІ ғасырда өмір сүрген араб географы Йақұт әл-Хамауидің «Муʻжам әл-булдан» еңбегінде Исфиджаб деп аталатын көлемді мақаласы бар. Йақұт әл-Хамауи жоғарыда аталған өзіне дейінгі авторлардың еңбектерін пайдаланады, сонымен бірге өзі өмір сүрген дәуіріне қатысты аутентивті мағлұматтар да қосада. Йақұттың өз заманындағы оқиғалардан нақты мағлұмат беретін мақаласы «Исфиджаб».

Мақаланың басында Йақұт Исфиджабтың орналасуы туралы мәліметтер келтіреді. «Исфиджаб – Түркістан шекарасындағы Мауараннахрдың атақты қалаларының ішіндегі үлкен қаланың аты. Оның кең аумағы мен көптеген қала тектес  ауылдары бар. Және де ол бесінші ықылымда. (Оның) бойлығы 98°10´, ал ендігі 39°50´-тең» [7, 179-180 бб.]. Осындағы Түркістан атауы алғаш рет парсы әдебиетінде ҮІ ғ. қолданылып, Амудариядан солтүстіктегі тарихи-жағрафиялық аймақты білдірген. Орта Азияда, нақтырақ айтсақ, Амудария мен Сырдария өзендерінің аралығында араб халифатының саяси билігі орнап және ислам діні мен мәдениетінің таралуына байланысты Түркістан аймағы туралы бұрынғы мағлұматтар өзгеріске шырады. ҮІІІ ғ. ортасында Келес даласы арқылы Сырдарияның жағалауынан тауларға дейін дуалдар соғылып, ол мұсылман иеліктері мен Түркістан арасындағы шекара болып есептелді. Бірте-бірте Отырар, Шауғар, Исфиджаб, Тараз сияқты түркі қалалары Түркістан шекараларындағы бекіністерге айналды [8, 14 б.]. Йақұт мәліметінде Түркістан аймағындағы Исфиджаб Мауараннахрға жағрафиялық тұрғыда емес, саяси тұрғыда қосылған қала ретінде қолданылып тұр. «Оның кең аумағы мен көптеген қала тектес ауылдары бар» – деген сөйлемді Йақұттың өзі қоса отырып, Исфиджабтың қала ғана емес, сол кездегі үлкен облыс орталығы екендігін нықтай түседі.

Исфиджабтың координаты туралы деректерді ол әл-Хорезмидің (ІХ ғ.) «Китаб сурат ал-ард» еңбегінің негізінде келтіреді. Әл-Хорезми Исфиджабтың бойлығы 92°10´ деп береді, ал Сухрабтан (Х ғ. бірінші жартысы) бастап бұл мәлімет 98°10´ нұсқасында кездеседі [9, 169 б.].

Одан әрі «Ол топырағының құнарлылығы, ағын сулары, ағаштары және гүлденген бау-бақшаларымен Аллаға жаққан ең таза, кең және көп қоныстанған елдімекен болды. Хорасан мен Мауараннахрда Исфиджабтан басқа салық төлемейтін қала болмады, өйткені ол үлкен шекаралық бекініс еді» деген Йақұттың осы мағлұматтарына мазмұны жағынан жақын деректерді Ибн Хаукал мен Истахри де айтады. Ибн Хаукал «оның рабады бау-бақшалы және сулы. Оның құрылыстары саздан» деп жазса, әл-Истахри «(қала) құрылыстары саздан, оның базарлары асып-төгілген, ол жемістерге бай, онда астық мол және түрлі пайдалы заттар көп» [9, 170 б.] деп жазады.

Келесі сөйлемді Истахри «Мауараннахрда Исфиджабтан өзге харадждан босатылған қала жоқ. Оның төңірегінде қалалар мен елді мекендер мол» [89, 333 б.]  деп жазса, Ибн Хаукал «Бұл адамдары мол және ауқымды қала, бүкіл Хорасан мен Мауараннахрда Исфиджабтан өзге харадждан босатылған қала жоқ» деген мәтінде береді. Ибн Хаукал әл-Истахридің дерегіне Хорасанды қосады. Йақұт одан әрі бұл деректерді «үлкен шекаралық бекініс еді» деген мәліметпен толықтырады да «сол елдің халқы салықтың (ақшасын) құнын қару-жарақ сатып алып, жер өңдеулеріне жұмсау үшін босатылғандығын» айтады. Йақұт дерек көздері авторларының мәліметтеріне мәтіндік-салыстырмалы талдау жасау арқылы мәліметтердің хронологиясын айқындауға мүмкіндік аламыз. Жоғарыдағы екі автордың деректеріне Исфиджаб «үлкен шекаралық бекініс еді» — деп Йақұт қосқан мәліметті оның пайдаланған негізгі авторларының бірі ас-Самани (ХІІ ғ.) «Исфиджаб – үлкен қала, шығыстағы қалалардың бірі, шекаралық түрік бекіністерінің бірі» [9, 170 б.] деген мәтінде береді. Ас-Саманиден бұрын әл-Мақдиси 985 жылы құрастырылған еңбегінде Исфиджабты «Бұл даңқты шекаралық бекініс және дін үшін соғысатын жер» деген мазмұнда жазады. Ал Йақұт мәтініне мазмұны бойынша барынша жақын деректі 891 жылы құрастырылған әл-Йақубидің «Китаб әл-булдан» еңбегінен кездестіреміз. Оның «Шаштан үлкен шекаралық Исфиджаб бекінісіне дейін екі күндік жол» деген мәліметі хронологиялық тұрғыда ең бастапқы дерек деп білеміз. 840 жылы Исфиджабты Саманилердің Самарқандағы билеушісі Нух ибн Асад (833-844) жаулап алғаннан кейін түріктердің шабуылынан қорғану үшін оны айналдыра қорған тұрғызуға бұйрық берген [9, 170 б.]. Демек, Йакуби (ІХ ғ.) Нух ибн Асад әскерінің құрамында болған және оның бұйрығымен қорған тұрғызуға тікелей қатысқан куәгерлердің дерегіне сүйеніп, осындай мәліметті нық сеніммен жазады.

IX-X ғғ. аралығында Орта Азия, яғни Мауареннахр, ирандық билеуші әулет құрған қуатты Саманилер мемлекетінің құрамында болып келгені белгілі. Алайда Исфиджаб Саманилерге сөз жүзінде ғана бағынышты болды. Солтүстік-батыста Сауранға дейінгі жерді, ал шығыста Талас аңғарын қамтып жататын Исфиджаб аймағын бұрынғысынша түрік әулеті басқарды, оның маңызды артықшылықтары болды. Исфиджабтың билеушісі өзінің Саманилерге бағынатындығын Саманилер сарайына алым-салықтың орнына сыйлық жөнелтіп, оған қоса 4 данак пен сыпырғыш жіберіп тұруымен білдіреді (бір данак 1/6 дирхемге тең) [10, 270 б.].

Исфиджаб көшпелі түріктерге ислам дінін таратудың тірегіне айналды. Саманилер өздерінің ықпалын бүкіл Испиджаб аймағына жүргізіп, оның халқы арасында мұсылман дінін орнықтыруға күш салды.

Испиджаб қарахан мемлекеті кұрамына кіргенге дейін түріктер мен саманиліктер арасындағы әскери іс-қимылдардың үздіксіз шайқас алаңына айналған еді. Сол кезеңдерде Испиджабтың ислам елдеріне түрік-құлдарды жөнелтетін орын болуы кездейсоқтық емес [11, 24].

Қарастырылып отырған кезеңдегі ірі қаларға ортақ үлгіні біз әл-Мақдисидің (Х ғ.) Испиджаб қаласын сипаттағанынан көреміз. Онда рабад және елді мединасы бар. Ол жерде (мединада) жабық базарлар, кенеп мата базары және мешіті бар. Оның (медина) төрт қақпасы бар, әр қақпада рабад орналасқан, ол Нужикет қақпасы, Фархан қақпасы, Шакрана қақпасы, Бұхара қақпасы. Ал, рабаттар: Нахшабтықтар рабады, Бұхаралықтар рабады, Самарқандтықтар рабады, Қаратегин рабады болып төртке бөлінеді. Оның (Қаратегинның) қабірі сол жерде орналасқан. Әр айда түскен кірісінен 7000 мың дирһамды қайырымдылық ретінде пақыр жандардың нан-дәміне жұмсайтын базар бар. Бұл жерде [қалада] 1700 рабад бар деп те айтылған [12, 57-59]. Испиджабтың мұндай көршілес қалалардың аттары бар бірнеше қақпалардың болуы оның іргелес жатқан облыстармен тығыз сауда, мәдени және саяси байланыстардың болғанын көрсетеді.

Алым-салықсыз саясат пен қаланың керуен магистралі бойында қолайлы орналасуы аймақтың экономикасына оң әсерін тигізеді. Испиджаб қарқынды дамып, аумағы үлғая бастайды. Мәуреннахр қалаларынан оған әртүрлі халықтар ағылып, оның айналасына рабад пен шаруашылық аймағын қалыптастырады [11, 23 б].

Йақұттың келесі сөйлемі: «Және де сол аймақ тағдыр тәлкегі мен жалғандығына тап болғанша оның төңірегінде Тараз, Сауран, Саникс және Фараб секілді қалалар болды» деген мәтінде беріледі. Бұл жерде Исфиджаб  облысындағы шекаралық қалалардағы тарихи оқиғалар туралы мағлұматтар одан әрі таратуды қажет етеді. Ол қалалар 1211-1215 жж. хорезмшах Мұхаммедтің Күшлік ханмен соғысы барысында қиратылған болатын.

Йақұт осы аталған қалалардың ішінде «Исфиджаб» мақаласында тек 4 қаланы ғана атаумен шектеледі. Бұл жердегі Саникс қаласы ортағасырлық авторлардың деректерінде әртүрлі нұсқада кездеседі. Әл-Мукаддаси Исфиджаб облысының қаласы ретінде Арсубаникет – деп атаса, Истахри Усбаникат [9, 170 б.] деп көрсетеді.

Исфиджабтан төмен Арыс өзені бойындағы Кенджид облысының орталығы ретінде Субаникетті Арсубаникет нұсқасында қолданады. Исфиджаб пен Кедердің ортасына орналасқан бұл қала Х ғасырдан кейін аталмайды [9, 171 б.].

Йақұттың өзі бұл туралы «Усбаникас» атты жеке мақаласында «Усбаникас Исфиджаб қалаларының бірі, ол екеуінің арасы күндік жер» [7, 171 б.] дейді. Әл-Истахри де оны Сырдың төменгі және жоғарғы ағысы бойындағы 20 қаланың бірі ретінде атайды. Йақұттың дерегінде бір қаланың екі түрлі нұсқада аталуын аңғарамыз. Ол сірә, Усбаникас нұсқасын әл-Истахриден алуы мүмкін. Өйткені ол «Усбаникеттен» Бараб (округының) басты қаласы Кедерге дейін екі күндік жол [9, 171 б.] деп «Усбаникет» нұсқасын қолданады.

Ибн Хаукал (Х ғ.) бойынша Исфиджабтың «төңірегіндегі қалалардың арасында Бадухкет, Субаникет, Тараз, Атлах, Шелджі, Кедер, Сүткенд, Шауғар, Сауран және Уасидж. Субаникет – Кенжид округінің басты қаласы» [13, 389 б.]. Ал әл-Мақдиси (Х ғ.) жоғарыда аталған еңбегінде Исфиджаб округіндегі қалалар туралы барынша толық мағлұмат береді. «Испижаб ауа райы бір қалыпты ықылыммен шектесіп жатыр. Бас қаласының атауы да Испиджаб. Испиджабқа қарасты қалалар – Хурлуғ, Жумушулағу, Арсубаникис, Бараб, Шауғар, Сауран, Турар Зарах, Шағлжан, Балаж, Барукет, Бурух, Яганкет, Азахкет, Деһ Нужикет, Тараз, Балу, Жикил, Барсхан, Атлах, Жамукет, Шалжи, Кул, Сус, Такабкет, Деһ Науи, Кулан, Мирки, Нушкет, Лақра, Жамук, Урду, Науикеc, Баласағұн, Лабан, Шуй, Абалығ, Маданкет, Барсийан, Балағ, Жакаркан, Йғ, Йкалығ, Рауанжам, Катак,  Шур Жашма, Діл, Ауас, Жаркерд» [12, 57-59; 262-263].

К.М. Байпаков Усбаникас (Арсубаникас) қаласын Арыс өзені бойындағы Мамаевакаға таяу Жуантөбе деп оқшаулайды [14, 223 б.]. Ал, академик Б.Байтанаев «Біздің пікірімізше, Кенжида округінің орталығы Арсубаникет қаласына Қараспантөбе сәйкес келеді», — дейді [15, 223 б.].

К.М. Байпаков Әл-Мақдиси тізіміндегі Бурух қаласын Отрар қалашығынан солтүстік-шығысындағы 30 км. орналасқан Бұзықтөбе қалашығы деп, ал  Яганкетті Ұзынтөбе қалашығымен  оқшаулайды.

Әл-Мақдисидің мағлұматындағы Нужикет қақпасын Б.Байтанаев М.Е. Массон бойынша Испиджабтың батыс қақпасы екендігін жазады. Нужикет қақпасы Шымкент қаласына әкелетіндігін айтады. Әл-Мақдисиди Дәх Нужикет қаласы туралы «…кішкентай қала. Базары бар. Көктем мезгілінің үш айында салмағы төрт мананы құрайтын сүйексіз ет бір дирһамға сатылады. Қала үлкен болатын. Исмаил ибн Ахмад бұл жерді алғаннан кейін кішірейіп қалған. Солай бола тұра қорғаны бар көп ғимаратты қала, және қалада қамал орналасқан» [12, 57-59; 274].

629 жылы қытай саяхатшысы Сюань-цзан Оңтүстік Қазақстан аумағына келген кезде, округтің басты қаласы – Нужикет болды. Әл-Мақдисидің мәтіні бойынша Б. Байтанаев Дәх Нужикетті ІХ ғ. дейін үлкен қала болғандығын және ол қаланының Шымкент қаласына сәйкес келетінін археологиялық және жазба деректер негізінде дәлелдеп берді [15, 74-75]. Мұсылман әлемінің ең қиыр шығысындағы қаланың дәуірлеп дамуы IX ғасырдан басталады. Әл-Белазури бойынша бұл саманилік Нұх ибн Асад 833-844 жж. Испиджабқа жорық жасап, қаланы айнала ұзын қорған құрылысын салуға және оны қоршай жүзім егуге үкім еткеннен кейін болған [11, 23].

XIII ғасырдың бірінші ширегінде Испиджаптың (Сайрамның) тағдырында бүкіл аймақ пен қарахандықтар мемлекетін толығымен тебіренткен шұбырған қасіретті оқиға басталады. Бұл алдымен қарақытайлықтардың басып кіріп, жаулап алуымен және оларға қарахандықтардың тәуелді болуымен байланысты өрбиді. Одан кейін Хорезмшах Мұхаммедтің Күшлікпен болған күресі қарахандықтардың күйреуіне алып келеді [11, 25].

Бұл сөйлемнен кейін Йақұт Исфиджаб төңірегіндегі тарихи оқиғаларға тоқталады. «Сол оқиғалардың алғашқысы Хорезмшах Мұхаммад ибн Ануштекиннен жабысты. Ол Мауараннахрды жаулап, ханидтер патшалығын жойды, қырғынға ұшыратты. Ол жердің халқы бірлесе отырып, жауды тойтарып, елін, жерін сақтап жүруші еді. Хорезмшах олардың бетке ұстар мықтыларынан ешкімді қалдырмағаны салдарынан және иелігіндегі жердің кеңдігінен оны сақтап қалуға шамалары жетпеді».

Бұл деректерде баяндалған тарихи оқиғалар барысында Мауараннахрда қарахандықтарды алмастырған қарақытай шонжарларының билігі үлкен ауыртпалық әкеліп, олардың қысым жасауы, салықтар жинау кезіндегі шамадан тыс талаптары халықтың наразылығын туғызғандығын айғақтайды.

ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың басында  Хорезм мұсылмандық Азиядағы алдыңғы қатардағы мемлекетке айналды. Хорезмшах Текеш (1172–1200) 1194 жылғы шайқаста парсының батысындағы соңғы селжүк сұлтаны Тоғрұлды тізе бүктіреді. Текеш және оның ізбасарлары бірнеше рет қарақытайларға соғыс ашқан болатын, бірақ сәтсіздікке ұшырап отырды. Текештің баласы Мухаммед (1200–1220) хандық құрған алғашқы жылдары Ауған жерінен шыққан гурид тайпаларына қарсы күресі кезінде, қарақытайларға алым-салық төлеп және олардың көмегін пайдаланған. Кейін ол өзін мұсылмандарды дінсіздердің езгісінен құтқарушысы деп жариялап, 1210 жылы Талас жағалауында қарақытайлардың әскерін талқандайды [16, 134]. Сонымен бірге «ХІІІ ғ. басында мұсылмандық Азияда бірінші болуға дәмеленген хорезмшах Мұхаммед (1200–1220) мемлекетінің құрамына Сығанақ аймағы да кірді. Сығанақ иелігінен айырылғанына қарамастан, қыпшақ хандары Хорезмге қарсы табанды күресті жүргізуін жалғастыра берді» [9, 174]. Осындай көпжақты ішкі тартыстардың барысында хорезмшах өзінің Қашғар мен Хотандық діндестеріне көмек көрсете алмады, тіпті Мауараннахрдың солтүстік облыстарын Күшліктен қорғауға шамасы келмеді.

Осы тарихи оқиғаларды Йақұт «және де өз қолымен оның бірнеше қалаларын қиратып, әскеріне тонатты. Сосын елдің халқы қиын жағдайға тап болып, кіндік қаны тамған туған жерлерін тастап, тағдыр тәлкегімен босқындыққа шырады. Бау-бақшалар, қираған сарайлар мен бұзылған үйлер көзге аянышты көрініп, жүректерді зар қақсатты» деп жазады.

Бұдан әрі Қазақстан жерінде қарақытайлардың билігін Күшлік хан бастаған наймандар билігі алмастырды. «Наймандар Бұқтырмада тағы да жеңіліс тапқаннан кейін Күшлік хан өз ұлысының қандастарымен Алтай жерін біржола тастап Жетісуға қашуға мәжбүр болды» [9, 174]. Себебі олар бұл жерлерге Шыңғыс ханның қолы жететіндігін сезген. Бұл кезде Оңтүстік Шығыс Қазақстандағы қарақытайлардың саяси үстемдігі әлсірей бастаған.

Көп кешікпей найман тайпаларының күшті конфедерациясымен одақтасқан қарлұқтар Қашғар шегінде қарақытайлардың ең соңғы гурханы Чжилугуды қолға түсірді. Осылайша қарақытайлардың иеліктері біржола наймандардың қолбасшысы Күшліктің қолына көшті. Жетісуда билікті өз қолына алып, көп кешіктірмей Күшлік хан Оңтүстік Қазақстанда да билік жүргізген. Алайда Күшлік хан христиан дінінің несториан бағытында болғандықтан мұсылман дініндегі қалаларға қарсы әрекеттер жасай бастайды [17, 88 б.].

Күшлік Шығыс Түркістанға ірі әскери жорық жасамай-ақ 1211–1214 жылдары егін жинау науқаны кезіндегі жорықтар арқылы ол жерлерді ойрандады. Сол кездегі авторлардың деректеріне қарағанда, ол облыстарға хорезмшах Мұхаммед те өз әскерін жіберген. Әйтсе де Күшліктің шабуылдары барысында елде аштық басталып, тұрғындар Күшліктің билігіне мойынсұнған. Күшліктің әскерімен бір мезгілде хорезмшах Мұхаммед әскерінің де осы жерде болуы және тонаушылық әрекеттер жасауы тұрғындарды осындай шешім қабылдауға итермеледі.

Хорезмшах Мұхаммед пен Күшлік хан арасындағы саяси, әскери қақтығыстардан соңғы оқиғаларды Йақұт «Ол оқиға 616 жылы (яғни, 1219 жыл) бұрын-соңды болып көрмеген сұмдық оқиғаға ұласты. Ол Қытай жерінен шыққан құдай атқыр татарлардың келуі еді. Олар бұл өңірдің халқын қырғынға шыратып, зәулім сарайлар мен гүлденген бақшалардан қираған дуалдар мен қырғынға шыраған халықтың жрттарын ғана қалдырды. Ол жердің халқы дінге берік, салиқалы жандар еді. Олар үшін ислам  шарттары мен міндеттерін толық орындайтын зор мағыналы дін еді. Және де олардан азаптауға себеп боларлық ешқандай дінбұзарлық іс пен күпірлік байқалмаған еді. Бірақ та Алла тағала өз құлдарына не істеймін десе де өзі біледі. Және де қалаған нәрсесіне өз өкімін жүргізеді» – деп жалғастырады.

Бұл оқиға 1219–1220 жылдарға сәйкес келеді. Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін моңғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды. Жетісу қарлұқтары мен Шығыс Түркістан ұйғырларын қосып алған 150 мың әскерін 1219 жылдың қыркүйегінде Шыңғысхан Ертістен Сырдарияға дейін бұрынғы жаулап алушылар жүрген жолмен Жетісу арқылы алып өтті.

616/1219 жылдың күзінде Йақұт саяхатпен Үргеніш қаласында болған. Бірақ моңғолдардың жақындай түскен жойқын шабуылы оны Хорезмнен ертерек кетуге мәжбүр етті. Йақұттың бұл сапары оның моңғол шапқыншылығының тікелей куәсі ретінде құнды мәліметтер жинақтай алуына мүмкіндік берген.

Арабтарда қайсібір оқиғаны сипаттағанда оны өлеңмен суреттейтін дәстүр бар. Йақұт сол дәстүрді пайдаланып, тарихи оқиғаны мазмұндауға мынадай өлең жолдарымен жалғастырады.

Жауыздықпен атқан оқпен күн өтіп,

Жайнап тұрған заман кетті күл болып.

Замананың қаталдығы олардың

Күнде келіп соққылайды есігін.

Мекенінен босқан елдің жұрттары,

Кейінгі ұрпақ, болсын саған ғибрат.

Йақұт пайдаланған авторлардың еңбектерінен біз бұл шумақты кездестіргеніміз жоқ. Бәлкім өзі жазған болар. Қалай болған күнде де бұл өлең аутентивті дүние. Өйткені өлең моңғол шапқыншылығына байланысты. Ал Йақұт моңғолдардың шапқыншылық зардаптарын өз көзімен көрген.

Мақаланың соңғы сөйлемі «Исфиджабтан ғылымның барлық салаларынан көптеген зиялы ғалымдар шыққан. Олардың ішінде: Абу-л-Хасан ‘Али ибн Мансур ибн ‘Абдаллаһ ибн Ахмад әл-Му‘аддиб (оқытушы, тәрбиеші) әл-Муқри (құранды жақсы оқитын адам) әл-Исфиджаби. Ол 380 (986) жылдан кейін қайтыс болған. Ол жөнінде нақты дерек жоқ, халық солай айтады» – деп аяқталады. Йақұт бұл мәліметтерінде Исфиджабта ІХ–Х ғасырларда өмір сүрген ғалымдардың арасынан тек біреуін ғана атай отырып, бұл деректерді ауызша мағлұматтардан алғандығын көрсетеді.

Тарих саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының әдістемесінде жазба дереккөздерін пайдаланудың маңызы зор. Сол құнды дереккөздері арқылы тарихи құбылыстар мен үдерістер жайлы бағалаулар мен қорытындылар жаңғырып, нақты оқиғалар мен жекелеген тұлғалардың бейнесі шынайы қалпына келтіріледі. Сондай-ақ бұл мағлұматтар біздің зерттеуімізде отырықшы өркениеттің өзегін құраған қалар тарихын кеңінен қарастыруға жетелейді.

З.С.Ильясова

т.ғ.к., профессор м.а.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,

Нұр-Сұлтан

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика