2024-09-22

Шымкент қаласы тарихынан

Қалалар тарихы Қазақстан тарихы саласының өзекті мәселелерінің қатарын құрайды, өйткені қалалар тарихын зерттеу аталмыш аймақтың жергілікті ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік береді. Уақыт карта беттерінен қалалар мен тұтас мемлекеттерді өшіреді, қилы замандарды басынан өткерген  Қазақстан қалаларының көпшілігі біздің заманға дейін жеткен жоқ, олар әртүрлі жағдайлар себебінен  бос қалып отырды. Көптеген қалалардың тіршілігі тоқтап, олардың атаулары тарихи аренадан өшіп қалды. Уақыт тезінен өтіп, талай тарихи сындардан өте білген қалалардың бірі — Шымкент қаласы.

tories/20122019-26.jpg» border=»0″ />

Өзінің ұзақ тарихында Шымкент ортағасырлық бекініс, уездік провинциялық қалашықтан, өнеркәсіп орталығынан заманауи қарқынды дамып келе жатқан мегаполиске дейінгі жолдан өтіп, қазіргі таңда еліміздің ең ірі қалаларының біріне айналды.

Шымкент қаласының қазіргі атауы екі бөліктен: кент (иран тілінен аударғанда қала, қоныс) және «чим/шым» [1] деген анықтамадан тұрады, сондай-ақ тарихта «чем», « чеменгень», «чиминь» (иран тілінен аударғанда  көгал, шалғын)  деген варианттар да кездеседі.

Қазіргі Шымкенттің территориясында ХІ-ХІІ ғасырлар шегінің өзінде қоныс болған. Сонымен бірге қоныстың одан да ерте пайда болғаны туралы болжамдар бар, мамандар Чим- (Шым) Кент топониміне сүйене отырып, қаланың Y-YІ ғасырларда пайда болғанын және археологиялық қазба жұмыстардың барысында табылған скиф-сармат қорғандары,  (б.э.д. ІІІғ.-б.э. І-ІІ ғғ.), Әл Фараби көшесінің аяғынан табылған жерлеу қорғандары (б.э. І- Yғғ.) материалдарына сүйеніп, оның жасының бұдан да егде болуы мүмкін деген болжамды айтады.

1888 жылы археология әуесқойларының үйірмесінің мүшесі Н.Остроумов қалаға жақын жерде, Бадам өзенінің оң жақ жағасында үлкен емес қазба жұмыстарын жүргізіп, YІІІ –Х ғасырлармен даталанатын адам сүйектерімен бірге саздан жасалған жерлеу ыдыстары-оссуарийлер тапқан. Сондай-ақ, қаланың бірқатар аудандарынан Х-ХІІ ғасырларға жататын керамикалар, ескі бекініс аумағынан ХY-ХYІІІ ғасырлармен даталанатын материалдар табылған. Ал, жазба деректердің ішінде алғаш рет Шымкент атауы ортаазиялық тарихшы Шараф ад-дин Яздидің (1425 жыл)  «Зафар наме» деген кітабында кездеседі, қала аты Темірдің жорықтарын сипаттағанда аталған.

Қазір археологтар қаланың жасы 2000 жылдан аса уақытты құрайды деген болжам жасап отыр, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Б.Байтанаев қаланың жасын Қайтпас -2 мөлтекауданынан табылған, б.э.д. ІІ ғасырға жататын екі алтын дискі дәлелдейтінін алға тартады[2].

Қалай дегенменде, Шымкент қаласының орналасқан жері адамдардың өмір сүруі үшін қолайлы болды, Гейер сипаттап өткендей:» Из всех уездных городов Сырдарьинксой области Чимкент, бесспорно, самый красивый. Счастливое сочетание холмов и долины, ими окаймляемой, в связи с роскошною растительностю искуственных насаждений производить художественное впечатление, и пока сквозь красивую внешность не выступить однообразие скучной провинциальной жизни, город настолько привлекает себе путника, что у последнего является невольное желание, в случае необходимости выбора постоянного жительства в уездах области, избрать Чимкент местом своей оседлости» [3, 214 б.].

Тау етегінде егін мен жүзім шаруашылығы дамыса, өзен аңғарларының бай жайлауында мал шаруашылығы дамыды. Керуен жолдары қаланың үстінен өтіп, Оңтүстік Қазақстанды Орта Азиямен, Орта және Таяу Шығыспен, Түркістанмен, Қытаймен, даланың ұлы белдеуінің көшпенділерімен  байланыстырса, ХІХ ғасырдан қала Орта Азияны Ресейдің еуропалық бөлігі мен Батыс Сібірмен байланыстыратын транзиттік нүктеге айналды.

ХІІІ-ХYІІІ ғасырлар аралығында қала алдымен Шыңғысханның жаулап алушылығымен оның иелігіне енсе, ХІY ғасырда Әмір Темір қарамағында, ал, ХYІ ғасырдан қазақ хандығының құрамында болып, жоңғар шапқыншылығының зардабын бастан кешірді.

Қаланың алғашқы белсенді өсуі ХYиІІІ ғасырдың бірінші жартысында жүрді, оған біртіндеп Испиджабтың әкімшілік функциясы да өте бастады. Бұл жылдардағы қала бейнесін орыс шенеунігі Ф.Назаров былай деп жақсы сипаттаған:».. находящийся на реке Бадам, выстроен на возвышенном месте и обнесен к яру высокою стеной. Въезд в город со стороны реки по узкой дороге, не позволяющей ехать иначе, как в одну лошадь. Вода пущена в город через сделанные в стене окошки, наполняет ископанные в городе каналы, на коих построены мельницы. Дома выстроены из нежженого кирпича, без окон, почему для света везде видишь растворенные на улицах двери. Женщины их довольно пригожи и не скрываются от мужчин» [4, 34б.]. 1856 жылы қалада бекіністің етегінде алғашқы тұрақты базар салынды, ол қаладағы сауданың одан әрі жандануына себін тигізді.

Бұл кезеңде қала Ұлы жүз хандарына қараған еді. Осы ғасырдың соңында Шымкент қаласы үшін Бұқар және Қоқан хандарының күресі басталады, бүл тартыстың нәтижесінде ХІХ ғасырдың басында Бұқар ханы Әлімхан қаланы бағындырып, өз иелігіне қосады және Шымкент қаласы 1810-1864 жылдары қоқандықтардың әскери лагерь бекінісіне, ханның наместнигінің резиденциясына айналады. Қазақтар Қоқан хандарының езгісіне шыдап тұра алмады, оған қарсы алғашқы көтеріліс 1821 жылы Тентек төренің басшылығымен басталды. Олар Сайрам мен Шымкентті шабуылмен алады, бірақ қоқандықтарға көмек келіп, көтеріліс басылады. 50 жылдардың соңында қайта басталған көтеріліс нәтижесінде қоқандықтар аймақтан толық қуылады, тек жақсы бекінілген Шымкент қана жау қолында қалады.

Ресейдің Орта Азияны жаулап алуымен, 1867 жылы Шымкент Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысының уездік қаласына айналады.  Қалада маңызды өзгерістер орын алады, еуропалық типтегі үйлерімен және қатаң жоспарға бағынған «жаңа қала» құрылысы басталды, қала біртіндеп аббатана бастайды, жаңа құрылыстардың ішінде ірі көпестер мен шенеуніктердің үйі салтанатымен ерекшеленді. ХІХ ғасырдың 80-шы жылдарында қала көшелері керосин фонарларымен жарықтандырылып, алғаш тротуарлар салынды. Деректерге сүйенсек, қала халқы саны 11 194 адам болған [5].

Сол кезеңдегі Шымкент қаласының шаруашылығын И.И. Гейер өз еңбегінде жақсы сипаттаған:» Он питает Ташкент лучшей сайрамской пшеницей и чистым коровьим молоком; волжские сукноваляльные фабрики получают отсюда шерсть, Москва –мерлушку, заграничные заводы — кожи, колбасники и инструментальные мастера — кишки, и наконец целый мир- противоглистное средство, известное в меню аптекарской кухни под именем сантонина»[4, 215б.]. 1885 жылы қалада сантонин шығаратын завод ашылып, жылына 600 пұтқа дейін тазартылған өнім дайындайды. Гейердің атап көрсеткеніндей, бұл өнім толығынан Еуропаға экспортқа шығарылып, мекеме қожайындары одан жылына 155 000 рубль пайда көріп отырған және сауда негізінен қазан татарларының қолында болған[3, 215б.].   Бұдан басқа қалада 3 май, 5 тері, 15 кірпіш зауыты, 26 диірмен, 4 ұсақ мақта тазарту, 15 ұстахана, 15 сабын қайнату өндірісі болды. Бұның бәрі сауданың жандануына әкелді. XIX ғасырдың аяғында Шымкенттің сауда қатарларында 19 мануфактуралық, 87 қайыс,  темір,  бакалея, 70 ұсақ дүкендер, 50 шайхана, 10 керуен-сарай, 9 арзан асхана және 27 ұн дүкендері қызмет көрсетті.   Біртіндеп қала инфраструктурасы дамиды, 1868 жылы алғашқы лазарет, 1873 жылы телеграф, 1875 жылы алғашқы оқу орны, 1900 жылы алғашқы кітапхана пайда болды.  ХХ ғасырдың басында қалада  42 мешіт және 3 православие храмы салынса, 1908 жылы архитектор Мацевичтің жобасымен никольский кафедралды соборы салына бастады және 1915 жылы пайдалануға берілді. Собордың ғимараты қызыл кірпіштегі стилдің ең бір озық үлгісі саналды. Собордың маңына парк салынып, құнды ағаш сорттары егілді, олардың кейбірі әлі күнге айналаға көрік беріп тұр, қазір бұл жерде Кен-баба паркі орналасқан.

1915 жылы қаланы Орынбор-Ташкент магистралімен байланыстыратын темір жолдың салынуының үлкен маңызы болды. Жаңа привокзальный ауданы пайда болды, оның кейбір ғимараттары әлі күнге дейін сақталған.

1914 жылы Қазақстанның Ресейге қосылуының 50 жылдығы құрметіне Шымкент қаласына оны басып алған генерал М.Г.Черняевтің аты беріледі, айта өту керек, Шымкентті алғаны үшін ол Ресей империясының жоғары әскери наградасы- 3 дәрежелі Қасиетті Георгий орденімен марапатталған. Шымкент қаласы өз атаауын кеңес үкіметі тұсында, 1924 жылы ғана қайтара алды.

Шымкент қаласының келесі белсенді өсуі кеңестік жылдарда жүрді. 1924 жылы Шымкент қаласы облыс орталығы статусын алып, Қазақ АССР-ы

құрамына енді. Кеңестік жылдарда қаланың дамуында ірі өнеркәсіптік мекемелердің ашылуы сеп болды. 1929 жылы жобасы жасалып, 1934 жылы алғашқы өнімін берген қорғасын заводы қала ғана емес, бүкіл өңірдің мақтанышына айналды. Сол кезде көлемі бойынша әлемдегі үшінші орынды иеленген завод металды елдің барлық басқа заводтарынан екі есе көп берді, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әрбір үш оқтың екеуі Шыментте құйылды. Завод жергілікті ұлт өкілдерінен кадрлар дайындау ісіне де жол салып берді, 75 қазақ Москваға «Цветметзолото» институтына білім алуға жіберілді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуацияланған кәсіпорындар кейіннен қаланың өнеркәсіп әлеуетін барынша көтерді, атап өтсек ол жылдары:»..в Чимкенте разместились Воронежский станкостройтельный завод, Подольский прокатный цех, московский химико-фармацевтический завод, московский алкалоидный завод, харьковские чулочная и зеркальные фабрики, а также ряд других предприятий легкой и пищевой промышленности» [6, 12б.]. Жалпы, соғыс жылдары қалаға  17 завод пен фабрика, 20 мың жұмысшы келіп орнықты.

Соғыстан кейінгі кезеңде Шымкенттің өнеркәсіптік және экономикалық мәні күрт өсті. 1950-1960 жылдары қала өнеркәсібі қайта құрылған қорғасын, пресс-автомат, химфарм заводы, жаңадан салынған мақта-мата комбинаты, гидролиз, кардан вал, «Электроаппарат», цемент зауыттарымен толықты. Кеңейіп жатқан өнеркәсіп мекемелері жаңа мөлтекаудандар салды, қала инфраструктурасы жақсарды. Өндірістің дамуы халық санының күрт өсуіне әкелді.  1970 жылы қалада 250 мың халық тұрды. Бұл жағдайлар тұрғын үй қорының, сондай-ақ мәдени-тұрмыстық мекемелердің санын ұлғайтты.  Қалада металлургтер, химиктер, цементшілер, теміржолшылар, тоқымашылар поселоктары пайда болып, әрбір кәсіпорын өз жұмысшыларын тұрғын үймен қамсыздандырып қана қоймай, олардың денсаулығы мен бос уақыты туралы да қам жеді. Нәтижесінде ведомстволық мәдениет, демалыс үйлері, поликлиникалар пайда болды.  70 жылдары Драма театрының, «Шымкент» қонақүйінің, химиктер, теміржолшылар, құрылысшылардың мәдениет сарайлары, «Қазақстан» және Сейфуллин атындағы  кинотеатрлар ғимараттары қаланың көркін ашты. Дендропарк, зоопарк, ипподром құрылыстарының орны қала инфраструктурасында ерекше. 80 –шы жылдардан бастап қалада жаңа мөлтекаудандар мен көшелер, проспектілер салына бастады. 1990 жылға қарай қала халқының саны 400 мыңға жетті.  Осылайша, Шымкент кеңестік кезең жылдарында Қазақстанның ірі қалаларының біріне және өнеркәсіп лидеріне айналды.

Қазіргі Шымкент республикадағы маңызы жағынан үшінші, халқының саны бойынша екінші, жер көлемі бойынша бірінші орында тұрған қала. 2014 жылы Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарының кейбір елді мекендерінің қосылуымен қала көлемі үш есеге ұлғайды.   2018 жылы қала миллион тұрғыны бар деген статусқа ие болды.

Шымкент бүгінде Қазақстанның жетекші өнеркәсіп және экономикалық орталығы ретінде танылып отыр. Қалада шамамен жетпістей өнеркәсіптік машина жасау, түсті металлургия, мұнай өңдеу, химия және тамақ өнеркәсібі бар. Солардың ең маңыздыларын атап өтсек, мұнай өңдейтін «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС, шина шығаратын «INCOMTYRE» АҚ, металлургия өнеркәсібі мекемесі «Южполиметалл» АҚ, машина жасау өнеркәсәбі мекемелері  «Карданвал» және «Южмаш» АҚ, фармацевтика саласындағы «Химфарм» АҚ, жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша «Восход», «Адал», «Эластик» фабрикалары, құрылыс материалдары бойынша «Шымкентцемент», «Құрылыс материалдары» АҚ, тамақ өнеркәсібі бойынша: «Шымкентмай», «Шымкентсүт»,  «Шымкентсыра», «Визит» АҚ, «Кайнар» ЖШС. Қалада халықаралық аэропорт, теміржол вокзалы, бірнеше автовокзалдар қызмет көрсетеді.

Тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласы инфраструктурасы барынша дамыған,  еліміздің ең сұлу да таза қалаларының біріне айналды. Осыған сай, Шымкент қаласының атап өтер  бір ерекшелігі ол-саябақтар, скверлер мен аллеялар саны бойынша  Қазақстанның басқа қалалары арасында көш бастап тұрғаны. Сондықтан да Шымкенттің қала- бақ деп аталуға құқығы бар.  Оның үстіне теміржол вокзалы ауданынан, жерасты суларынан бастау алатын Қошқарата өзені қаланың микроклиматтық  жағдайын реттеуге зор әсерін тигізіп отыр.

2011 жылы қала «Ірі қалалар мен астаналардың халықаралық ассамблеясының» шешімімен ТМД елдеріндегі ең үздік қала атағын жеңіп алса, ОЛХ сервисін тұтынушылар арасында 2016 жылы өткізілген «Идеалды қала» зерттеуі бойынша қала «өмір сүруге ең қолайлы қала» деп танылды.

Қорыта айтсақ, Шымкент-Шығыс пен Батыс тоғысқан,  ежелгі мыңжылдықтың рухы заманауи мегаполистің тыныс-тіршілігімен үйлесім тапқан қала.

Г.М.Сыздықова

ф.ғ.к., доцент,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті,

Шымкент.

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика