2024-07-27

Қарымың қалай, қазақ күресі?

tories/46b286967d75cd43c463521fc234be2e.jpg» width=»279″ height=»202″ />         Спорттың құдіретін қараңыз, 53 мемлекеттің өкілдері қазақ тілінде берілетін бұйрық пен атауларды жадында сақтап қана қоймай, оны айта да білетін болған. Тіл мәселесі күн тәртібінен түспей, өз қандасымыздың көпшілігін қазақ тілінде сөйлете алмай жүргенде бұл үлкен жетістік емес пе?! Ал, қазақтың сөздерін құлақтарына құйып, санасына сіңіріп алған 4 құрлықтағы 53 мемлекеттің палуандары жыл сайын Алматыда өтер қазақ күресінен әлем чемпионатында күш сынасып жүр.

         Бүгінгі таңда қазақ күресінің «баста!», «тоқта!», «жамбас», «бүк», «таза жеңіс», «жартылай жеңіс» деген секілді айла-тәсіл амалдарын, төрешілдік бұйрықтарын әлем спортшылары, жанкүйерлері қазақ тілінде айтып, түсіне алатындай дәрежеге жетті. Қазақ тілін шетелдіктерге мойындатып, оның дамуына, танылуына ұлттық спорт арқылы үлкен үлес қосып келе жатқан азаматтардың бірі де бірегейі – Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеевтің тікелей еңбегі ерен деседі былайғы жұрт.

Сонау Павлодар облысының Ермак ауданында дүниеге келген Серік Төкеев спортшы, бапкер ретінде Оңтүстікте тәлім-тәрбие алып, танылған азамат. Ата-анасы Мақтарал ауданына көшіп келгенде Серік төрт жаста екен. Шымкенттегі педагогикалық институттың дене тәрбиесі факультетін бітірген соң-ақ ол негізінен қазақша күрестің жанданып, дамуына бар күш-жігерін арнап келеді. Кезінде өзі де боз кілемде өнер көрсетіп, талай биікті бағындырған Серік Адамұлы
самбо, дзюдо және қазақ күресінен спорт шебері атанды. Халықаралық жарыстарда, әлем біріншілігіндеел намысын қорғап, жүлделі оралған шәкірттері де көп.

Қазақ күресінің әлемдік деңгейге көтерілуін Серік Төкеевтің есімімен байланыстырушылар көп. Оның негізі де жоқ емес. Қазақ күресінің нағыз жанашырларының басын қосып, бастама көтерді. Ұлтжанды азаматтармен ақылдасты. Сол кездегі спорт саласының басшыларына ұсыныстарын жеткізе алды. Сөйтіп, қазақ күресінен үлкен жарыстар өткізуге қол жеткізді. Әлемдік деңгейдегі алғашқы дода 2004 жылы Берлинде өтіп, оған Түркия, Германия, Франция, Венгрия секілді 16
мемлекеттің балуандары қатысты. Жыл өте Алтайдың Қосағаш ауданында І Азия чемпионаты ұйымдастырылды. Осы сәттен бастап, жиырмадан астам мемлекетте қазақ күресі федерациясы құрылып, жұмыс істеуде.

– Жалпы, қазақ күресінің тарихын алып қарайтын болсақ, ол ұлтымыздың өмір салтымен тығыз байланысты екенін көрер едік, — дейді Серік Адамұлы. — Оның өте ежелден келе жатқанына тарихымыз куә. Мәселен, осыдан XVIII ғасыр бұрын
371-381 жылдар арасында ғұндар тайпасының Атилланың патшасы Баламбер өзінің жеңістеріне байланысты үлкен жиын-той өткізіп, оның бір бөлігін ат жарыс, балуан күресі, садақ ату, найза лақтыру секілді спорт түрлеріне арнаған. Мұның өзі қазақ күресі ежелден келе жатқан ұлттық спортымыз екендігінің айқын көрінісі.

Қазақ күресінің қадамы бүгінгі таңда қарыштап дамып келе жатқанын білеміз. Оның дәлелі – осы ата күресімізден әлемнің әр түкпірінде өтіп жатқан Әлем, Еуропа және Азия біріншіліктері болып табылады. Сондай-ақ, өткен жылы елордамыз
Астана қаласында дүбірлетіп өткізген республикалық «Қазақстан Барысы» жекпе-жегі төл күресіміздің одан әрі дамуына сүбелі үлес қосқаны анық.

Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеевтің басқаруымен «Қазақ күресі» федерациясы тек өткен жылы 9 республикалық, 4 халықаралық турнир өткізіпті. Осындай ауқымы кең жұмыстардың нәтижесінде, бүгінгі таңда әлемнің бірқатар елдері, тіпті, Оңтүстік Американың өзінде қазақ күресін меңгергісі келетін балуандар қатары арта түсуде.

– Көптеген елдер өз жерлерінде қазақ күресінің федерациясын ашып жатыр. Бұған қалай қуанбасқа. Тіл көзіміз тасқа дейміз. Соңғы жылдары Польша, Ұлыбритания, Греция, Ресей, Эстония елдерінің білекті балуандары да қазақ күресіне аңсары ауа бастады. Ал іргеміздегі моңғол жұрты қазақ күресін бізден кем білмейді. Болашақта алты құрлықта 60-тан аса федерациямыз ашылып қалар деген дәмеміз бар – деп, атап өтті Серік Төкеев.

Сондай-ақ, федерация басшысы өткен жаздағы «Қазақстан барысы» жарысына да арнайы тоқталып өтті. 
– Бәсекені қазақ көрермені сегіз сағат қатары сиремей қанығып көрді. Бұл – біріншіден, қазақ күресіне деген жастардың қызығушылығын арттырады. Ұлттық спортымыздың бағасын өсіреді. Екін­шіден, біз осы аламан айқасқа 74 келіден жоғары
балуандарды шақырдық. Себебі, қазақтың арасында да ауыр салмақта белдесетін жұдырығы тоқпақтай, жауырыны қақпақтай балуандардың бар екенін көрсету. Бойы 2 метрге жуық, салмағы 150 келіден жоғары қазақтың алып азаматтарын көргенде турнирге қонаққа келген халықаралық күрес қауымдастығының (FILA) басшылары қайран қалысты. Бізге
керегі де сол еді – дейді С. Төкеев.

Қазір ел болып төл күресімізді бірінші Азия ойындарына, сосын Олимпиада ойындарынан кіргізіуді армандайтыны белгілі. «Қазақ күресі» федерациясы осы мақсатта аяанбай еңбектеніп жатқанын жақсы білеміз.

Жалпы алғанда «Қазақ күресі» FILA-ға мүше болуы, осы ұйымның аясында Азия, Әлем біріншілігі, Еуропа чемпионатын өткізуі, дүниенің бұрыш-бұрышынан қазақ күресінің федерацияларының ашылуы, мұның бәрі төл күресімізді Олимпиада
ойындарының бағдарламасына енгізу үшін жасалынып жатқан шаралар екені анық.

С. Төкеевтің айтуынша, қазір Олимпиада ойындарының бағдарламасына кем дегенде 70 мемлекетке тараған спорт түрлері енеді екен. – Бізге осы межеге жету керек. Әзір біз бастапқы белестен өттік. Төл күресіміздің FILA-ға мүше болуының өзі, болашақта қазақ күресінен бәсекелер мен халықаралық турнирлерді көптеп өткізуге мүмкіндік береді – деп атап өтті.

Сонымен бірге федерация басшысы бапкерлерге, ауыз бірлікте бола отырып, өз күресімізді өзіміз көтерейік. Ең бастысы күресімізге деген адал ниет болу керек. Олай болмаса нәтиже болмайды. Төл өнерімізді өзіміз төрге тартпасақ, ертең оның дамуы, жетілуі тежеледі. Сайып келгенде, қазақтың күресін қазақтың өзі дамытуға мүдделі болуы тиіс – деп атап көрсетті.

Қазақ күресі бүгінде Еуропада жақсы дамып келеді. Өйткені, мұндағы қазақ диаспоралары спорттың осы түрін қолдап, жан-жақты дамытуға күш салуда. Бұл елдердің палуандары қазақстандық күрескерлермен белдесіп, тіпті талай мәрте жеңген
еді. Ел мақтаған қазақша күрестен әлем біріншілігі мен Кубогы кезек-кезек өтіп тұрады. Бірақ олимпиадалық спорт түріне әлі ене қойған жоқ.

Биылғы әлем кубогы Германия елінде өтеді. Еуропа чемпионаты Латвияда сарапқа салынбақ. Тағы бір айта кететін жайт, қазақ спортын дамытуда елдің ең мықты деген жаттықтырушылары шетел асып жүр. Мәселен, білікті жаттықтырушы
Алмас Мұсабеков бүгінде АҚШ елінде қызмет етуде. Оның бір ғана мақсаты бар, ол – қазақша күресті кең көлемде насихаттау. Әр ел өз диаспораларының күшімен тал қармап, ұлттық спортын алға сүйреп жүр.

Қазақ күресі бұрынырақта жауынгерлік өнер санатына жатып келгенімен, кейін келе барлық халық қызығатын спорттық сипат алды. Бұл күрестің қыр-сырын жетік меңгерген ата-бабаларымыз ұлттық спорттың осы түрінен талай рет
балуан белдес­тіргенін білеміз. Қазақ күресі қазір де қарқынды дамып, жыл сайын, Қажымұқан Мұңайтпасов, Бостан Жаңбырбаев, Ерзат Төкеев атындағы ел біріншіліктері, республикалық және халықаралық турнирлер үздіксіз өткізіліп
келеді. Осы күресте жауырындары жерге тимей жүрген әлем чемпионы Бақтыбай Қисықов, Саят Шәмшиев, самбо мен қазақ күресінен жүлде алып жүрген Шалқар Жоламанов, Дархан Өрікбаев пен Бауыржан Тәліп сынды балуандардың аяқ алыстары да жаман емес.

Ал осы ұлттық спортымыздың түрі Халықаралық күрес түрлері федерациясының қоластына кіргелі, Азия тіпті Еуропада ірі жарыстар ұйымдастырылып, шетелдік балуандар қазақ күресінің құдіретіне бас игендей болған. Дегенмен соңғы
жылдардың бедерінде, төл өнерімізді ең алдымен ел ішінде насихаттау жағын назардан жіберіп алған сияқтымыз. Серік Төкеев бір сөзінде: «Қазір бұл спорт түрін қолдаушылар аз. Әсіресе, насихат жағы кемшін болып тұр. Мемлекет тарапынан оны дамыту мәселесіне айтарлықтай көңіл бөлінбей отыр. Жарыстар өтуі өтсе де, спортшылардың жүлдесі соншалықты қомақты емес. Сондықтан балуандардың көпшілігі күрестің басқа түрлеріне ауысып кетіп жатыр», – дегені бар.

Бір қызығы, біз өз күресімізді Азия аумағында әрең танытып жатқан тұтса, іргедегі өзбек ағайын ұлттық күресі – курашты Олимпиада бағдарламасына енгізуге жанталасып жатыр. Олар осы мақсатта сырт елдерге шығып, өнерлерін
насихаттап жатқанға ұқсайды. Оны дамытуға ел басқарып отырған азаматтарданбастап, ірілі-ұсақты әкімдер мен шенеуніктер түгелдей атсалысуда. Содан болар, кейінгі жылдары өзбектің курашымен айналысатын елдердің саны 50-ден асып жығылған. Әрине, қазақ күресін даму деңгейін өзгелермен салыстырғанымыз дұрыс-ақ. Әйтсе де, қайткенмен де, қазақ халқы үшін төл өнеріміздің орны бөлек. Күрестің ұлттық түрі «Қазақ күресінің» даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойлар спорттың осы түрінің
сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен балуанды халық төбесіне көтеріп, ерекше құрметтеген. Қазақтың маңдайына біткен дара палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов кезінде әлемнің менмін деген алыптардың жауырынын жер иіскеткен-ді. Оның есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік
элитасының қатарына кірді.

«Қазақша күрес» бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде рес­публика қалаларында тұрақты өткізіліп келеді. Ірі Халықаралық
турнирлер 1952 және 1975 жылдары Азия аймағы спортшыларының қатысуымен өткізілді. Ұлттық күрестің да­муы Қазақстан егемендік алғаннан кейін жаңа серпін алды. 1991 жылдан бастап рес­публикалық чемпионаттар мен біріншіліктер жыл сайын өткізілетін болды. Ендігі жерде, ұлттық қазақ күресін дамыту және жастарға ұлттық салт-дәстүрді
дәріптеу, cонымен қатар, қазақ күресін жазғы Олимпиада мен Азия ойындарына қосу, төл спортымызды елімізде нөмірі бірінші спорт түріне айналдырып, бренд деңгейіне дейін көтеру – бүгінгі күннің негізгі мақсаты болып табылады.

  Жеңісбек Серікұлы

«Қызмет» ақпарат

{jcomments on}

Яндекс.Метрика