ЖОЛДАУДЫ ТҮСІНДІРУШІ ТОП БАДАМДЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы халықпен кездесулер жалғасуда. «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының мүшелері Бадам тұрғын алабының тұрғындарымен жүздесті.
№97 мектепте өткен жиынға білім ошағының ұжымы мен жергілікті тұрғындар қатысты. Президент Жолдауында берілген тапсырмалардың еңбек адамына тиер игілігі сөз болды.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында экономикалық және әлеуметтік тақырыптарға баса назар аударды. Мысалы, бала күтіміне байланысты декреттік демалыстағы аналарға төленетін жәрдемақы мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылып отыр. Ал әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырылды. Бұған қоса сәбилерді балабақшамен қамту 100 пайызға жеткізілмек, – деді «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлжайна Жартыбекова.
«Мемлекет басшысы көтерген әлеуметтік мәселелердің бірі – 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95% жөнделеді. Егер тас жолдарды жөндеп, жаңасын салсақ, экономика қарқынды дамитын болады. Себебі барлық сауда-саттық, ішкі тасымалдау осы магистральдарға байланысты. Ішкі туризмді дамыту, қолайлы инвестициялық климаты бар ел ретінде Қазақстанның әлеуетін ашу – осы міндеттердің барлығы автомобиль жолдарын дамытуға тіреледі. Автомобиль жолдары – бұл елдің артериясы. Ішкі туризм, логистика, бизнес, инвестициялық климат – мұның бәрі жолдарға байланысты», — деді спикер.
Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында халықтың денсаулығын нығайтуға, білім саласын дамыту, жастарға, кәсіпкерлерге қолдауды күшейту қажеттігіне баса назар аударылғаны түсіндірілді. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын жақсартуға көзделген негізгі шаралардың маңыздылығы айтылды.
«Осы жолғы Жолдаудың алғашқы бөлігінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына жан-жақты талдау жасалса, екінші бөлігінде әрбір сала бөлектеп, жекелеп қарастырылды. Бұл біздің, әсіресе ересек адамдардың есінен кетпейтін жайт деп білемін. Табыстың, зейнетақының жыл сайын қалыпты өсуі, мұғалімдерге берілетін көмек осының барлығы халыққа жасалатын жақсылық», — деді жиналғандар.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика