Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты ҚР халқына Жолдауы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы мемлекет тарапынан барлық бағытқа барынша қолдау көрсететінінің дәлелі.
Президентіміз өз Жолдауын «Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда. Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік»-деп бастап, еліміздің өрткендеуі мен дамуы үшін ең бірінші елдің бірлігінің маңызы зор екенін атап өтті.
Жолдаудың басым көпшілік тұсында елдің әл-ауқатын көтеру, жастардың білімін арттыру, баспанаға қол жеткізудің оңтайлы жолдары туралы көбірек айтылды.
Әсіресе, жастардың еліміздің болашағы екендігін олардың заман талабына сай жан-жақты білім, тәлім-тәрбие алуына жете көңіл бөлінуі қажет екенді баса айтылды. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстанудың басты қағидалардың бірі болуы, оларға бұл жолда барлық жағдайдың жасалуы маңызды екенін ескертті. Бұл үшін әрбір мекемеде осы бағытта жұмыстар белсенді атқарылуы қажет деп ойлаймын.
Президент «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын» деп тапсырды.
Бұл бағытта Шымкент қаласындағы өрт сөндіруші және құтқарушылардың арасында сабақтар, арнайы мамандармен кездесулер өткізіліп, түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
Мемлекет басшысы «Дене шынықтыру – денсаулық кепілі. Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын»,-деп спорттың маңызын дөп басып айтты. Бұл жолда ауқымды жұмыстар да атқарылып жатқанын баса айту керек. Өрт сөндіруші және құтқарушылар үшін спорттың орны ерекше. Күнделікті күн тәртібінен бөлек, спорттық іс-шаралар өткізуге жете көңіл бөлінеді.
Сондай-ақ, ел болып өркендеу үшін қоғам дерті – сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау қажеттігін басты назарда ұстауды қатаң тапсырған ел президенті, «Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру қажет»-деді. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің ең оңтайлы жолы, ол – алдын алу деп білемін. Ол үшін тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізу маңызды. Біздің мемекеде де осы тақырып төңірегінде семинарлар, сабақтар, кездесулер жиі өткізіледі. Бұдан кейін де жалғасын таппақ.
Осылайша, барлық өзекті мәселелер талқыланған бұл Жолдауда тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде бес бастамамен қорытынды жасалды.
Қалай десек те, бүгінде бәрі өзгерді. Әлем жаңа бағыт ұстанды. Сондықтан, біздің еліміз де заман ағымынан қалмай, жақсы жағынан өзгеруі тиіс. Сондықтан, биылғы Жолдаудың оң өзгеріске бастайтынын айрықша атап өткен жөн. Ендігі мақсат осы құжатта айтылған әрбір істі тиянақты атқарып, жаңа кезеңге жетістіктермен қадам басу қажет.
Қ. Арсланов
Шымкент қаласындағы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі