Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Түркістан облысы Келес ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қарты бар елдің қазынасы бар» атты кездесу өтті. Кездесу барысында жастар Келес аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сарсенов Шералы қариямен жүздесті. Жаймашуақ әрі жылышырай ауанда өткен басқосуда қазіргі заманғы жастардың болмысы, қарым-қабілеті, ой-санасы, егемен еліміздің дамуы жолындағы еңбектері сөз болды.
Шералы Сәрсенов әңгіме барысында «Жастар қоғамның қозғаушы күші, жастарға беріліп отырған мүмкіндік мол. Жастар сол мүмкіндіктен ұтымды пайдалана отырып, елдің дамуы үшін жұмыс жасаулары тиіс», деді. Өзіндік ақыл-кеңестерін айтып, жастарға ақ батасын берді.
Бүгінгі таңда Келес ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келе жатқан Шералы Сәрсенов ұзақ жылдар бойына құрылыс және су шаруашылығында жемісті еңбек етіп, кейіннен сол салалардағы мекемелерге басшылық еткен азамат. Бірнеше шақырылымдағы аудан мәслихатының депутаты. Сарыағаш және Келес аудандарының Құрметті азаматы. Отбасында екі үл, бір қыз тәрибелеп, ұрпақ тәрбиесімен көпке үлгі болып келе жатқан мерейлі шаңырақ иесі.
Жалпы, мемлекеттік жастар саясатын жергілікті жерлерде жүзеге асыру, аудан жастарының қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытында 2021 жылдың 6 айында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 776-дан астам түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 24 мың 786 жас қатысқан.