2024-07-27

Ғұмыры спортпен өрілген

Райымбек ауданының спортына, дәлірек айтсақ осы өлкеде спорттың күрес түрінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан азаматтың бірі Махаббат Исабеков. Махаббат Исабеков алдымен талантты палуан ретінде республика, одақ көлемінде үлкен жетістіктерге жетіп биіктерден көрініп жүрді. Дарынды спортшы кейін білікті де көреген жаттықтырушы ретінде де дараланған болатын.                                                                                                                           

Жуырда аталмыш спорт майталманы қызмет еткен Райымбек аудандық жасөспірімдер спорт мектебінің Қақпақ ауылындағы филиалында Махаббат Құмарбайұлын еске алуға арналған грек-рим күресінен облыстық бәсеке өткізілген. Нарынқол ауылындағы спорт мектебінде өткен жарысқа облыстың 11 ауданынан  Талдықорған және Қапшағай  қалаларынан барлығы  172 балуан  қатысқан болатын. Тарқатып айтатын болсақ, 1997–1999 жылғы жасөспірімдер арасында өткен облыстық біріншілікте, 32 келі мен  85 келі аралығындағы 10 салмақ дәрежесі бойынша бабы мен бағы келіскен жас өрендер жеңімпаз атанды. Балғын палуандардың тартысқа толы белдесулері барысында Талдықорғандық жастардың жоғары дайындық деңгейі байқалып тұрды. Олардың арасында 6 салмақ бойынша жеңіс тұғырын иеленген Сұлтан Олжас, Мәрлен  Мұқашев, Аслан Әбдірахманов, Әділет Жұмасейіт, Ерасыл Терлікбаев, Ринат Тұңғышбай секілді жас палуандар осы бетінен таймаса болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы атанатынын айта кетуге тиіспіз. Бұдан бөлек Талдықорғандықтар кей салмақтарда 2-3 орынды да иеленген болатын. Осылайша жалпы командалық есеп бойынша да Талдықорған грек-рим күресінің жас оғландары 1 орынды ешкімге берген жоқ. Аталған бәсекеде бұдан бөлек  Диар Нұрғожай,  Абдурасыл Исмайлов (Іле ауданы),  Әлібек  Әшімақын (Райымбек ауданы), Мақсат Ділдәбек сынды (Балқаш ауданы) балғын палуандары өз салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаз атанған болатын.                                                                                                                               

Ел спортының дамуына үлкен үлес қосқан азаматты еске алу ғана емес, сондай-ақ, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға да септігі тиетін бұл жарыстың өтуіне Бекболат Бірбаев басқаратын Райымбек аудандық жасөспірімдер спорт  мектебінің ұжымы айтарлықтай күш салған болатын. Турнир жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталып, жарыс жоғары деңгейде өтті. Ал сөз соңын аталмыш жарыстың өткізілуі дәстүрге айналса деген тілекпен аяқтағымыз келіп отыр. 

 Мұрат МҰҚАШҰЛЫ,

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

Яндекс.Метрика