АСА МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТІ ҰМЫТПАЙЫҚ!

Ел президенті 2022 жылын «Балалар жылы» деп белгіледі. Бастысы, балаларымыздың бақытты, қауіпсіз өмірі. Оны қамтамасыз ету біздің, яғни үлкендердің міндеті. Ең қиыны, балаларымыздың түрлі төтенше жағдайлар кезінде зардап шегуі болып тұр. Бұған соңғы статистикалық мәліметтер де дәлел болады.

Апат алғаш басталғанда қашан да адамдар абдырап, не болып қалғанын түсінбей, не істеу керек екенін біле алмай сасқалақтап қалады. Әсіресе, балалар. Осындай жағдайларды болдырмау үшін, әрине, кішкентай бүлдіршіндерімізден бастап, алдын-ала дайындалуымыз керек. Алдын-ала жұмыс балалардың тәжірибе алуымен қатар, оны шынайы өмірде қолдануға мүмкіндігі бар. Баланың өзін қоршаған ортаны, қауіп көзін түсінуіне жәрдемдесу және балаларға төтенше жағдайды ойын түрінде үлгілеу, талдау және бағалау, қауіпті көре білу, оның қорытындысын болжамдауға және қандай да бір төтенше жағдай орын алған жағдайда құтқару қызметіне қоңырау шалу керегін үйрету аса маңызды міндет.

Өрт… Бұл жиі естілетін қорқынышты сөз. Ал, жанудың туындауы,  бұл – өрт қауіпсіздігі ережелерін,  электр жабдықтары мен электр құрылғыларын  пайдалану негіздерін  сақтамау және отты абайсыз пайдаланудың  салдары.

Бала пәтерде немесе үйде жалғыз қалғанда, үлкендерге еліктеп сіріңке алып,  қағаз жағып,  электр қыздыру құралдарын ток көзіне қосып,  немесе  алау ұйымдастыруы да мүмкін. Әрбір ересек адамның міндеті – балалардың  отпен ойнауына жол бермеу, оның қауіптілігін түсіндіру. Кейде ересек адамдардың өзі жану белгілерін көргенде, түтін иісінің шыққанына аса мән бермей, өртке қарсы қызметіне  ұзақ уақыт хабарламайды. Әдетте осындай жағдайларда өрттің өршіп, қайғылы жағдайларға әкеп соқтыратыны анық. Осындай әрекеттердің алдын-алу үшін балабақшадан бастап  балалардың  бойына сіңіре білуіміз қажет.

Осы орайда, Шымкент қаласындағы өрт сөндіруші және құтқарушылары мектепке дейінгі мекемелерде балалардың арасында өрттің қауіптілігі, отпен ойнаудың салдарынан үлкен төтенше жағдай орын алып, қауіп төнуі мүмкін екендігі туралы айтып, кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, төтенше жағдай орын алған жағдайда тез арада «101» және «112» нөмірлеріне қоңырау шалу қажеттігін қатаң ескертуде. Бұл бағыттағы жұмысты ата-анарда ұдайы түрде атқарып тұруы шарт. Балаға күнделікті қауіпсіздік туралы ескертіп тұрыңыздар!

Өздеріңіз де немқұрайлық танытпай, мына  ережелерді есте сақтаңыз:

— электр аспаптарды тоққа қосылған жағдайда қараусыз қалдырмаңыз;

— балаңыздың жалғыз өзін үйде қалдырмаңыз;

— розеткаларға қол жеткізуіне жол бермеңіз;

-баланың газ плитасы және сіріңкені қолдануына жол бермеңіз;

-балалардың сіріңке ұстауына, от жағуға жол бермеңіз. Мұны істеудің қауіпті екенін түсіндіріңіз.

Сондай-ақ, жоғары қабатты үйлерде олардың терезелерге шығуға болмайтынын ескертіңіз. Қараусыз қалдырмаңыз.

Есіңізде болсын! Балаңыз сізден – ата-анадан үлгі алады! Сіздің жүріс-тұрысыңыз балаңыздың үйде және көшеде тәртіпті болуына үйретеді! Балаларды қайғылы оқиғалардан қорғау үшін барлық мүмкіндікті жасауға тырысыңыз! ТЖ кезінде шақыратын жедел құтқару қызметтерінің «101» және «112» нөмірлерін балаларыңызбен бірге жаттаңыз. Әрбір бала мұны білуі керек.

С. ШОЙМАНОВ   

Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика