2024-07-27

Жастардың қызығушылығын тудырған «Қазақ барысы»

tories/photo_5752.jpg» border=»0″ width=»288″ height=»208″ align=»left» />«Мен қазақпын», — деген жанның өрелі рухын асқақтатар «қазақ күресі» екені әмбеге аян.  Сол қазақ күресінің бүгінгі жағдайымен танысу мақсатында жаттықтырушы Серік Мүбаракұлы Шәйкеновты сөзге тарттық.

Қоныстарыңыз жайлы болсын дей отырып, әңгімемізді қазақ күресінің бүгінгі жағдайы жайлы бастасақ. Орталыққа келгелі оң өзгеріс бар ма?
— Рахмет. Иә, орталыққа қоныс аударғанымыз спортты серік еткен жастарға өте қолайлы болып отыр. Қыстың қақаған аязымен жаздың ыстығында қаланың шетіне қатынап, дайындық жасау балаларға ауыр тиетін. Сол себепті дайындыққа келетін балалар саны да аз еді. Ал, қазір орталыққа келгелі күреспен айланысам деушілердің саны күннен күнге артып келеді. Көпшіліктің қазақ күресіне деген қызығушылығын тудырып отырған тағы бір себеп — өткен жылдан бастап президент кубогы үшін басталған «Қазақстан барысы». Бұл сайыс басталғалы ата-аналар да балаларын қазақ күресіне көптеп ертіп келе бастады. Болашақта «Қазақстан барысы болам», — деп алға мақсат қойған жас балуандардың ынта-жігері де арта түсті. Қазір үш ауысым бойынша балалар күреспен айналысуда. Таңертең 10-нан бастап, түске дейін жасөспірімдер, түстен кейін орта буын, ал, кешкісін ересектер даярлануда. Жалпы қазіргі таңда 60-70-тей бала тұрақты еңбектену үстінде. Бұл, әрине, бұрынғыдан әлдеқайда үлкен көрсеткіш.
Бапкерлікпен айналысуыңыздың басты себебі неде? Қазақ күресін таңдауыңызға қандай күш итермеледі?
— Жалпы, мен, осы Макин қаласының тумасымын. Бірақ мектеп қабырғасын Сәуле ауылындағы орта мектепте бітірдім. Қазақ күресіне деген қызығушылығым осы мектепте жүргенде басталды. Оқушы кезімде 5 жыл бойы күреспен айналысып, аудан жеңімпазы, облыстан жүлделі орындар иелендім. Дзюдодан облыс чемпионы атандым. Міне, осы бір жемісті де, жеңісті шақ менің өмірімді түбегейді өзгертті десем болады. Қазақ күресін таңдауымның басты себебі де осы. Мектеп бітіргенен кейін де  спортқа деген қызығушылығым жалғасып, Көкшетау қаласындағы Көкше академиясын денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітіріп шықтым. 2008 жылдан бері осы туған өлкем — Бұланды жерінде балуандар баптап, бапкер болып қызмет етудемін.
— Қазіргі таңда үмітіңізді ақтап, байрақты бәсекелерде топ жарып, аудан абыройын асқақтатып жүрген шәкірттеріңіз бар ма?
— Болашағынан үміт күттіріп отырған балуандар, Аллаға шүкір, бізде де жетерлік. Солардың бірі — Балуан Шолақ орта мектебінің түлегі Геннади Везденский. Жасөспірімдер және жастар арасында облыс чемпионы, Ақмола облысының құрама командасының мүшесі. Биыл Ақтөбе қаласында өткен республикалық жарыста жүлделі орыннан көрінді. Руслан Баяндинов -жасөспірімдер арасында Ақмола облысының чемпионы. Облыста жастар арасында — 3-ші, Астанада өткен «Астана-Бәйтерек» турнирында 3-ші орын иеленген. Жомарт Мұхтаров — жасөспірімдер арасында облыс чемпионы. Бексұлтан Шәйкенов алғаш рет өткізілген облыстық «Жас барыс» турнирінде 2-орынды еншіледі. Айта берсек, жүлделі орындардан көрініп жүрген жүрген жерлестеріміз жетерлік. Шәкірттеріміз облыстық, республикалық додаларда топ жарса ол біздің, ауданымыздың мақтанышы емес пе?
-Балуандарымыздың дүбірлі додаларға қатысып, бақ сынауына қолдау көрсетіп жүрген аудан азаматтары бар ма?
— Әрине, бар. Алланың қалауымен бойында намысы бар, атқа мінер ағаларымыздың арқасында балуандарымыз басқа жерлерде өтетін бәсекелерге қатысып жүр. Қазіргі кезде бізге Құртаби, Тұрлыбек, Асылбек, Серік сынды ауданымыздың бетке ұстар азаматтары қолдау көрсетіп жүр. Кей ата-аналар балаларын өз күштерімен облыстық, республикалық сайыстарға жіберіп тұрады. Сонымен қатар осы жылдан бастап бұланды ауданы бойынша қазақ күресі федерациясының президенті болып сайланған Төлеген Есенжолұлы Бертаев қазіргі балуандар баптап жүрген спорт залдың ішін жөндеуге көмектесті. Дегенмен де, қаражат мәселесінің көп жарыстарға баруға кедергі келтіріп отырған жайы бар.
— Балуандарымыздың бақ сынап, бабында болуына тағы қандай кедергілер бар?
— Қазақ күресінің кимоносы (белдесу киімі) жеткіліксіз. Балуандар дайындалатын боз кілем тарлық етуде, бірақ жаңа жылдан кейін боз кілем тарту етеміз деген. Асыға күтудеміз.
Оқырманға айтарыңыз?
— Еліміздің ертеңгі байрағын желбіретер балуандар даярлау сіз бен біздің қолымызда. Спортқа икемі бар балаңыздың болашағынан үміт күтсеңіз, спорттық үйірмелерден кеш қалмаңыздар.
Әңгімеңізге рахмет!
   Иә, қысқа жіп күрмеуге келмейді. Аудан абыройын арқалаған балуандарымыздың байрақты бәсекелерге қатысып, бақ сынауына бәріміз жабылып атсалыссақ,  болашақ «Қазақстан барысының» біздің ауданнан шықпасына кім кепіл?

  Сұхбатты жүргізген З. ЖАЙНАРБЕК.

 Ақмола облысы,

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

 

 

Яндекс.Метрика