2024-07-27

Дәуренбек ТӘЖІМБЕТОВ: «АЛАҢҒА «МАҒАН БҮКІЛ ЕЛІМ ҚАРАП ОТЫР» ДЕП ШЫҒУ КЕРЕК»

 tories/img_3290.jpg» border=»0″ width=»172″ height=»185″ align=»left» />

 Қазақстан футболы бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Ұлттық құрамамыз Еуропаға кіргенде бөркімізді аспанға атып қуанғанымызды жасырмаймыз. Алайда, Еуропаға өткенімізге де біршама уақыт болса да, нәтиже әлі күнге дейін жоқ. Қайбір жылдары Қазақстан құрамасының сапында қазақтар жоқтың қасы деген жанкүйерлердің назы БАҚ беттерінен де көрініп жатты. Содан кейін ұлттық құрама тізгінін ұстаған бапкерлер құрама сапына қазақ футболшыларын тарта бастады. Солардың бірі Дәуренбек Тәжімбетов.

 

Осы маусымды Шымкенттің «Ордабасы» командасында аяқтаған Дәуренбек алдағы маусымда басқа командаға ауысқанды жөн көріпті.

–Әңгімемізді туылған жеріңіз бен отбасыңыз жайында бастасақ.

–Мен 1985 жылы 2 шілдеде Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келдім. Ата-анам екі қыз, бір ұлды тәрбиеледі. Яғни мен үйімнің кенжесімін. Руым – Төртқара.

–Футболмен қанша жасыңыздан бастап айналысасыз?

–Ең алғаш футбол үйірмесіне Олжас деген досым алып келді. Ол кезде жасым он үште болатын. Аудандық командада ойнадым. 2002 жылы мектеп бітірген соң Қызылорда қаласына жоғарғы оқу орнына түстім. Бірінші курста оқып жүргенімде жергілікті «Қайсар» командасының қосалқы құрамына қабылдандым. Екі жыл бойы қосалқы құрамда доп теуіп, 2004 жылы «Қайсардың» негізгі құрамына қабылдандым.

–«Ордабасыға» қалай келдіңіз?

–2009 жылы «Қайсар» суперлигадан бірінші лигаға түсіп қалды. 2010 жылғы маусымда мен «Ордабасыға» келдім. Шымкентте өткізген екі жыл өте сәтті болды деп толық айта аламын.

–«Ордабасының» кешегі бапкері Виктор Пасульконың кезінде Сіз Қазақстан кубогі мен суперкубогін жеңіп алдыңыз. Әрине, Пасулько Сіздің бірінші жаттықтырушыңыз емес. Одан бұрын қанша бапкерден тәлім алдыңыз. Жалпы, Пасулько қандай бапкер? Оның жұмысына қандай баға берер едіңіз?

–Пасулько еңбекқор адам. Сөз жоқ, ол «Ордабасыға» келгенде командаға жаңа бір өзгерістер алып келді. Ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары болғаннан соң «Ордабасының» барлық ойыншылары бір үйдің балаларындай болып кеттік. Тактиканы да дұрыс қоя біледі. Алайда, жасыратыны жоқ Қазақстанда Виктор Пасулькодан да мықты бапкерлер бар.

–Мұны сұраған себебім, біраз мамандар «Ордабасыны» күшейткен Беларусьтен келген бапкер Анатолий Юревич дейді. Өкініштісі Юревич еңбегінің жемісін көре алмады. Пасулько дайынға тап болды дейді. Бұған не дейсіз?

–Бұл пікірге толығымен келісемін. Әділін айту керек, Юревич өте мықты бапкер еді. Оқу-жаттығу жиындарында Юревич бізді әбден шыңдады. Кімнің қай орында ойнау керектігін нақты айтып кеткен де осы Юревич болатын. Пасулько келді де дайын команданың тізгінін ұстады. Мен мүлде Пасулькоға сын айтып отырғаным жоқ. Бірақ сол кезде «Ордабасыға» Пасулькодан бөлек басқа бапкер келген жағдайда да біз кубокті жеңіп алар едік. Себебі, команда соған лайық еді.

–Біз қит етсе өз спортымызды Өзбекстан спортымен салыстырамыз. Әсіресе футболды. Өзбекстан легионерлер шақырса Ривалдо сынды кіл мықтыларды шақырады. Ал, Қазақстан әрі кетсе Александр Крохмаль деңгейіндегі футболшыларды шақырады. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

–Қазақстан футболына шынайы жаны ашитын азаматтар бұл мәселені қолға алмайынша, әлемнің топ клубтарынан ешқандай да футболшылар бізге келмейді. Футбол «жұлдыздарын» өзімізге шақыру үшін шенеуніктер футболмен «ауруы» керек. Мен мұны жақсы мағынада айтып отырмын. Егер билік шындап футболды көтерем десе, бұл аса бір біз ойлағандай қиын мәселе емес. Тек жанкүйерлер үшін, болашақ футболшылар үшін ақшаны аямау керек. Сонда ғана нәтиже болады.

–Сіз ұлттық құрамаға қабылдандыңыз. Қазақстан Еуропадағы күштілерді айтпағанда Австрия сынды ортанқол командалардан жер болып жеңіліп жүр. Ал, Өзбекстан Азиядағы мықтылардың сапына кіреді. Осыдан соң ойлаңызшы біздің Азияда жүре бергеніміз тиімді ме еді, әлде Еуропаға ауысқанымыз дұрыс болды ма?

–Азияның футболы дамып келе жатқаны рас. Бірақ Еуропа мен Азия футболын салыстыруға келмейді. «Кәрі құрлықта» әлемнің ең мықты футболшылары өнер көрсетеді. Өзбекстан футболының қарқынды дамып келе жатқанына да дауым жоқ. Бірақ Еуропа мықтылардың ортасы. Мықты құрамамен өткізген әр матч сайын Қазақстан аз ғана болса да тәжірибе алады. Ал, ол тәжірибені Азиядан біз ешқашан да ала алмас едіңіз. Демек, Қазақстан футболы бүгін дамымаса, ертең міндетті түрде қанатын жаяды. Оған өз басым жүз пайыз сенемін.

–Құрамадағы алғашқы ойыныңызда қатты толқыдыңыз ба? Жалпы үлкен футболдағы ең алғашқы рет алаңға шыққан сәтіңіз несімен есте қалды?

–Құрама сапындағы алғашқы матчымды 2011 жылы сырт алаңда Бельгия құрамасына қарсы өткіздім. Өкінішке қарай, біз ол жолы 4:1 есебімен жеңілдік. Мұндай көп жанкүйерлердің алдына бірінші рет шықтым. Еліміздің әнұраны шырқалғанда бойыма қосымша күш келгендей болды. Шыны керек қатты толқыдым.

Суперлигадағы ең алғаш ойынымды 2004 жылы «Қайсардың» сапында өткіздім. Қызығы сол кездегі қарсыласымыз «Ордабасы» еді. Шықтым да алғашқы ойынымда-ақ, гол соқтым. Ол кезде «Ордабасының» қақпашысы Александр Воскобойников болатын. Кезінде Воскобойников та «Қайсардың» намысын қорғаған. Сол кезде мен оның қақпасының артында тұрып кетіп қалған доптарын әкеліп беретін едім. Сол голымнан соң Воскобойников маған «әй, сен осы маған бұрын доп әкеліп беретін бала емес пе едің? Енді міне өзіме гол соғып отырсың» деп әзілдегені бар.

–Сіз Қызылордада, Шымкентте доп тептіңіз. Қай қала көбірек ұнайды.

–Шымкенттің табиғаты өте керемет. Адамдары жылы, қонақжай. Тамақтарын да өте дәмді етіп дайындайды. Ауа-райы да қолайлы. Алайда, туған жеріме ешнәрсе де жетпейді. Керек десеңіз Қазалыны Парижге де айырбастамас едім.

–Сіз үшін ең қиын қорғаушылар қай команданың қорғаушылары?

–Менің ойымша Қазақстанда дәл мынау команданың қорғаушылары мықты деп айту мүмкін емес сияқты. Себебі, көріп отырғанымыздай, көп командалар бір деңгейде. Қарағандының «Шахтер» командасының қорғаушыларының бойлары ұзын. Сол себептен де олармен екінші қабатта ойнау маған қиынға соғады.

–Қазақстанда Фархадбек Ирисметов, Қайрат Әшірбеков, Максим Жалмағамбетов, Александр Мокин, Сергей Остапенко секілді жиырма шақты футболшы бар. Солар командадан командаға әр маусым сайын ауыса береді. Бұл Қазақстан футболының түбіне жетеді деп ойламайсыз ба?

–Иә, сөзіңіздің жаны бар. Командада тұрақтылық болмаса, ол клуб міндетті түрде дамымайды. Егер командалар дамымаса, құрама қалай дамысын?! Мұны бір деңіз. Екіншіден, ойыншылардан бұрын бізде жаттықтырушылар жиі ауысады. Бұл да футболдың дамуын тежейтін фактор.

–Әлемдегі ең сүйікті футболшыңыз кім? Және қандай құрама мен командаға жанкүйер боласыз? Әлемдегі ең мықты жаттықтырушы кім деп атар едіңіз? Бүгінгі әлем футболының «жарық жұлдыздары» Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың қайсысы мықты деп есептейсіз?

–Мен үшін ең мықты футболшы кезінде Бразилия құрамасының намысын абыроймен қорғаған Роналдо. Әлемнің ең мықты құрамасы дегенге Испанияны айтар едім. Дәл қазір Испанияға қарсылас болар құрама жоқ. Бала күнімнен «Манчестер Юнайтед» пен «Барселонаның» жанкүйерімін. Алекс Фергюсон әлемдегі ең мықты жаттықтырушы. Бүгінде оның барлық тәрбиелеген шәкірттері қатарларының алдында. Ал, Месси мен Роналдуға келер болсам, Месси әлдеқайда мықты деп айтар едім. Себебі, оның бойында адам түсінбейтін тылсым күш бар. Ол футбол үшін жаратылған.

–Ең өкінген сәтіңіз болды ма?

–Жақында Еуролига жолындағы жарыста «Русенборгпен» өткен матч үшін қатты өкінемін. Біз сенсация жасаудың алдында тұрдық. Жеңіс қолымызда еді. Бірақ өкініштісі сол соңғы минуттарда жеңіс қарсыласымызға ауып кете барды. Қазақстанда жаттықтырушылар командаға қандай жолмен болсын ұтыңдар деген тапсырма береді. Бір-екі гол соққаннан соң тапсырманы орындадық деп өз қақпамыздың алдына жатып аламыз. Бұл кешірілмес қателік. Байқасаңыздар, Қазақстан премьер-лигасындағы ойындарда ірі есеп өте сирек тіркеледі. Тіркелсе де маусымның алғашқы бесінші-алтыншы турларына ғана дейін тіркеледі. Одан кейінгі ойындардың бәрінде бір немесе екі доп айырмасы болады. Бұл жоғарыда айтқанымның тағы бір дәлелі. Жалпы футболда бір секундтың өзі өте қымбат. Осыны жаттықтырушылар мен футболшылар түсінбейінше, жанкүйерлер қызықты матчтарды сирек көретін болады.

–Егер құпия болмаса, Қазақстан құрамасы Сізге қанша жалақы төлейді?

–Құрама сапында ойнайтын бір де бір футболшы жалақы алмайды. Егер тек жеңіске жетсек қана сый ретінде ақша береді. Ал, айлығымыз жоқ. Жалақыны тек клубтардан аламыз.

–«Ордабасымен» бірге көп жетістіктерге жеттіңіз. Не себептен Шымкенттен кеткенді жөн көрдіңіз? Енді қандай командаға баруды жоспарлап отырсыз?

–«Ордабасыдан» өз еркіммен кеттім. Ешкім де ренжіткен жоқ. Қазір Қарағандының «Шахтерімен» келіссөз жүргізіп жатырмын. Келесі маусымда мені сол жақтан көретін боларсыздар. Оныншы желтоқсанда жаңа командаммен бірге не Түркияға, не Египетке оқу-жаттығу жиынына аттануым керек.

 –Қазақстан футболының тезірек дамуына не істеу керек деп ойлайсыз?

–Ең біріншіден құраманың тізгінін сырттан емес, Қазақстанның футболын білетін, түсінетін және жаны ашитын бапкерге ұстату керек. Мәселен бұл орынға мен Дмитрий Огайды айтар едім. Одан соң құрама сапына намысы бар футболшыларды тарту керек. Құраманың кез-келген ойыншысы алаңға «маған бүкіл елім қарап отыр» деп шығу керек. Сонда ғана еңбектің жемісі болады.

–«Ордабасының» жанкүйерлеріне не тілер едіңіз?

–Шымкент менің екінші үйім болып кетті. Қайда жүрсем де «Ордабасының» жанкүйерлерін есіме алып жүремін. Себебі, олар маған қатты қолдау көрсетті. Алаңдағы сәтсіздіктеріме қарамастан орындарынан тұрып маған құрмет көрсетті. Шымкенттің жанкүйерлеріне тек қуанышты, жеңісті күндер тілеймін!

–Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге үлкен рахмет! Сізге де тек жеңістер мен сәттілік тілейміз!

 Сұхбаттасқан: Еркеғали БАЛАЖАНОВ.

«Қызмет» ақпарат

 

 

Яндекс.Метрика