Бәйдібек ауданының әкімі, Райымбек Жолдас: «Ауылдықтар әкімін іздемеcе — жақсы емес»

-Бұрын  Бәйдібек дегенде «Шаян десеңші, Шаянға барсаң әншімін деме» деген қазақтың Мұхтарының қанатты сөзін естуші едік, бүгінде «Бәйдібек пе, өндірісі жоқ аудан ғой» дегенді жиірек естиміз. Не өзгерді?

— Тәуелсіздік алғалы бері   экономикаға,өндірістің дамуына  айқын басымдық беріліп отыр,  пікірдің бұлай құбылуына қоғамдық құрылымдағы  орын алған өзгерістің  әсері болуы керек, әйтпесе, ауданда бүгінгі таңда мәдениет, руханият тұрғысында аз тірлік жасалып жатқан жоқ.
Біздің ауданның жер жағдайы ауыл шаруашылығына бейім. Өндірісіміз болмағанымен ауыл шаруашылығы мал шаруашылығында ілгерілеушіліктер бар.
Ең басты нәрсе қазір адамдардың пейілі өзгерген, ойлауы да өзгеше. Осыдан оншақты жыл бұрын  жұмыссыздық мәселесі белең алса, бүгінгі таңда мысалы құрылысқа жұмыс қолы жетіспей жатыр. Салыстырмалы  түрде алып қарасақ кемшілігімізден жетістігіміз, жақсылығымыз көп.

-Қазір ауылда қолы  бос адам жоқ дейсіз ғой?
-Жері, малы бар адамның қолы босай ма, өзі. Бұрынғыдай «өкімет асырайды» деп ойлайтындар санаулы-ау қазір. Жұрттың бәрі жұмыс істесе жағдайының жақсаратынын түсінді. Жерін игеріп , жылыжай салып , малын бордақылап жатыр. Қазір шаруаға несие беретін қаржы институттары көп, жағдайымды  көтеремін десе мүмкіндік жетеді. Мен 3 жыл мұғалім болған адаммын. Комсомолда да болдым, ауыл шаруашылығы саласында қызмет еттім, әкімдік жүйенің де мектебінен өттім. Ауыл әкімі,  аудандық әкімдікте аппарат  басшысы болдым. Осы елдің арасында өсіп -өнгендіктен барлық жағдай көз алдымнан өтті,ауданның жағдайын негізінен білемін деп ойлаймын.Көп балалы аналарымыздың  қайсыбір жылдары жәрдемақының жырын айтып Астанаға дейін барып елді шулатқан кездері болған. Үш рет пе екен барып алып қайтқанбыз. Қазір мұндай мәселе жоқ. Сол жылдары жеке басының проблемасын айтатын ел , қазір бізге  ауылымызға жаңа мектеп керек, мәдениет ошағы ашылса, жол жөнделсе деп келеді.Рухани мәселені қозғайды.
-Әңгімеңізге қарағанда арыз-шағым да азайған сыңайлы, жалпы  осы арыздың жазылуына көп жағдайда не себеп болып жатады, жаңа жұмыс  орындары бос тұр деп жатырсыз қандай кадрдың тапшылығы бар ?
— Жалпы арыздан қорықпаймын. Халық болған соң ішінде әртүрлі адамдар болады, арыз да жазылады, мақтау да айтылады. Біреу айқайлап келеді,  «әкімсің  мен арызбен келдім қабылдауың керек» деп. Жарайды деп қабылдаймыз. Көбіне сол  дауыс көтере келген адамның шағымы негізсіз болады. Оны сабырмен түсіндіру керек. Жұмыс жүріп жатқан жерде кемшілік болмайды деп көпе-көрнеу жалған сөйлеуге болмайды. Кейбіреулер арызды еріккенінен жазбайды, мәселені шеше алмаған соң амалсыз жазады. Жалпы жоғарыға арыз-шағым түсіру азайды.
Ал, бос тұрған жұмыс  орындарына келсек,  негізінен ауыл шаруашылығы мамандары жетіспейді. Мысалы, қазіргі таңда  үш ауылдық округте  мал дәрігерінің орны бос тұр, құрылыс саласында да солай.Аудандық құрылыс бөлімінің  бастығы лауазымына екі рет конкурс жарияладық, үміткер шықпады. Жасыратыны жоқ ауылдардағы жер инспекторының орнында  юристер отырған жағдайларда бар, бұл да сол маманның жетіспегенінен. Аз штаттың өзіне маман табылмайды.Дәл қазіргі жағдайда  құрылыс, ауыл шаруашылығы бөлімінде бос орын бар және ауыл әкімдіктерінде  жер инспекторларының  орнына үміткерлер болса, есігіміз ашық. Ал, денсаулық сақтау саласында   мәселе оң  шешілген. Соңғы жылдардың өзінде ауданға 28 медицина қызметкері келіп, оларға  тұрғын үй, көтермеақы қаралды.
-Жылыжай салу, тамшылатып суғару технологиясын бәйдібектіктер де там-тұмдап игере бастады.Дегенде елдің бүйрегі  ауыл шаруашылығының қай саласына бұрып тұрғанын біле отырсақ.
-Біздің байлығымыз жер.Ауданда  жерді  тиімді игерудің 5 жылдық бағдарламасы жасалған. Одан басқа  биыл 10 мектептің жанынан жылыжай салу жұмысы басталды. Дихандардың сұранысына келер болсақ, мақсары егемін дегендердің саны артып отыр. Бау-бақша егуге деген ықылас ,  қызығушылық жоғары. Өткен жылы 100 га жерге  бау-бақша егілсе, биыл 80 га жерге жеміс көшеттері отырғызылды. Аталған дақылдарды өсіретіндерге бөлініп отырған субсидия да қомақты, кәсіпкерлер осыны түсіне бастады.
-Қаржыландыру жағынан туындап отырған кедергілер бар ма?
-Бізде аты әйгілі Арыстанды-Қарабастың желі бар емес пе? Көрінбейтін кедергінің бірі осыдан туындап қалады. Қаржы институтындағылардың арасында ашық мойындамағанымен осы жел көшеттерді қиратып кетеді деген пікір бар екен. Біздің кәсіпкерлерде  табанды,  олай еместігін  жұмысымызбен көрсетеміз деп барын салып бағуда. Оған  негіз де бар. Бәйдібекте Алмалы атты ауыл бар. Алмасы болмаса осы ауыл Алмалы аталар ма еді?..
-Желді пайдаға асырудың  жолдары  қалай қарастырылуда?
— Жаңа  энергия көздерін іздеу ғаламдық мәселе. Жалпы республикамызда электр қуатын өндіретін 5 жел стансасын салу жоспары бар. Соның бірі Жүзімдік елдімекенінде  3 жылдай зерттеу тәжірибе жұмыстары жүргізілді. Жүзімдіктің желінен алынатын  электр қуаты 42 МГВТ-қа жетеді деген болжам бар. Егер біздің ауданның энергияға деген сұранысы 3,5 МГВТ екенін ескерсек , бұл жоғары көрсеткіш. Демек, халықаралық қаржы институттары құнын 83 млн долларға бағалаған, 700 га жер бөлінген бұл жоба жүзеге аса қалған уақытта ауданда ең ірі өнеркәсіп орны іске қосылады деген сөз. Қазір жобаға халықаралық аудит жүргізіліп жатыр.
Тағы бір үлкен жобаны осы Бәйдібектен шыққан кәсіпкерлер қолға алған  «Қазақ елі» ЖШС-гі жүзеге асырмақшы.Мал бордақылау кешенін салу, малды асылдандыру сияқты  мәселелерді қамтитын үлкен бағдарламаны  «Қазагро» қаржыландыратын болады. Осы жобаны жүзеге асыру барысында 180-дей адам жұмысқа тартылады және өндірілген өнімдер экспортқа бағытталады деген айқын жоспар бар.  «Сыбаға» бағдарламасы да кәсіпкерлерді қанаттандырып отыр.Бір ғана тиімді тұсын айта кетейін, 40-50 қара малың болса 7 жылға несие беріледі, 2 жыл қайтарымы болмайды. Шаруаға қолда барын  көбейту үшін керегі де осы,бүгінге дейін 28 кәсіпкерден ұсыныс түсті. Мал бордақылау, сүт өндіру саласында жүргізіп отырған жұмыстарын өзгелерге тәжірибе ретінде ұсына алатын Жиенқұмда «Нұрмахамбет», Шалдарда «Жанар» сияқты шаруа қожалықтары бар.
-Бәйдібек тарихи ескерткіштерге бай өлке.Өткенге салауат айтып, ата-баба рухына тағзым етіп келіп жатқандардың бұл өңірге сапары  қыста болмаса жаз айларында толастаған емес. Бірақ бұл сапарларды туризм саласына кіріктіру туралы көп айтылғанымен оны заңдастырудың сәті түспей-ақ келеді. Кедергі киелі жерлерге  мемлекет емес , жеке тұлғалардың ие болуы, осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
-Әңгіменің көп болғаны да рас. Жеке азаматтардың мүддесі де болды. Қалай болғанда да халық қазынасына айналған тарихи ескерткіштердің сақталуына жеке азаматтардың да, қоғамдық қорлардың  да  өзіндік үлесі болды. Әрнәрсенің уақыты болады, бүгінгі күнде біз келісімге келдік. Қазір аудандық әкімдіктің құрылтайшылығымен  «Домалақ Ана» атты  мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылып, басшысы конкурс арқылы тағайындалды. Қазір Домалақ ана, Бәйдібек Ата, Ақ мешіт, Теректі, Жеті Отау сияқты халық көп келетін  киелі орындарды  туристік бағыттарға енгізу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы осы орындарда бүгінгі заманға сай  қызмет көрсетудің  жобасы жасалып отыр. Оған қонақ үй салу, қауіпсіздік шараларын қарастыру, тарихи орындарды электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету,жылу, асхана,  қызметкерлерге айлық төлеу мәселесі кіреді. Қазір  аталған орындарды  мемлекет қамқорлығына  өткізу шаралары жүргізілуде. Тарихи ескерткіштердің осы уақытқа дейін болмаған техникалық құжаттары жасалып, заңдастырылып жатыр. Бұдан былай жәдігерлердің жауапкершілігі бір  мекемеден талап етілетін болады және халық несібесі  жеке қолда кетпей халықтың қазынасына түседі.
-Әңгімеңізге қарағанда  ресми мәлімет қана  емес, әр ауылдың ахуалы жайлы ақпараттарға да жетіксіз, бұл ел-жұртпен жиі кездесудің жемісі ме?
-Ауылдың тым-тырыс жатқаны, ауылдықтардың әкімін іздемегені жақсы емес. Не сенбейді, не мәселені шеше алмайды деп ойлайды. Апта сайын ауыл аралаймын деп өтірік айта алмаймын, оған мүмкіндік те бола бермейді.Шүкіршілік әр ауылдан сол елдің қамын ойлайтын бір адам шығады. Мына мәселе қалып бара жатыр деп есіңе салып отырады. Негізі менің ойымша, бәрінің ашық болғаны жақсы, соның ішінде, әңгіменің де, кездесулердің де. «Сын түзелмей, мін түзелмейді», сын айтпаса мініңді қалай түзейсің. Менің қаперімнен тыс қалғанды, халық келіп айтады.
-Мысалы…
-Көпшіліктің есінде болар  Иықбел деген елдімекенде бір үй өртеніп кеткен жағдай болған. Көп ұзамай-ақ сол ауылдың бір қариясы келіп, өртенген үйдің жағдайын айтып түсіндірді. Ауданда үш арендалық тұрғын үй салынып жатқан болатын.  Ақылдаса  келе сол үйдің біреуін  сол Иықбелден  соғайық деп келістік. Осылай мәселе шешілді.
-Ауыл әкімінің келмегені қалай, кейбір ауылдықтар әкімдерін тани да бермейтін жағдайлар кездесіп жатады.
-Жалпы біздің аудан қазақы қалпы бұзылмаған аймақ. Сондықтан қарияның ауылдасының қамын жегені , кейінгіге үлгі болғандықтан айтып отырмын. Ал, жергілікті әкімдерге келетін болсақ олар тек анықтама беріп отыратын уақыттың өткенін түсіне бастады.
-Келген адамдарды алдын –ала түзілген кестеге сәйкес қабылдайсыз?
-Әрине, қабылдау күні, уақыты белгіленген. Бірақ келген адамды қайтармаймын, менің қабылдауыма жиналыс қана кедергі келтіруі мүмкін.
-Шешім қабылдарда неге сүйенесіз?
-Негізінен кез-келген шешімді мүмкіндігінше мамандармен ақылдасып, келісіп, кеңесіп шешкенді дұрыс көремін.
-Неге сенесіз?
-Қандай қызметте болмасын адам өзінің мүмкіндігімен тәжірибесіне қарауы керек.
-Неден қорқасыз?
-Сөзбен айтып жеткізілуі қиын әділетсіздіктен, тапсырманың дұрыс берілмеуінен.

Бейсенкүл Нарымбетова

«Қызмет» интернет басылымының редакторы{jcomments on}

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика