2022-12-07

Қара шаңырақта қасиет бар

Spread the love
      Қарашаңырақ қазақтың қасиетінің бірі. Бәйдібек өңірінде сыйлы болған елге танымал он ұл мен қыз өсірген Жансейіт ақсақал айтқан мына бір әңгіме есімде қалып қойды. Баланың барлығы орнығып, өмірден өздерінің жолын тауып алысы шетел жақыны Астана, Алматыда орныққан уақыт. Бір күні бәрі жиналып келіп әкелеріне Алматыға көшіңіз деп қолқа салады ғой. Бәріміз қызметтеміз, ауылға келіп кету уақыт алады, бірдеме болып қалсаңыз,сізге ыңғайлы үй табылып тұр, бақшасы да, терегі де бар… Бәрін мұқият тыңдаған қария, министр ұлынан, Қазақстанның астанасы қай қала,- деп сұрайды.
      — Астана…
      — Мемлекетке Астана не үшін керек?
      Ұлы түсіндіре бастайды. Тыңдап болған қария:
      — Сендерге Астана керек пе? — дейді тағы да.
      — Әрине..
      — Ендеше, сенің Астанаң — осы қарашаңырақ, егер Астана керек болса, келесің…
      Әңгіме осымен бітеді.
      Қарашаңырақтың қасиетін ұғындырған өмірден алынған бір мысал бұл. Бүгінгінің мысалы.
      ЖАЛПЫ, ҚАРА ШАҢЫРАҚ ҰҒЫМЫ ҚАЙДАН ШЫҒЫП ЕДІ?
      Ата бабамызда қасиетті қара шаңырақ деген сөз бар, мұндағы шаңырақтың киіз үйдің қақ төбесіндегі қасиетті, киелі, бөлігі. Шаңырақ үй, отбасы дегендіде білдіреді. Отбасын құрып, қол ұстасып, бірге аттанған жастарға «Шаңырағың биік болсын» деп бата берілетіні сондықтан. Бұл құрған отбасының тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген сөз.
      Қара шаңырақ отбасы адам баласының алтын діңгегі. Адам шыр етіп дүниеге келісімен, отбасының есігін айқара ашып, ер жетіп, тәрбие алады.
      Қазақ халқы шаңырақты қасиетті санап, қатты қадірлеген. Ел басына күн туып, қара қазан сары баланың қамы үшін керегесін кессе де, шаңырағын шаппаған.
      Үйдің дәл ортасында күннің жердегі бейнесі іспетті ошақ орналастырылады. Ошақ әлемнің орталық кіндігі есепті. Дәл үстінде күн символы шаңырақ оның үстінде аспандағы күн тұрады.
      Жас отаудың Шаңырақ көтерудің өзі қазақ үшін тағы қызықты, ерекше сәт, отаудың шаңырағын кім көрінген көтере бермейді. Бұған баласы көп, кәрі күйеу керек. Ыңғайлы жер, отау өте үлкен болса, кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде көтереді. Еңбегіне не ат не түйе мінгізеді. Малды отауды көтерткен жақ береді. Жас отаудың шаңырағын кәрі күйеуге көтертуде үлкен мән, ырым бар. Жасы үлкен күйеу қашанда елге сыйлы және тілектес адам. Қартайған сайын жұртына қадірі, сыйы артады. Кәрі күйеу келсе, ауылдың үлкені, кішісі, еркек әйелі онымен бір қағыспай, қажаспай қалмайды. Шаңырақ көтеруде осындай терең сыйластық бар. 
      ОТАУ КӨТЕРУ
     «Көтерілген отауың құтты болып, ұзақ жасап, ішінде сүйсін жарың» (Қыз Жібек). Ұлтымыздың мәдениетінде «отау көтердің» деген сөз бар. Ол «үйлендің, жұпты болдың» деген мағынаны білдіреді. Демек, үйленумен бірге отау көтеруге тиіс. Әдетте ұлы үйленетін, қызы тұрмысқа шығатын ата-ана алдымен отау дайындайды. Қыз жасауына отау қосыла берілетін. Отау жас отбасының бақыт шаңырағы болып саналатындықтан, оны барынша әсемдеп, әдемілеп, толық жабдықтап әзірлеу аз шаруа емес. Оған көрші-көлем, жақын-туыс, нағашы-жиендер тегіс араласады. Кесе-аяқтан бастап, үй киізіне дейін әкеледі. Сөйтіп бүкіл ауыл болып отау көтеру — әрі қызық, әрі міндетті іс. Отау алғаш тігілгенде, оны құрметті әрі елге сыйлы аналар бастайды. Шаңырақты да бақанға ақ мата байлап, ел ағалары көтереді. Отқа май құйылады, «босаға майлау» жасалады. Алғашқы дастархан жайылып, оған мол тағам жасалады. Кіргендер шашу шашып, «құтты болсын», «іші жанға, сырты малға толсын» деген тілекпен қуанышын білдіреді. Жақын туыстар отауға көрімдік әкеліп, мал атайды, бағалы мүліктер сыйлайды.
      Жас отау әке үйінің оң жағына тігіледі. Бұл үйге жасы үлкендер шақырусыз кірмейді. Ал жастар мен балалар қызықтап, осы отауды төңіректейді. Ауылдастар мен жанашырлар жас отау түтінінің түзу шығуын, жаңа үйленгендердің тұрмыс тіршілігін сырттай бақылап, келінге баға беріп отырады. Жас келін ерте тұрып өз үйінің ғана емес, жанындағы іргелес үйлердің де түндігін ашуы оның әдептілігі мен мәдениеттілігін білдіреді.
                                                                                                                                                                                               
                                                                                                                                                                                                 Б.ЖАҚСЫЛЫҚ.

Яндекс.Метрика