2024-07-27

Сайыс емес, сабақ болды

      Үйге енді кіріп келе жатқан кейуана шаң-шұң дауысты естіп қалт тұра қалды. Баласы мен келіні тағы керісіп жатыр. Қу жұмыс-сыздық-ай… Тағы сол ақша шығар келісе алмай жатқандары… Өз бөлмесіне қарай беттегені сол, естімегір қу құлағы келінінің «баланы алдырып тастаймын, апамның бір пенсиясына қарап отырғанда, ол баланы қалай асыраймыз, сен әлі жұмыс тапқан жоқсың?!» деген сөзін шалды. Ұлының үні шықпайды.
      Әй, қу дүние-ай, жүктімін деген сөзді есіткенде әке шіркін қуанбас па еді?! Күмілжіп отыр-дағы. Тағы келінінің дауысы, бұл жолы өктемдеу шықты:
      — Келіспесең, ажырасамыз!
      Сұмдық-ай, енді не істейді? Ұлы да сөйлеп жатыр. Келіндікі де шындық: үш немере, өзі, келін мен ұл бар — бір зейнетақыға қарап отырғанына қанша жыл болды өзі. Кейуана мұнан кейін кімнің не деп жатқанын бағамдай алмады, тамағына тас тығылып қалғандай. Кәрі жанарынан кермек жас ыршып түсіп жатыр. Бөлмеге кіргені сол, үлкен немересі етегіне орала кетті.
      — Әжетай, не болды?
      Қалған екеуі де әжесін көріп тұра ұмтылды.
      — Құлындарым…
      Не де болса екеуімен де сөйлесу керек…
      Аналары кіріп келгенде түріне қарап ұрыс-керістен хабары ба-рын бала да, келін де бірден ұқты. Ұлы келіншегіне «Сенің кесіріңнен анамды ренжіттім, қара жөндеп, енді маған қарағысы да келмейді» деп тіптен арқаланып барады. Енді үндемей қалудың жөні жоқ.
      — Балам… — Ананың үні сынық шықты. — Кімнен кембіз? Әр бала өз несібесімен келеді. Қай бала кімнен кем?
      Осылай деп бір тоқтады. Содан кейін жәймен келініне қарады да:
      — Сен баладан құтыламын дейсің, өзі қанша адамның сәби үнін армандап, аңсап жүргенін білесің бе? Алла саған бақыт сыйлап отыр. Осы туралы ойландың ба? — деді.
      Тыныштық, бәрі де үнсіз. Жайшылықта тыным таппайтын балалар да томпайып-томпайып, момақан қалыпқа түскен.
      Тыныштықты келіні бұзды.
      — Апа, әкесі, мен ашуға ерік беріппін, кешірім сұраймын, артық айтыппын.
      Бір ауыз сөзде осыншалық құдірет бар десе сенбес едік. Осы сөзден кейінгі шат-шадыман қуаныш пен бақытты көзіміз көрді. Бала да мәз, әжелері, отанасы мен отағасы да.
      Бәрімізге таныс жағдай, бір рет те болса осындай жағдайға куә болдық. Бірақ біздің сіздерден айырмашылығымыз бұл жолы біз мұны сахнадан көрдік. Ойнап жүрген актерлар емес қарапайым отбасының мүшелері. Нанымды, кәдімгі өмірдегідей. 
      Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі өткізген «Балам, саған айтам, қызым, сен тыңда» деп ата-латын сайысқа өңірдің 15 ауданынан келген өнерлі де өнегелі отбасылар қатысты. Бұл биыл ғана ардагерлер кеңесі жанынан отауын тіккен «Әжелер алқасының» ке-зекті жиыны бұл жолы да ұйымдастырудағы жаңашылдығымен ерекшеленді. Әдеттегі отбасылық сайыстарда ата-ана мен бала ғана көрінетін. Бұл жолы кимешегінің өзі тәлім-тәрбиенің тәжіндей болып әжелер шықты орта-ға, нағыз қазақтың отбасы осындай болу керек дегенді аңғартып қазынаның қамбасындай аталар жүрді арасында.
      Байқау бес бағытта өрбіді. Әр отбасының өзіндік- сән салтанаты бар. Бәріне ортақ нәрсе ұлттық ұстанымға деген беріктік. Қатысушылардың қайсысының болмасын төрінің келбетін көздің жауын алған қолөнер бұйымдары кіргізіп тұрды. Дастархандары мол, ұлттық тағамдар самсап тұр. Көріп көзің тояды, қазылар алқасы бұл салтанатқа да өздерінің бағасын беріп отырды.
      Әр отбасының өздерін таныстыруы да табиғи. Әлдері келіп, қарым-қабілеті жеткенше бірі қара өлеңмен, бірі қара сөзбен, енді бірі қазақтың қара домбырасын шертіп өз әулеттерін таныстырып жатыр.
      Осыдан кейін байқауға осыған дейін бақылаушы болып отырғандар араласты. Сұрақ-жауаптасқандар отбасындағы тәрбиені әр қырынан алып көрсетті. Отбасында болып жатқан түрлі жағдайлар, ондағы тәлім-тәрбиеге қатысты сұрақтарға жауап тұшымды болды.
      Мұнда ата-әжеге бөлек, бала мен келінге бөлек, немерелеріне бөлек сұрақтар берілді. Немерелер сайысы – яғни әр отбасының немерелері өздерінің былдырлаған тілімен, балдай тәтті қылықтарымен барша көрермен-дерді қылықтарымен тамсандырды. Көпшілігі спортпен айналысатын балалар екен. Тіпті арасында шетелден жүлделі орын алған жеңімпаздар да кездесіп жатты. Көпті сүйсіндірген сайыстан кейін көріністерге кезек келді. Мақсат отбасындағы көп кездесетін кикілжіңдермен, ке-ліспеушіліктерден шығудың жолдарын көрсету. Маскүнемдікке бармаудың да, ашуға жол бермеудің де, қандай жағдай болмасын отбасын сақтап қалудың түрлі жол-дары бар екен. Он бес отбасы соны көрсетті және нандырды. 
      Отбасылар сайысы бір деммен өтті. Ата-әже, ата-ана, бала мен немере бәрінің өзіндік орны, өзіндік міндеті бар екен отбасында. Егер солардың бірі өз міндетін дұрыс орындамаса отбасындағы сыйластықтың сыны кетіп, берекесі қашады. Тура мемлекеттегі сияқты. Бұл сайыс отбасының кіші мемлекет екенін осылай қарапайым әрекет, қарапайым тілмен түсіндірді. Қатысушыға да, тамашалаушыға да сабақ болды. 
      Ұлттық намыс, ұлттық рухтың салтанат құрған күні болды бұл. Осыны сезініп қуанып, қуаттанып жүрмін. Бұл осы іс-шараның басы-қасында ыстық-суығына күйіп жүрген ұйымдастырушы ОҚО ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Үрзада Айтөрееваның пікірі.
      Десе де сайыстың аты сайыс, әділдігін айтар қазысы болған соң жеңімпаздар анықталды. 
      3-орынды — Бәйдібек ауданынан келген отбасы еншілесе, 2-орынды — сарыағаштықтар алды. 1-орын жүлдесі ордабасылық отбасының қанжығасында кетті. Ал, бас жүлде – Түркістан қаласында тұратын Өсербаевтар отбасына бұйырды. 
      Ертегі айтатын әжелер азайды деген заманда өткен бұл сайыс «біз бармыз» дегенді айтты. Бүгінгідей қым-қуыт тірлікте ескере бермейтін тіні нәзік, бір үзілсе жалғануы қиын отбасы құндылықтарын түрін түстеп, атын айтып, қала берді көрсетіп түгендеді.           Облыстық ардагерлер кеңесінің жаңашылдықпен, жаңа серпінмен жұмыс істеп жатқанын көрсетті. 
                                                                                                                                                                                Дана АЙБАСОВА,
                                                                                                                                                                                  “Қызмет” газеті.

Яндекс.Метрика