Су арқылы қандай аурулар тарайды?

tories/ris591.jpg» />Сусыз тірі ағзаның тіршілігінің болмайтындығын барлығымыз жақсы білеміз. Адам ағзасының суға тәуліктік қажеттілігі 2-2,5 литр .   Ағза тіршілік ету барысында судың белгілі бір мөлшерін пайдалану нәтижесінде жоғалтып, оның орнын толтырып отырады.  Жоғалған суды толтыру негізінен ауыз су, сусын, шай т.б. сұйықтықтар арқылы жүреді. Егер пайдаланатын ауыз судың сапасы төмен болса, адам ағзасына әртүрлі ауру қоздырғыштары   еніп, аурулар тудырады. Бұл туралы әр адамның білгені жөн.

       Алдымен, судың эпидемиологиялық маңызына ерекше тоқталып өткеніміз жөн. Себебі су жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың таралуында басты фактордың бірі болып табылады. ДДҰ сарапшыларының мәліметі бойынша әлемдегі барлық аурулардың 80% ауыз су сапасының нашарлығымен және сумен қамтамасыз етудің санитарлық нормаларының бұзылуымен тікелей байланысты екен. Бүкіләлемде жасалып жатқан шараларға қарамастан, жұқпалы аурулардың су арқылы таралуы жоғары деңгейде қалып отыр. Безгекпен ауырған адамдар саны –  800 млн, трахомамен ауырғандар – 500млн, гастроэнтериттермен ауырғандар – 400 млн.адамды құрайды. Ал жыл сайын гастроэнтериттерден 4 млн. бала мен 18 млн. ересек адам қаза болады. Жалпы алғанда суға байланысты туындаған аурулардан 2 млрд. адам зардап шегеді. Аса қауіпті жағдай ауылдық елді–мекендерде қалыптасып отыр, себебі олардың 1/3 ғана қауіпсіз сумен қамтамасыз ету жүйесіне қосылып, 13% ғана канализациямен (кәріз) қамтылған.

          Су арқылы берілетін аурулар көп, оларды бірнеше топтарға бөлуге болады: табиғаты бактериалды ішек жұқпалы аурулары, вирусты аурулар, лептоспироз, бактериалды зоонозды жұқпалы аурулар,протозойлы инвазиялар, глисті инвазиялар.

       Табиғаты бактериалды ішек жұқпалы ауруларына тырысқақ, іш сүзегі, А және Б паратифтер, дизентерия, әртүрлі энтериттер мен энтероколиттер жатады. Бұл аурулардың дамуының басты себептері: ұйымдастырылмаған суды тұтыну, жеткіліксіз су мөлшері, олардың дамуына қоршаған ортада қолайлы жағдайдың болуы, суды алу және суды тазарту қондырғыларында, су құбырларында техникалық ақаулардың болуы, қарапайым жеке бас гигиенасын сақтамау. Осы топ ауруларының ішіндегі ең қауіптісі тырысқақ. Бұл ауру тұтас бір елдерді, тіпті материкті қамти алады. Тырысқақ клиникалық кезеңі ауыр және пандемиялық таралу тенденциясы тән болғандықтан аса қауіптіь жұқпалы аурулар қатарына жатқызылады. Жоғары аурушаңдық пен қаза көрсеткіші іш сүзегі мен А және Б паратифтен де болады. Аурудың қоздырғыштары сальмонеллалар. Таза суда сүзек қоздырғыштары 1,5 жыл сақталады, су құбырындағы суда 3 айға дейін, ашық су көздерінде 12 күнге дейін тіршілік ете алады. Сүзекпен көп жағдайда ластанған арық, тоған, құдық, су қоймасының суларын пайдаланғанда ауырады.   Сумен берілетін аурудың бірі дизентерия. Дизентерия жедел ішек жұқпалы ауруы, оның қоздырғышы шигелла туысты микроағзалары, ол тоқ ішектің зақымдануымен және ағзаның жалпы улануымен сипатталады. Бүгінгі таңда ДДҰ мәліметі бойынша бұл аурумен көптеген елдерде 150 000 аса адам ауырады. Сумен берілетін аурудың бірі колиэнтериттер, олар энтеропатогенді ішек таяқшаларынан туындайды. Бұл аурурлармен негізінен мекемелерде жеке бас гигиенасын дұрыс сақтамау салдарынан жас балалар ауырады.

     Су арқылы берілетін вирустық ауруларға жұқпалы гепатит, полимиелит, аденовирусты және энтеровирусты жұқпалы аурулар жатады. Жұқпалы гепатиттің қоздырғышы А типті вирус, ол бауырды ауыр түрде зақымдап, ағзаның жалпы улануын тудырады. Бұл аурулар суға канализацияның (кәріз) іркінді суының түсуінен болады. Полиомиелит вирусының да су арқылы жұғу мүмкіндігін қазіргі кездегі жиналған деректер көрсетіп отыр. Бұл вирус өзінің вируленттілігін су құбырларында 100 күнге дейін сақтай алады. Коксаки вирусы да ағынды суларда өзінің өмір сүру қабілетін ұзақ уақыт сақтайды. Вирус 18-200С температурада 230 күнге дейін, ал 4-60С температурада   2 жылдан астам уақытқа дейін инфекциялық қасиетін жоғалтпайды. Аденовирустар бірінші рет 1953 жылы анықталған, негізінен ауа – тамшы жолымен жұғады. Бұл жұқпалы аурудың су арқылы берілуі мүмкін деген де мәліметтер бар. Бірінші кезекте бұл эпидемиялық кератоконьюктивитке және аденофарингоконьюктивитке байланысты. Вирус адам ағзасына көздің шырышты қабықшасы және ауыз арқылы енеді.   
        Лептоспироз аурудың қоздырғышын тасымалдаушы кеміргіштер, кейде ірі қара малдар мен шошқа болып саналады. Қоздырғыштың суда өмір сүруіне оның температурасы әсер етеді, яғни, ауру жаз айларында көбірек кездеседі. Қоздырғыштар адам ағзасына асқазан ішек жолы, шомылу кезінде ауыз, ерін, мұрынның шырышты қабықшасы, зақымданған тері арқылы енеді.

     Бактериалды зоонозды жұқпалы аурулар тобына туляремия, бруцеллез, сібір күйдіргісі жатады. Су көздеріне туляремия қоздырғышы кеміргіштерден, ал бруцеллез қоздырғышы ірі қара малдардан түседі. Ағзаға бұл қоздырғыштар асқазан ішек жолы мен тері арқылы түседі. Кейбір авторлардың мәліметтері бойынша туберкулез қоздырғышының су арқылы берілуі мүмкін. Су көздеріне туберкулез қоздырғышы көп мөлшерде туберкулез ауруханаларының тазартылмаған іркінді суларымен түседі.

     Протозойлы инвазиялар, яғни қарапайымдылар тудыратын аурулар негізінен 
климаты ыстық   Азия мен Африка елдерінде кездеседі. Бұлар амебиаз немесе амебты дизентерия, балантидиаз, лямблиоз. Амебиаз мен балантидиаз жедел басталып, созылмалы түрге ауысады. Ауыз сумен бірге түскен қарапайымдылар тоқ ішектің шырышты қабықшасына еніп, оны зақымдайды. Лямблиоз ішектің шырышты қабақшасын зақымдамайды, сондықтан бұл аурудың нақты клиникалық көрінісі болмайды. Халық арасында лямблийді тасымалдау орташа алғанда 15% құраса, ал қолайсыз гигиеналық жағдайдағы балалар мекемелерінде бұл көрсеткіш 30-40% құрайды. Су арқылы берілетін аурулардыңьүлкен тобын глисті инвазиялар құрайды.

     Су арқылы берілетін аурулардың халық арасында таралуының
алдын алу үшін төмендегі шараларды іске асырған жөн:

         ауыз судың сапасына үнемі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізу;

         қайнатылған ауыз суын пайдалану;

         ашық су көзіне шомылғанда сақтық шараларын жасау;

         кез келген ашық су көздеріне шомылмау;

         жеке бас гигиенасын сақтау;

         елді-мекендерді таза ауызмен қамтамасыз ету;

         мүмкіндігінше елді-мекендерді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету;

         ашық су көздерінің санитарлық қорғау аймақтарын қатаң сақтау;

         балалар мекемелерінде эпидемияға қарсы шаралардың жүргізілуін қадағалау;

         зиянды, ластанған іркінді суларды залалсыздандыру;

         ашық су көздерінің сапасын үнемі қадағалау;

         тазарту стансаларында тиімді зарарсыздандыру заттарын пайдалану және олардың тиімділігін қадағалап отыру;

         кезеңді медициналық тексеруден өтіп отыру.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                 С.У.Ескерова
 ОҚМФА, Жалпы гигиена және экология кафедрасы

Дайындаған: Нұрлан Әлімбаев

«Қызмет» ақпарат

{jcomments on}

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика