Сколио́з (грек. σκολιός — «қисық», «бүкір», лат. scoliōsis) — омыртқаның түзу қалпынан бүйір жағына қисаюы, яғни тіндердің өзгерістерімен, омыртқаның ығысуымен және қисаюымен сипатталатын ауру. Омыртқа жотасының алға және артқа қарай иілімі адамның тік жүруіне байланысты қалыптасады.
Ал, омыртқа жотасының бір бүйіріне қарай қисаюы – «сколиоз ауруы» деп аталады. Сколиоз былай жіктеледі:
• пайда болуына байланысты,
• омыртқа бағанасының қисаюына байланысты,
• қисаюдың орнығуы бойынша,
• рентгендік жіктеу,
• омыртқаға түскен салмақтан болған қисаю,
• клиникалық ағымы бойынша.
Омыртқаның қисаюы, негізінен бала күннен пайда болады. Сондықтан, ауруға шалдыққандардың 70-80 пайызы оның нақты қашан және неден туындағанын білмейді, яғни себебі белгісіз, оны идиопатиялық деп атайды. Мұндай сколиоз ер балаларға қарағанда қыздарда 4-7 есе жиі кездеседі екен. Омыртқаның қисаюын дер кезінде анықтау қиын. Себебі ауырмайды, тек баланың тез өсетін шағында, яғни жауырыны немесе қабырғасы қисая бастағанда ғана білінеді екен. 20 % сколиоз туа бітті омыртқалардың өзгеруі салдарынан болады.
Адамның түр-тұлғасының сымбаттылығы көбіне омыртқаға байланысты. Өйткені, ол бүкіл қаңқа сүйекті біріктіріп тұрған негізгі буын. Омыртқаның қисаюы қауіпті дерттердің бірі. Себебі, омыртқаның иіле қисаюымен сипатталып, кеуде қуысы қызметінің және дене бітімінің бұзылуына әкеліп соқтырады. Әлемдік тәжірибеде аурудың диагностикасын көбіне науқастың жас ерекшелігіне қарап жіктейді.
• Жетілмеген (шала дамыған) идиопатиялық сколиоз– 1-2 жас аралығында болған сколиоз;
• 4-6 жас аралығында болған сколиоз;
• 10-14 жас, яғни жасөспірім кезде болған сколиоз;
Кейбір зерттеулерде сколиозды «бірінші кезең — 8 жасқа, екінші кезең — 8-ден 14 жасқа және үшінші кезең — 15-тен 17 жасқа дейін» деп қарастырылған.
Туа біткен сколиозға омыртқалардың тұтасып бітуі, қосымша жарты омыртқалардың болуы, қабырғалардың тұтасып бітуі сынды факторлар әсер етеді. Қисаюдың негізгі доғасы бел бөлігінде орын алады, Жалпы омыртқа жотасының бір жаққа қарай қисаюы – иықтың ассиметриялық жағдайы, яғни, екі иықтың бір деңгейде тең тұрмауынан, омыртқалар жотасының майысып кетуінен аңғарамыз. Омыртқалардың қисаюын ауру дәрежесіне қарай үш түрге бөліп қарастырылады:
• Алғашқы түрінде омыртқаның қисаюы сырт көзге байқала бермейді. Бұлшық еттерге күш түскенде түзеліп кетеді. Бұл оңай жазылып кететін кезеңі;
• Келесі түрі – омыртқа жотасы қисаюының орныққан, қалыптасып кеткен кезеңі. Бұл түрінде иықтың бір жағына салбырап тұрғаны байқалады, кемістік көзге көрінеді. Бірақ омыртқаның бұл ауытқуын да емдеп жазуға болады.
• Үшінші түрі – асқынған кезеңі. Бұл кезеңде омыртқаның ауытқуы анық көрінеді, яғни қабырғалар шодырайып тұрады. Дене бітімін түзету қиынға соғады.
• Қисаюдың ең ауыр түрі – диспластикалық сколиоз, 8-10 жас аралығында жиі байқалып, тез дамитын ауру омыртқа жотасының бел-сегізкөз бөлігінің дамымауы салдарынан болады.
Мектеп жасындағы балалардың омыртқа жотасының бір бүйіріне қарай қисаюының негізгі себептері:
• Орындықта түзу отырмау, бір бүйіріне қарай қисайып отыру немесе үй тапсырмасын орындағанда басын үстелдің үстіне қойып отыру;
• Жазу үстелі мен орындықтың биіктігінің сәйкес келмеуі;
• Көбіне бір қолымен ауыр жүк көтеру;
• Сүйектер мен бұлшық еттердің дұрыс дамымауы т.б.
Сколиозды ерте сатысында еңкею арқылы білуге болады. Баланың қолын төмен түсіріп, еркін қойып, еңкейтіп қарасаңыз, желкеден белге дейінгі омыртқа жоталары түзулігі немесе қисайғаны айқын көрінеді. Омыртқаның қисаюының көлемін рентген суреті арқылы көреді. Омыртқаның өзгеруі туабітті болуы мүмкін. Рентген суреттерінен бүйір жақ кескініне қарап, туабітті ауытқу бар ма, немесе омыртқалардың қалыпты иілуінің бұзылуы ма, соны анықтауға болады. Сколиотикалық омыртқалар көбіне жыныстық жетілу кезінде өрши түседі. Оны бақылап отыру үшін ағзаға зияны жоқ сәулелі емес әдісті пайдаланған жөн.
Ата-аналар назарына:
1. Балаңыздың мүсінін, омыртқа жотасына күш түспеуін сәби кезінен қадағалаңыз. Баланы ерте отырғызуға болмайды, омыртқасына, беліне күш түседі. Бала айы-күні толғанда өзі отырады. Сондай-ақ сәбиді қолға ұстағанда үнемі бір жағымен көтермеңіз;
2. Балаңыздың жүріс-тұрысын, омыртқа жотасын түзу ұстауын, бойында көзге көрінетіндей қаңқа өзгерісі бар-жоғын қадағалаңыз;
3. Баланың бір иығы екінші иығынан жоғары тұрған жоқ па, соған мән беріңіз;
4. Сабақта партаның немесе компьютердің алдында отырғанда түзу отыру керегін құлағына құйып отырыңыз;
5. Ауыр жүк көтертпеңіз, мектепке баратын сөмкесі ауыр болмауы керек, бір жақ иығына емес, арқасына іліп жүретін сөмке алыңыз;
6. Мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалар үшін отыратын, сабақ оқитын үстелі мен орындығы бойына сәйкес келуі тиіс, үстелдің арқасы омыртқа жотасының табиғи иілулерін дұрыс қайталауы қажет;
7. Таза ауада бойын тік ұстап жүргізіп, көп серуендетіңіз. Бір орнында тапжылмай отыра беруге болмайды. Спортпен шұғылдануына көңіл бөліңіз. Мәселен, жүзу, би, гимнастика;
8. Баланың ішетін тамағы дәрумендер мен минералды заттарға бай болуы керек. Яғни, кальций мен фосфорға, «С» және «Д» дәрумендерге мол азық-түліктер, сүттен жасалған тағамдар, балық, көкөністер және жеміс-жидектер жеу керек.
Н.М.Сурашова
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің жетеші маманы
Leave a Reply