Жақында Нұр-Сұлтан қаласында экобелсенділердің басын қосқан экослет өтті. Осы жиынға Түркістан облысы атынан танымал блогер, табиғат жанашыры, саяхатшы Асхат Шотаев қатысып, республикалық экологиялық қозғалыстың облыстағы экоамбассадоры деп танылған еді. Өткен аптадағы Түркістан қаласына сапарымыз кезінде осы азаматпен кездесіп, экоамбассадорлық бастамасы жайында әңгіме қозғадық.
– Асхат Есенбекұлы, республикалық экоқозғалыстың экоамбассадоры деп танылыпсыз. Бұл сөз өзі не мағына береді?
– Экоамбассадор деген – экологиялық қозғалыстың өңірлік өкілі деген сөз ғой. Жалпы, ағылшынның «ambassador» сөзі қазақшаға «елші» деп аударылады. Алайда, қазіргі уақытта ол терминнің қолдану аясы да, мағынасы да біршама кеңейген. Мысал ретінде танымал бренд маркалардың шетелдер мен өңірлерде арнайы амбассадорлары бекітіліп отыратынын айтсақ та жеткілікті шығар. Экоамбассадор дегенге келсек, бұл бір қызмет емес, экологиялық қозғалыс өкілі, осы өңірдегі экологиялық бастамалардың ұйымдастырушысы, үйлестірушісі, халықты осындай мақсаттағы акцияларға шақыратын жетекшісі ғана.
– Әлеуметтік желілерден байқағанымыз, сіздің осындай арнайы экоөкіл атануыңызға қызыға да, таңдана қараған кісілер көп болды. Қаржылай табыс табуды көздейтін коммерциялық жоба емес шығар? Алдағы уақытқа нендей жобалар қарастырып жатырсыздар?
– Бұл ешқандай да коммерциялық жоба емес екені айтпаса да түсінікті. Экосенбілік өткізіп, табыс тауыпты дегенге кім сенеді? Мақсаты – экосауаттылықты насихаттау арқылы қоршаған ортаға құрметпен қарау қасиетін қоғамдық сипатқа жеткізу ғой. Негізі, Нұр-Сұлтан қаласында өткен экослетке Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мұрындық болып, өңірлердегі экобелсенділерді министр Мағзұм Маратұлының өзі қабылдағанмен, мұндай топтар республиканың түкпір-түкпірінде көп. Министрлік тек солардың басын қосты.
Өзіме келер болсам, экологияға жаным ауыратынын, #ӨРНЕК еріктілер клубы экосенбіліктер өткізіп тұратынын екеу білсе де, төртеу білмейді. Бірнеше жыл болды, облыстың туристік нысандарын насихаттап жүрміз. Өзіміздің #ӨРНЕК (өлкенің рекреациясын насихаттайтын еріктілер клубы) деген волонтерлік тобымыз бар. Двигатель 4-5 адам болғанымен, кейбір шараларда 30-ға жуық адам жиналады. Тек туризм емес, экологиялық проблемаларды да көтеріп қоямыз. Жетістіктеріміз де жеткілікті. Республикада алғаш рет #ТазаЕл экосенбілік челенджін бастап, елді мекендер, ірі автожол бойлары, тау шатқалдары мен өзен бойларында қоқыс жинасақ, айналаны көгалдандыру бастамасымен былтыр 500-ден астам ағаш көшеттерін отырғыздық. Сондай-ақ, интернет желілерде, білім беру ошақтарында экологиялық сауаттылықты арттыру тақырыптарында жұмыс істеп жүрміз. Енді экоамбассадор деген өкілдігіміз бар, яғни, өңірдегі проблеманы министрге тікелей жеткізе аламыз. Осы өкілдігіміз арқылы биыл да біршама тірлік тындырсақ деп отырмыз. Табиғатта демалу мен туризмді дамыту дегеніміз экологиялық сауаттылықты арттырудан басталады деп ойлаймын.
– Арнайы атқарылатын жоспарларыңыз бар ма? Тұрғындардың экологиялық сауаттылығын көтеруде қандай қызықты шаралар атқаруды қалар едіңіз?
– Алдағы уақытта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан «жол картасы» секілді арнайы экологиялық шаралар картасы әзірленетін болады. Жақын келешекте нендей шаруалар атқарылатыны сол картада белгілі болады. Бірақ, менің білетінім, Алматы, Теміртау қалаларындағы түтін мәселесі басты орыннан табылатын шығар. От жағу маусымында Түркістандағы көмір түтіні жақын болашақта газдандыру нәтижесімен толық шешіледі деп сенемін, сондықтан ондай мәселе Түркістан облысында жоқ десе де болады. Бірақ, біз министрліктің жол картасын күтпей-ақ, ойлаған жобаларымызды атқара береміз. Өйткені, өзіміздің де экологиялық еріктілерден құралған тобымыз бар, тындырар жоспарымыз да көп. Экология тақырыбында семинар-тренингтер өткізу, видеороликтер әзірлеп, тарату, экосенбіліктер істеу, ағаш көшеттерін отырғызу дейтін шаруалар біздің тақырып.
Осы шаруалар ішінде мені қатты қызықтырғаны «Плоггинг» шарасы. Плоггинг деген спорт түрі бар. Мұндай спорттың ерекшелігі, марафон жүгіру секілді, бірақ қатысушылар жолай қоқыс тере кетеді. Бұл спорттық жарыс ең алғаш 2016 жылы Швецияда басталып, 2018 жылы дүниежүзілік қозғалысқа айналды. Мәселен, Түркістан-Кентау тасжолының белгіленген шақырымын белгілі уақытқа жауып, осындай спорттық жүгіру шарасын өткізер болса, жолдың екі қабаты аз уақытта тап-таза болып қалар еді. Әрі, әдемі экосабаққа ұластыруға болады. Мұны табиғат аясында өткізсе де болады.
– Республиканың түкпір-түкпірінен келген мықты экобелсенділермен жүздестіңіз, презентацияларын көрдіңіз. Көңіліңізден шыққан қандай да бір таныстырылым болды ма? Қай жобаны Түркістанда жүзеге асырса дейсіз?
– Ия, Нұр-Сұлтанда көптеген презентациялар ұсынылды. Ағаш егуден бастап, Алматы, Теміртау қалаларының ауасын тазарту секілді жобалар. Солардың ішінде маған ұнағаны «ЭкоПатруль» деген жоба болды. Мысалы, көшеде кетіп бара жатқан бір кісі қолындағы пластик бөтелкесін тастап кетті делік. Соны қаласын жақсы көретін кез-келген азамат фотоға түсіріп алып, қала әкімдігінің арнайы ашылған чатына жібереді. Ал ол келіп түскен фотосуретті бекітілген мамандар қарап, тиісті заңдылықтарға сәйкес әлгі пластик бөтелке қалдырған азаматқа айыппұл салады. Жергілікті әкімдіктердің мұндай оқиға мен қоқыс қалдыру фактісіне айыппұл салу тәртібі қазір де бар. Бұл жоба сол жүйені жандандырады. Мұны тез арада қолдау керек деп ойлаймын. Мұндай тәжірибе қазір Нұр-Сұлтанда бар, «I-Komek» деген базалар орталығы жұмыс істеп тұр. Осыған ұқсас арнайы «ЭкоПатруль» жобасы Түркістан қаласында атқарылар болса, 2-3 рет айыппұл төлеген кісі төртінші мәрте қайталамайды. Егер, қажет десе, қолымыздан келгенінше ондай жүйе жасап бере аламыз.
– Әңгімеңізге рақмет! Жобаларыңыз іске аса берсін!
Сұқбаттасқан С.Дүйсебайұлы
Leave a Reply