Мінеки, шуағын шашқан көктем мезгілімен бірге 8-наурыз «Әйелдердің күні» халықаралық мерекесі де келді. Айнала жер бусанып, ағаштар бүршік атып, табиғат ояна бастайтын мезгілден әйелдер мейрамының орын алуы тегін емес-ау. Жан сарайлары мейірім мен ізгілікке толы нәзік жандылар барша құрметке лайық.
Жалпы, Шымкент қаласында қанша әйел бар екен? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп Шымкент қалалық Статистика департаментінің басшысы Ерназар Сейітханұлы Құлтаевқа жолыққан едік. Ол кісі біздің сұрағымызды естіген соң:
– Әйел сұлулық пен мейрімділіктің және әдептіліктің символы екені жасырын емес. Барша ерлер қауымы анадан туған соң әйелдер алдында қарыз. Әйелдер жүрген жерде қоғам ширығады, іс алға басады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сондықтан да гендерлік саясатты қолға алды. Сол себептен арамызда әйелдердің көп болғаны жақсы. Ал Шымкентте қанша әйел бар екенін айта кетсем, статистика үнемі өзгеріп тұратын есеп. 2019 жылғы мәлімет бойынша шаһарда 524 мың 513 әйел болған. Оның арасында жаңадан туғаннан бастап 17 жасқа дейінгі аралықтағысы 183 мың 190-ды құраған. 18 жастан 25 жасқа дейінгі аралықтағысы 59 мың 762 болған. 25 жастан 60 жасқа дейінгі аралықтағы нәзік жандылар саны 233 мың 752 болса, 60 жастан жоғарыдағылары 47 мың 789-ды құраған. 2020 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мәлімет бойынша қаламызда жалпы 536 мың 726 әйел бар. Ал әр жас аралығында қанша қыз-келіншектердің бар екені алдағы уақытта анықталатын дүние.
Енді осы сұхбатты пайдалана отырып, қыз-келіншектер мен аналарды көктемдегі айрықша меркесімен құттықтаймын! Баршасына бақытты өмір, еңбектеріне жеміс тілеймін! Нәзік жандылар ешқашан ауырмасын. Желкілдеп өсіп келе жатқан қыздарымыз аңсаған армандарына жетсін! – деп пікірін әдемі тілекпен аяқтады.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ
Leave a Reply