Серілерден кем түспейтін сұлулар

Ел намысы сынға түскен дүбірлі бәсекелерде спортшы аруларымыз алынбастай көрінген биік белестерді бағындырып, үлкен жетістіктерге жетіп,қай кезде де дүйім жұртшылықтың мақтанышы болып келеді.

Бейжің Олимпиадасы ойындарында ауыр атлетика спортынан облыстың, тіпті республиканың маңдайалды табысына қол жеткізген жерлесіміз – Алла Важенинаның күміс жүлдесі тіпті ерлікке пара-пар! Ресейдің Қорған облысы, Шадринск қаласында дүниеге келген спортшы қыз Қазақстан азаматтығын алып, еліміздің атынан сынға түсуге ниет білдірген еді. Әрине, алғашқы кезекте Алла төрт жылда бір рет келер Олимпиада ойындарынан тыс қалуды қаламағаны анық. Жұмыр жер бетінің үздік спортшылары санатындағы Светлана Подоведова, Наталья Заболотная, Надежда Евстюхина, Валентина Попова сынды алыптармен бір салмақта өнер көрсеткен спортшы әуелгі кезде біраз уақыт бапкер назарынан тыс қалып келді. Ал, бұл жағдай алғашқы кезекте Шадринск тұрғындарына тіпті де ұнай қойған жоқ. Нәтижеде, Шадринск қалалық ауыр атлетика мектебінің жаттықтырушысы Юрий Боровский мен Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Ли арасында жүрген келісім бойынша мектептің үш бірдей түлегі – Алла Важенина, Светлана Черемшанова және Елена Шадрина ұлттық құраманың мүшелігіне қабылданды.

Алла бұған дейін Ресей біріншілігінің алтын медалін екі рет жеңіп алса, Светлана үш дүркін чемпион атанған. Ал, Елена біріншілік барысында бір сәтте сегіз рет жаңа рекордтық көрсеткішті тіркепті. Шымкент қаласына қоныс аударған Алла қыз алдымен Каназава (Жапония) қаласында өткен Азия чемпионатында құрама қоржынына күмістен олжа салса, көп ұзамай бұл көрсеткішін Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында қайталай алды. Ал, Ресей бапкерлерінің бұл салмақтағы үміт артқан спортшысы – Надежда Евстюхина жүлдеден мүлдем сырт қалды.

— Важенина күміс жүлдені жеңіп алған Бейжің Олимпиадасында өзінің мүмкіндігін толық таныта алған жоқ, — деді Олимпиада ойындарынан кейін спортшының жаттықтырушысы Юрий Боровский. – Жаттығу залында жұлқа көтеруде – 130, серпе көтеруде – 160 келіні оңай бағындырған ол ойын барысында алғашқысынан 119, кейінгісінен – 147 келіні ғана көтерді. Енді болмағанда, алдымызды ораған қытай қызының соншалықты артықшылығы байқалмаған да еді.

— Шадринск қаласының тұрғындары бізді өте жылы қарсы алды. Ойындар барысын көгілдір теледидар арқылы тамашалаған қала тұрғындары сол мезетте топ-тобымен сап түзеп, көліктерімен түннің бір уағына дейін кернейлетіп сауық құрыпты. Ендігі жерде, Астана қаласында өтер әлем біріншілігіне қызу дайындалатын боламын, — дейді Алла Важенина.

Арманы асқақ қыз мұнан кейін де биік белестерге қол созуға талпынып көрген. Әттең, бағы келіспеді ме, әлде, бабы болмады ма, жанкүйерлерін ірі де жарқын жеңістерімен қуанта алмады. Кешегі өткен Лондон Олимпиадасында бар күшін сарқа жұмсап, аяғына дейін тіресіп бақты. Әйтсе де, шын мықтыға тұсау жоқ. Әлемнің кіл ығай-сығайлары бас қосқан 75 келідегі алпауыттар – қазақстандық Светлана Подоведова, ресейлік Надежда Евстюхина сынды үздіктеріне жол беріп, еріксіз жүлделі орындармен хош айтысуға тура келді. Жалпы қорытынды есепте – Аллаға бағынған биіктік – 6-шы нәтиже ғана болды. Әйтсе де, табиғатынан қайсар қыз өз өміріндегі спорттық жолына өкінішпен қараудан аулақ. Әлемдік марқасқалармен деңгейлесе жүріп, қазақ халқының абырой-мүддесі үшін күрескен ауыр атлет қазір спорттық карьерасын біржола тәмамдауға бел буған секілді. Алланың алға қойған бұл шешіміне бәлкім, құрама бапкерлері өзгеріс енгізе де жатар. Ал, бізге белгілісі, ауыр атлетиканың ғажайып қасиетін Оңтүстік өңіріне танытып, өзіндік леп ала келген Алла Важенина ендігі болашақ жарқын жұлдыздарға үлгі болып қалары анық.

Сағым қуған сары қыз

Ат – ер қанаты. Ат жалын тартып мінуге құмартып өскен қазақ баласы бұл ретте көкпар, бәйге сынды спорттық ойындарда олжа салмауды әбестік көреді. Яғни, атқа деген іңкәрлік – қазақ өрендерінің қанында бар қасиет.

Сөйте тұра, өкінішке қарай, конкур спорты елімізде мүлдем кенже қалып келеді.

                                   Конкур қандай ойын?

Конкур – бүкілдүниежүзілік қауымдастық шеңберінде мойындалып, тіпті Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрі. Оның өзіндік ерекшелігі сол, салт атқа мінген үміткерлер белгілі бір шеңбер ішінде бірнеше кедергілерден өтуі тиіс. Сырт қараған адамға бұл нағыз шабандоздың тұлғасын көрсетеді. Шектеулі уақыт ішінде олар шеңберді айнала шауып, 70 сантиметрден бастап, 1,5 метрге дейінгі биіктікке қойылған кедергілерді бағындыруы тиіс. Қорытындысында алынған кедергілер деңгей-дәрежесі бойынша баллдық көрсеткіш арқылы есептеледі.

            Бапкер туралы

Облыстық ұлттық спорт мектебінде соңғы бірер жыл көлемінде ғана ашылған бұл ойын түрінен қазірдің өзінде біршама ауқымды іс-шаралар атқарылды. Бүгінде Алматы, Бішкек, Ташкент қалаларында өткен әлем Кубогі ойындарына қатысып, айтарлықтай тәжірибе жинақтаған алматылық Ирина Чайникова ендігі жерде жергілікті жас өрендерге лайықты бағыт-бағдар беріп, келісім-шартпен қызмет етуде екен.

— Маған мұндағы орта қатты ұнайды, — дейді Ирина. – Мектеп қабырғасында ат спортына қызығушылығын танытып, үдеден көрініп жүрген жасөспірімдер қатары күн санап өсіп келеді. Евгений Барашкин, Азамат Әжібаев, Мөлдір Есболғанова, Сандуғаш Садықова, Аяжан Қонақбай сынды шабандоздар көпшілік қауымға кеңінен таныла бастады. Жаттықтырушылар Шалқар Намазов, Шоқан Сұлтахановпен тез ұғынысып, осы салада бірге жұмыла қызмет етудеміз.

Кейін оның тәрбиелеген шәкірті Дилбор Шишкова – Турин (Италия) қаласында сарапқа салынған Әлем Кубогінің финалдық кезеңінде өнер көрсетті. Одан бөлек, құрлық деңгейінде есімі танымал Михаил Сабитов, Петр Соловьев, тағы басқалар алғаш Ираның тәлімін алған шабандоздар.

Ирина бүгінде әлі де болса ат спортынан айтулы сындарда бағын сынап келеді. Өзі үкілеп мінген ганноверлік және Ақалтеке тұқымды жылқылар бұл спорт түріне аса бейімді екендігін айтады.

— Алдағы жыл Азия ойындарында тағы бір бағымды сынап көрмекпін. Бәлкім, ол менің соңғы спорттық карьерам болуы да ғажап емес, — дейді шабандоз.

Ия, білікті бапкер бола білу кез-келген спортшының маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Ал, Ира өзін танымал бапкермін дегенді айта алмайды. Бастысы, ол ең алғашқы ұстазы болған үш дүркін Олимпиада ойындарының жеңімпазы Иван Квасовтан тәлім алып өскендігін мақтан етеді.

Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.

       Алла Важенина

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика