tories/1188475.jpg» border=»0″ width=»207″ height=»147″ align=»left» /> Шахмат ойыны адамзат баласына сонау көне замандардан бері белгілі. Біздің заманымыздың V ғасырында Үндістанда пайда болған ойын әлі күнге дейін көптеген адамдарды қым-қиғаш тактикалық тәсілдерімен, стратегиялық сан алуандылығымен де баурап алған. Ой спортының бұл түрі адамның ойлау қабілетін, назарын,шығармашылық қиялын, байқағыштығын, ой желісінің дәл де алыстан болжау қасиеттерін дамытады.
Шахмат ойынын мектеп бағдарламасына енгізу туралы әңгімелер билік тарапынан соңғы кезде жиі айтылып жүргені де жасырын емес. Бұл балалардың математикалық ойлау қабілетін дамытатыны сөзсіз. Жас жеткіншектердің осы ойынға деген қызығушылығын арттыру мақсатында жақында Шыңғырлау аудандық балалармен мектептен тыс жұмыс орталығында 3-5 сынып оқушылары арасында шахмат ойынынан сайыс ұйымдастырылды. Орталық басшылығы қолдауымен өткен бұл сайысқа аудандық шахмат үйірмелерінің оқушылары қатысқан болатын. Төрелік етуші мұғалімдер А. Базарбаев, А.Кулушев және Н. Есенов бақ сынаушыларды сапқа тұрғызып, сайыс тәртібін түсіндірді. Жарысты өткізудің олимпиялық жүйесі таңдалды. Жеребе бойынша өз қарсыластарын анықтаған оқушылар қарама-қарсы орындықтарға жайғасып, жарысты бастады. Жас жеткіншектер шаршы тақта үстінде тартысты ойындар өткізіп, өз іштерінен жеңімпазды анықтады.
Үшінші орын үшін болған таласта 3-сынып оқушысы Бақтығалиев Ернардың мерейі үстем болды. Ал, финалдық тартыстың қызықты болғаны соншалық, оған қатысқан 5-сынып оқушылары Төлегенов Мирас пен Лекеров Санжар бірін-бірі ала-алмай тең түсті. Тек ойын соңында қалған фигуралар күшін есептеу барысында Лекеров Санжардың логикасы басым болып, бірінші орынды қанжығасына байлады.
Сайыс соңында марапаттау кезегі келіп, 3-сынып оқушылары Бақтыбаев Азамат, Таңатов Айдын және 5-сынып оқушысы Телемгенова Арайлым сайысқа белсенді қатысқаны үшін мақтау қағазымен, Бақтығалиев Ернар ІІІ орын, Төлегенов Мирас ІІ орын, Лекеров Санжар І орын иемденгені жөнінде мақтау қағазы және сыйлықтармен марапатталды.
Теміржан Мамбетов
«Шахмат ойыны» үйірмесінің жетекшісі
Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы,
«Қызмет» ақпарат.
{jcomments on}
Leave a Reply