tories/photo.jpg» border=»0″ width=»262″ height=»170″ align=»left» /> Облыстық опера және балет театры мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны — Оңтүстік Қазақстан облыс әкімдігінің 2007 жылғы 28 наурыздағы № 123 Қаулысымен ашылды. Рахманов Бауыржан Тұрысбекұлы 2011 жылы тамыз айынан бастап директордың қызметін атқарып келеді. Театр, өнер саласында айтарлық бай тәжірибесі бар ол Астанадағы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында режиссер көмекшісі, дыбыс режиссері қызметтерін атқарған. Ресейдің белгілі режиссері И.Александровпен, елге танымал өнер тарландары Ә.Мәмбетов, Е.Обаевтардың мектебінен өткен кәсіби маман кезінде Астанадағы Ұлттық театрдың ашылуына арналған қойылымдар мен концерттерді дайындап, астаналық театрдың өркендеуіне өз үлесін қосқан. 2008 жылдан Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрында көркемдік жетекші, Бас әкімгер қызметтерін атқарды.
2008 жылы ашық аспан астында өткен алғашқы «Әлемдік опера жұлдыздары – Шымкентте» халықаралық фестиваліне атақты опера жұлдыздары Андреа Бейкер (АҚШ), Хоэль Монтеро (Мексика), Эрдем Байдар (Германия-Түркия), Жәмила Баспақовалар (Қазақстан) қатысып, концертке Алан Бөрібаев музыкалық жетекшілік етіп, симфониялық оркестрді басқаруын оңтүстік көрермендері айрықша шабыт және ыстық ықыласпен қабылдағаны бүгінде тарих. 2009 жылы «Әлем опера жұлдыздары – Шымкентте» екінші фестиваліне германиялық М.Фишер, Ресейдің халық әртісі В.Верин, Мариинск театрының солисі С.Гордеев және т.б. қатысты. Театр ғимараты іске қосылғанға дейін, опера және балет театрын ашу идеясының тұсау кесер рәсімінің «Мәңгілік әуендер әлемі», италиялық дирижер Ивано Кайаццоның «Браво, бельканто!», итальялық әнші Омбретта Маккидің жеке концерттері өтті. 2008-2009 ж.ж. өткен Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Австрия, Италия және АҚШ опера жұлдыздарының қатысуымен өткен «Әлем опера жұлдыздары — Шымкентте» халықаралық опера фестивальдері мен әлем опера сахналарында өнер көрсетіп жүрген жерлестеріміз А.Агади, Т.Күзенбаев, Г.Дәуірбаевалардың қатысуындағы «Шымкентім жүрегімде» концерттері облыстың ғана емес, республикамыздың мәдени өміріне ерекше серпін берді. Театрда бүгінде 200-ден астам қызметкер жұмыс жасап жатыр.
— Алғашқы сұрақты бүгінгі көрерменнің сұранысынан бастасақ, жалпы, ақпараттың, жарнаманың заманындағы көрерменнің сұранысы, шығармашылық ұжымға қояр талабы қандай, театр басшысының осы орайдағы пікірін білсек…
-Бұрыңғы көрермен мен қазіргі көрерменнің айырмашылығы жер мен көктей. Ақпараттық технологияның қарқындап дамыған заманы. Әрбір үй интернет жүйесіне қосылған. Қазір қай-қайсымыз да күніне тым болмағанда электронды поштамызды бір ашып көрмесек, жұмысымызды бастай алмай тұрып қаламыз. Себебі, талай шаруаның шешімі әлемдік жүйеге байлаулы тұр. Мұндай кезеңде көрермен сұранысының жоғары деңгейде болуы да заңдылық. Халыққа кәсіби шығармашылық ұжымның талқылауына түсіп, әбден сүзгіден өткен сапалы шығарма ұсынбасаң, көрерменнің жиналуы да қиын. Халыққа қандай дүние ұсыну керек? Көрермен не күтіп отыр? Шығармашылық ұжымға қояр талабы қандай? Бұл бүгінде әрбір театрды ойландырып отырған мәселе деп ойлаймын. Біздің мамандар да көрерменнің сұранысын зерттеу үшін жан-жақты ізденіп бағуда. Алдағы уақытта театрдың дәлізіне арнайы бұрыштама қоямыз, онда қойылымнан шыққан көрермен тамашалаған дүниесі, әртістер туралы өздерінің ой-пікірін жазып қалдыра алады. Жарнама бөлімінің де жүгі ауыр. Афишалар мен баннерлер жасаумен айналысады. БАҚ-мен, халықпен байланыс осы бөлімнің жауапкершілігінде. Өкінішке орай, халық арасында классикалық өнердің түрлерінен бейхабар адамдар көп. Мәселен, симфониялық оркестр, классикалық оркестр дегеннің не екенін білмейтіндер бар. Жарнама бөліміндегілер қойылатын концерттер туралы көрермендерге түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Бүгінде жұртшылық көшелердегі афишаларға көңіл бөлмейді. Алдағы уақытта біздің мамандар интернетпен жұмыс істеуді жолға қоймақ. Бір мезетте 20 мың электронды поштаға театрда қойылатын қойылым туралы қысқаша мәліметті жібере алатындай мүмкіндік туады. Өзіміздегі болып жатқан жаңалықтармен хабардар етіп отырамыз. Осы мәселе бойынша астаналықтармен келісім-шарт негізінде жұмыс жасағалы жатырмыз.
Біздің театрдың ашылғанына 4 жылдай болып қалды. Кезінде Елбасының өзі келіп, тұсауын кесіп берді. Бұл да өз кезегінде үлкен жауапкершілік жүктейді екен. Менің театр басшылығына келгеніме бір жарым жылдай уақыт болды. Бұл салада азды-көпті тәжірибем бар. Өнер адамы қай уақытта да жан-жақты ізденісте жүреді. Менің де бұл салада үйренерім әлі де көп. Әрбір істеген ісіміз — сабақ. Опера мен балет — классикалық өнер. Өнердің төресі, бекзадасы. Сондықтан да бұл өнерді тамашалаушы көрермен қай заманда да табылады. Көрерменнің қарасы күн сайын көбейіп отыр деп айта алмас едім. Дегенмен, театр ашылғалы бері жыл сайын көрерменнің келуі 20,30,40 пайызға дейін көтеріліп отырады. Классикалық өнерге сұраныс бар. Халықтың пікірі жақсы. Жас театр көрерменнің, халықтың көз алдында өсіп-жетіліп келе жатыр.
— Қандай қойылымдар ұсынып жатырсыздар?
— Бүгінгі таңда театр репертуарында әлем классикасынан Дж.Вердидің «Травиата», Р.Леонкаваллоның «Паяцы», қазақ операларынан Е.Брусиловскийдің «Қыз-Жібек», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» опералары, орыс классикасынан П.Чайковскийдің «Евгений Онегин», С.Рахманиновтың «Алеко» опералары мен У.Гаджибековтың «Аршын мал алан» музыкалық комедиясының қойылымы, қазіргі заман авторларының шығармаларынан И.Морозовтың «Доктор Айболит», Р.Салаватовтың «Қарлы ханым» балаларға арналған балеттері бар. Театрдың алғашқы директоры – Асқар Алихан (2007-2009 ж.ж.) таңдамалы қазақ операларынан құрастырылған «Інжу-маржан» қойылымын, алғашқы классикалық спектакльдер: Дж.Вердидің «Травиата», П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операларының сахналануына бастамашы болды. 2009-2010 ж.ж. опера және балет театры директорының міндетін атқарушы – А.Қарсыбаеваның тұсында Е.Брусиловскийдің «Қыз-Жібек», С.Рахманиновтың «Алеко» опералары мен И.Морозовтың «Доктор Айболит» балеті сахналанды. 2010-2011 ж.ж. театр басшылығына келген ҚР мәдениет қайраткері Ә.Нұрмахамбетов С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсы мен У.Гаджибековтың «Аршын мал алан» музыкалық комедиясының премьераларын өткізді. «Інжу-маржан» деген атпен қазақша опералардың жиынтығын ұсынып жатырмыз. 2011-2012 жылғы театр маусымында өз басшылығыммен Р.Салауатовтың «Қарлы ханым» балеті мен Р.Леонкаваллоның «Паяцы» операсы сахналанды. Ринат Салауатов қазір Голландия елінде шығармашылығын шыңдап жүр. Театр ашылғалы бері 8 спектакль, екі балет қойылды. Балет бөлімі қазіргі уақытта қаладағы балет мектебінің түлектерімен жұмыс жасап жатыр. Бұл өздеріне де тиімді. Үлкен сахнаға шығып, шығармашылығын шыңдайды. Осылайша жергілікті өнерпаздармен де жұмыс жасап жатқан жайымыз бар.
—Көрермен алдағы уақытта театрдан тағы да қандай дүниелерді тамашалай алады?
-Құдай қаласа, келесі жылы Мұқан Төлеубаевтың 100 жылдығы келе жатыр. Осыған орай, «Біржан-Сара» операсын қоямыз деп жоспарлап отырмыз. Әртістер қазір қызу дайындық үстінде. Алда Тәуелсіздік күні, одан кейін жаңа жылдық қойылымдар бар. Жаңа, тың дүниелер ұсынсақ деп отырмыз.
-Қазір еліміз шетелдермен тек экономикалық-саяси қарым-қатынастарда ғана емес сондай-ақ, мәдени-шығармашылық байланыста да ынтымақтастық орнатып отыр. Бұл өз кезегінде елдегі шығармашылық ұжымдардың өрісін кеңейтіп келеді. Сіздердегі гастрольдік сапарлар қалай жоспарланып жатыр?
— Қазір біздің облыстың шығармашылық ұжымы Өзбекстан еліне жол жүруге дайындалып жатыр. 30 қарашада Ташкентте екі елдің мәдени ықпалдастығымен ауқымды шара өтеді. Біздің әртістер классикалық әндерден шеру, 6-7 нөмірден құралған қойылым ұсынады.
-Ал театр мамандарының кәсіби шығармашылығын шыңдауы үшін қандай шаралар жасалып жатыр?
— Болашақта әртістеріміз кәсіби біліктіліктерін арттыру үшін Астанаға, берісі Мәскеуден, арысы Италья сияқты классикалық өнердің шыңын бағындырған елдерге барып, ондағы мамандардан дәріс алады. Бұл орайда ауқымды жобалар жасалып жатыр қазір.
-Байқауымызша, театр әртістерінің жетістіктері жаман емес сияқты. Түрлі халықаралық, республикалық өнер додаларынан жүлдемен оралып жатқандары да баршылық. Бірақ, оны көпшілік біле бермейді. Осы эстрада жұлдыздарының жылт еткен жаңалығы жалпақ жұртқа жария болып кетеді. Ал классикалық өнердегілер көбіне еленбей қала берді. Бәлкім, оған жарнаманың жоқтығы да әсерін тигізетін шығар қалай ойлайсыз…
-Классикалық өнерде танымал болу үшін өте көп тер төгу керек. Мәселен, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхаметжановалар тырнақтайларынан-ақ сахнада жанын салып, бүкіл күш-қуатын сарп етіп жүрді. Бірақ, олар 40-қа таяған шақтарында ғана танымал болып, ел ықыласына бөленді. Жалпы, классиканың көтерер жүгі ауыр, бұл өнердің үдесінен нағыз таланттылар ғана шыға алады. Бәлкім бұл өнердің төрелігі де осында шығар.
Иә біздің әртістердің де түрлі байқауларда бақ сынап, өз өнерлерін дәлелдеп жүрген жайы бар. Нәтижелер де көңіл қуантарлық. 2009 жылы театр солисі Ж.Белгібаева Өзбекстан Республикасында өткен Н.Ахмедова атындағы халықаралық байқаудың ІІ орынға ие болып, қоржынымызға алғашқы жүлдесін салса, «Қазақ романсиадасы»халықаралық байқауына театр артистері А.Мазкенова, Е.Жандарбай А.Скибиндер қатысып, ІІ-ші жүлделі орындарды иеленіп, қуантты. М.Кин атты әртісіміз «Маэстро романсиады» номинациясымен марапатталды. Содан кейін театр әншісі Н.Жүсіпбеков Астана қаласында өткен Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән байқауының Бас жүлдесін иеленді және жыл қорытындысы бойынша берілетін облыс әкімінің «Жылдың үздік әншісі» номинациясымен марапатталды. Өткен жылы театр ұжымы облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Театр көктемі-2011» республикалық театр фестиваліне С.Рахманиновтың «Алеко» операсымен қатысып, «Театр дебюті» номинациясын иеленді. 2011ж. театрдың жетекші әншісі Ж.Белгібаева Қазақстан театр қайраткерлері Одағының «Еңлікгүл сыйлығына үміткер» номинациясымен марапатталды. 2011 жылы театр артистері Е.Жандарбай, М.Кин, концертмейстер А.Айғазиева Польшада өткен халықаралық «Рюбецаль музыка бағы» опера фестиваліне театр артисі А.Скибиннің жетекшілігімен қатысты. Айтқандай, Скибин былтыр ХІV халықаралық «Қазақ романсиадасы» байқауының «Қазақ романсы» номинациясы бойынша І-орынды иеленген болатын-ды. Жалпы, былтырғы жыл біз үшін табысты өткен-ді. Астана қаласында өткен ОҚО күндерінде театрдың симфониялық оркестрі, хор ұжымы және солистерінің Қостанай, Қызылорда өнер ұжымдарымен «Бейбітшілік және Келісім сарайында» Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Үкімет басшыларының қатысуымен өтетін концерттік бағдарламаның дайындалуына белсене қатысып, гала-концерттің жоғары деңгейде өтуіне өз үлесін қосты. ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған Астана қаласында өткен ресми концерттік бағдарламаға қатысуға тағы да Е.Жандарбай мен театр әншісі Н.Жүсіпбеков облыс атынан шақырылған болатын. Биыл да жетістігіміз жаман емес. Қазақстан театр қайраткерлері Одағының «Еңлікгүл» сыйлығының «Ең үздік опера партияларын орындаушы» номинациясының Бас жүлдесіне театр артисі Е.Жандарбай ие болды. Содан кейін Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық байқауға қатысқан театр артисі М.Дүйсеев байқаудың Бас жүлдесін иеленіп, қыркүйек айында Өскемен қаласында өткен Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» І Халықаралық байқауында Бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ, театр солисі А.Азатова ХV халықаралық «Қазақ романсиадасы» байқауынан жүлделі ІІ орынмен оралды. Бұдан бөлек, марапаттаулардан да кенде емеспіз. 2010 жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген халықтық сараптамада театр артистері Қ.Құлыншақов, Ж.Белгібаева, А.Скибин, А.Азатова, Е.Жандарбай «Алтын көшбасшы» номинациясымен марапатталды. 2010 жылы театр артисі А.Азатова ҚР мәдениет министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталды. 2011 ж. ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, театрдың Бас балетмейстері Р.Хайрушева ҚР мәдениет қайраткері төс белгісімен, театр артисі О.Даулетова мерейтойлық медальмен, оркестр артисі А.Ордабеков ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталды. 2011 ж. Польшада өткен «Рюбецаль музыка бағы» халықаралық опера фестивалінде М.Кин І-орын, Е.Жандарбай ІІ-орынды иеленіп, А.Айғазиева «Ең үздік концертмейстер» номинациясымен марапатталды. Театр артисі Қ.Қулунчахов жыл қорытындысы бойынша облыс әкімінің «Жыл артисі» номинациясын иеленді. Бүгінгі таңда театрда ҚР мәдениет қайраткерлері Ү.Сейілбекова, О.Дәулетова (Италия өнер академиясының стажері), халықаралық байқаулардың лауреаты Е.Жандарбай Италия өнер академиясының стажері), халықаралық байқаулардың лауреаттары, Мәскеу вокал мектебінің түлектері А.Скибин, Г.Расқалиева, халықаралық байқаулардың лауреаттары А.Азатова, Ж.Белгібаева, М.Кин, Астана өнер академиясының түлектері Ғ.Бекмұрзаев, Г.Ахетова, М.Дүйсеев, Оңтүстік саз колледжінің түлектері халықаралық байқаулардың лауреаттары Н.Балтақожа, Н.Жүсіпбеков, Қ.Құлыншақов және т.б. өнерінен үміт күттіретін жастар опера театрының негізгі шығармашылық тобын құрайды.
Алдағы уақытта да ұжымның елден сұрар сүйіншісі көп болсын дейміз! Жұмыстарыңызға сәттілік!
Сұқбаттасқан Мақпал РЫСБАЕВА
Leave a Reply