Болашақ чемпиондардың САРАЙЫ

tories/images 1.jpg» border=»0″ width=»203″ height=»128″ align=»left» />   Елбасы спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әр­дайым мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып отырғанын әрбір жолдауында айтуды ұмыт қалдырған емес.  2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Н.Назарбаев 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуды міндеттеген болатын. Осы міндеттің  орындалуына Шымкент қаласында орын тепкен № 8 қысқы спорт түрлерінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі өзіндік үлесін қосып жүр. 

      Қысқы спорт түрін дамыту үшін бірінші ауа райы мен климаттық жағдай басты рөл атқаратынын білеміз. Әлемде қысқы спорт түрінен алдына жан салмайтындардың қатарында ауа райы осы спорт түрін дамытуға қолайлы Канада, Ресей, Қытай мен Европа елдері тұр.  Дегенмен солай екен деп қарап отырған ешқандай мемлекет жоқ. Шөлді Араб елдері жасанды жабық мұз айдынында осы спорт түрін дамытуды жоғары деңгейде қолға алуда. Олардың қатарында Сауд Арабиясы мен Кувейт елін айтуға болады. Ал, спорт саласына қомақты қаржы құйып отырған қазақ елінің жөні  әрине бір бөлек. Соның ішінде еліміздегі қар көп жатпайтын  аймақ Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында жылдың кез-келген мезгілінде қызмет ете алатын халықаралық талапқа сай жабық мұз сарайының жөні тіпті бөлек. «Жабық» — дегенде ғимараттың құрылысына қатысты айтып отырмыз, әйтпесе «Мұз Сарайдың» есігі  спортқа  құлшынысы бар барша оңтүстікқазақстандықтар мен қонақтары үшін қашанда ашық.

    Бүгінде толығымен қалалық бюджеттен қаржыландыратын бұл спорт мектебі ертеңгі чемпиондарды тәрбиелеп отырған болашағы жарқын тәрбие ошағы. Мамандандырылған спорт мектебінде  7-14 жас аралығындағы жасөспірім балалар спорттың 5 түрінен 824 бала мен жасөспірім тегін жаттығады. Атап айтар болсақ шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, фристайл, унибой спорт түрінен. Чемпион дегенді жайдан-жай айтып отырған жоқпыз, ашылғанына бар болғаны небәрі екі жыл  болғанына қарамастан мектеп өзі ұшырған чемпиондармен мақтана алады.Күні кеше елімізде өткен 7- ші Қысқы Азия ойындарында фристайл спорт түрінен күміс медаль алған Жібек Арапбаева мен Руслан Аблятифов осы спорт мектебінің мұз айдынында жаттыққан болатын. Бұл бір парасы ғана.

     Бағы мен бабы шапса бұл оқу орнынан әліталай чемпионның шығатынынан жаттығу алаңын аралау барысында біздің де көзіміз жетті. Балалармен тікелей жұмыс істейтін психолог маман мен мейірбике , массажист жұмыс істейді. Тәжірибелі 24 жаттықтырушы таңғы сағат сегізден кешкі жетіге дейін тынымсыз еңбек етуде.7 мен 14 жас аралығындағы балғындар сүйікті істерімен бар ынта-шынтасымен айналысуда.

     «Спортқа қабілеті мен қызығушылығы бар балаларға қашанда есігіміз ашық. Кім білсін, мүмкін болашақ чемпиондар ортамызда жүрген болар.  Біздің 7-ші Қысқы Азияда ойындарында жеткен жетістігіміз біз күтпеген жеңіс болатын» — дейді қысқы спорт түрлерінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Бауыржан Архарбеков.

      Елбасымыздың өз жолдауында салауатты өмір салтын насихаттау және  бұқаралық спортты дамыту, 2020 жылы бұқаралық спортпен шұ­ғылданушы халықтың санын 30 пайызға дейін жеткізу міндетін жүктеген болатын. Осы Елбасымыздың жолдауын үнемі қаперінде ұстаған азаматтың бірі біз барған спорт мектебінің басшысы Әбдіқұлов Намазбай Анарқұлұлы екен. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қазақы қалпымызбен Намазбай Анарқұлұлы  басы-қасында жүрген бірқатар игілікті істі түгендей кетейік. Бүгінгі таңда мектеп басшысы өз қаржысы есебінен балалар мен жасөспірімдерді арнайы көлік пен киім кешекпен қамтамасыз етеді. Шымкент қаласындағы № 3 қалалық балалар үйінің 24 тәрбиеленушісі осы көмек негізінде спортты серік етіп шапағатын көріп отыр. Сондай-ақ көпбалалы, аз қамтамасыз етілген, ата-анасыз қалған балаларға киім-кешекпен көмектесе аламыз, — дейді қамқор көңілді басшы.  

Енді  «Мұзсарай» ұсынатын спорт түрлерімен таныстыра отырайық.

Мұз сарайындағы  шайбалы хоккей бөлімінде 16 топ жасақталған, барлығы 306 спортшы жаттығады. Жаттығу барысын бақылап көрдік, жастардың хоккейге деген қызығушылығы ерекше. Сонымен қатар унибой  қысқы спорт түрі де даму үстінде екені байқалады. Кезінде мұндай спорт түрінің Петр 1-ші және Екатерина 2-шінің армиясында қолданылғанын тарихтан білеміз.

 -Балам 11 жаста. Мұнда келіп мәнерлеп сырғанау бөліміне қатысып жатқанына бір ай болды. Ешқандай құжаттың қажеті жоқ. Тек қана мектеп директорына өтініш жазсаңыз болғаны. Қазір балам сабақтан кейін осында келіп спортпен айналысып жүр. Бос уақыты жоқ десем де болады. Еш алаңдаудың қажеті жоқ. Психолог, мейірбике,  массажист, сонымен бірге тәжірибелі жаттықтырушыға толық сенім артуға болады. Біз кеш білдік. Ертерек білгенімізде….- дейді баласының ойынын тамашалап отырған Динара  Құдайбергенова әпкеміз.  

-Балалармен жұмыс жасау әрине оңай емес. Дегенмен жақсы азамат дайындасақ бізге одан артық не керек. Жалақымыз да жақсы. Әрбір баламен жеке жұмыс істейміз — дейді спорт мектебінің психолог маманы Шарбану Жаштаева.

      Жалпы, қысқы спорт түрінің қай-қайсысын алмайық адамның денсаулығына пайдасы зор. Осы тұрғыдан келгенде мектеп қызметкерлері біз дені сау ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз деп толық сеніммен айта алады. Сенім деген керемет күш.Біз Шымкенттен  алдағы уақытта қысқы спорт түрлерінен әлемдік деңгейдегі жас чемпиондар міндетті түрде шығады деген сеніммен шықтық «Мұзсарайдан».

        Кез-келген спорт нәтижелі болу үшін үш ұстын керек деседі. Ол тәртіп, сыйластық, отансүйгіштік. Осы үш қасиетті бойына сіңірі білген спортшыдан үлкен үміт күтуге болады-дейді мамандар.  Бұл  көк бөрінің төсін емген қазақтың бүгінгі ұрпағының бойында бар қасиет.

Нұрлан ӘЛІМБАЕВ,

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика