Біздің бүгінгі дүниетаным, көзқарас, халықтық сенім, салт-санамыз кеше ғана пайда болған жоқ. Ұлттық кодымыз да тамырлы тарихтың таразысынан түзіле жүріп қалыптасты. Әрдайым күншуақты сәттер бола бермейтіні секілді. Тарихтың да кей тұстарында зұлматты, запыранды, тар жолда тайғақ кешкен күндер өтті. Ендігі меже мен міндет осы тарихты оқи отырып, ұлттық кодымызды, тарихи санамызды қалыптастыру. Байыбына жетпеген жанда түсінік болмайды. Түсінігі туындаған жанның көкірек көз ашылмақ. Бүгінгі әңгіме «Қазақ тарихы парсы деректерінде» деген тақырыпта филология ғылымдарының докторы, профессор, «Тұран-Иран» ғылыми-зертеу орталығының директоры Ислам Жеменеймен өрбіді.
«ҚАЗАҚТЫ ІЗДЕЙМІН ДЕП ЖҮРІП, ТҮРКІГЕ КЕТТІМ»
– Алдымен әңгімемізді кешегі тарихтың бүгінгі бейнесі қаншалықты ашылды немесе тәуелсіздік алғалы таныммен таразылай алғанымыз қайсы?
– Әңгімемді мына мысалмен бастағым келеді. Әрбір адам өзінің не істеп жүргенін білуі керек. Мейлі кәсіпкер, мейлі жұмысшы болса да оны өзен яки бұлақ деп есептеу керек. Бұлақтың нәрі – адамзаттың теңізіне, отанның өзеніне, отбасының көліне құйылады. Ал, бұлақтың суы лайшаң болмай, тап-таза күйінде теңізге құюы үшін жүретін жолын тазарту керек. Мысалы, ғылымдағы ізденіс те осы бағытпен өрбуі тиіс. Өйткені, тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтады, содан бері төл тарихты тазартуға біршама жұмыстар атқарылды. Кеңестік дәуірде өз тарихымызды жоққа шығармауға ғалымдар көптеген жұмыстар атқарды. Тікелей дереккөздермен болмаса да, орыстың (яғни кеңес жүйесінің өз өкілдерінің) шығыстанушыларын негізге алып, талпыныс жасады.
Ал, тәуелсіздік алған соң, бұл күрескерлігіміз басқаша жолмен қолға алынды. Менің еңбектеніп келе жатқаным шығыстану саласы. Мысалы, мен қазақпын. Сол қазақты іздеймін деп жүріп, түркіге кеттім. Түркінің діні ислам, одан бұрын не болды? Осындай жолмен тереңдеп кете бердім. Тарихты зерттеймін деген адам 3 саланы назарда ұстауы керек. Біріншісі – заттық, материалдық жәдігерлер турасында – археология саласы. Екіншісі – жазба деректер. Үшіншісі – ауыз әдебиеті, фольклор. Осы үш сала бір-бірін толықтырып тұрады да тарихты зерттеуге мүмкіндік береді.
«ЕЖЕЛГІ ТАРИХ – ТҰРАН, ОДАН БЕРТІН – ТҮРКІСТАН, БҮГІН – ҚАЗАҚ ЕЛІМІЗ»
– Көптеген ғалымдар біздің нақты құжаттамалық тарихымыз шет елдерде екенін айтады. Шығыстанушы ретінде парсы жазбалары қазақ тарихына қаншалықты қатысты?
– Мен парсы жазба деректерімен жұмыс жасадым. Сонда қазақ тегінің бастауы түркілер дейміз. Ал, түркілердің ежелгі тарихы жоқ па дегенде, археологиялық жәдігерлердің аздығынан, жазба деректерге арқа сүйейміз. Енді, жазба деректерге қарағанда М.Жұмабаев айтқандай ежелгі тарих – Тұран, одан бертін – Түркістан, бүгін – Қазақ еліміз. Тұран деген сөздің өзі қайдан шыққанын зерттедім. Ең бірінші иран жазбаларында «Авеста» кітабында: «Тұран елінің патшасы – Афрасиаб» деп аталады. Бұл кейіннен М.Қашқаридің «Диуани ат-лұғат түркиінде» Афрасиабтың кім екендігі айтылады. Авестаның түсіндірме сөздігі жазылған «Кітапнама» деген еңбекте «Афрасиаб – қорқынышты, үрей тудыратын адам» деген мағына береді. Яғни, сол есімді ирандықтар қойған. Сол кезде Иран мен Тұран арасында соғыс болған. Қазір, иран жерінде «Сакистан» деген өңір бар. Бұл – сақтар деген мағынаны беріп, сонда сақтардың бір бөлігі қалғандығын көрсетеді. Кейбір тобы Маңғыстау арқылы көшкен. Авестада Тұран жөнінде деректер біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда десе, бізде табылған алтын адаммен сәйкес келеді.
Екінші, ирандықтарда аңыз бар. Онда Иран мен Тұран ұзақ уақыт соғысады. Күндердің күнінде, осы қырғынды жалғастыра бермейік, бір мәмілеге келейік депті. Сосын иранның Араш деген садақшысы таудың ұшар биігіне шығып, жебесін атып, қадалған жері Иран мен Тұранның шекарасы болсын деген шешімге келеді-мыс. Сонда жебе Әмударияның яғни, Жейхун-Сейхун ортасына келіп түседі. Күні бүгінге дейін (қазіргі Түркіменстан шекарасы) Иран мен Тұранның шекарасы сол жер болып бекітіледі. Бұл аңыз бойынша.
Ежелгі тарихтағы М.Қашқари дерегінше Афрасиабты біздің түркілер Алып Ер Тоға деп атаған. Сондықтан, түркілердің ежелгісі Авестадан басталады. Егер, тарихты саяси тұрғысынан қарайтын болсақ, ежелден қазірге дейін Иран мен Тұран бәсекелес. Біздің мемлекетіміздің яғни, Тұран деген біздің заманымызға дейінгі VI-VII ғасырларында қалыптасқан. Кейіннен Түркі мемлекеті болып есептелді.
«МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖАЗЫЛМАҒАН ЗАҢЫ – САЛТ-ДӘСТҮР»
– Біздің халықтық таным-түсінік, салт-сана, әдет-ғұрып кеше ғана пайда болған жоқ. Сонау ежелгі кезеңнен бастау алып, бүгінге дейін жүре қалыптасты. Ежелгі тарихты зерттеуші ретінде қазірге дейін жеткен рухани мұрамыз туралы не айтар едіңіз?
– Қазірге дейін ежелгі жазба және ауыз әдебиетінің негізінде 14 жыр-дастандар жинақталды. Солардың бәрін қарасаңыз: елдік, ерлік, салт-дәстүр, жоқтау деген төрт тақырыпты қарайды. Осы төрт тақырып біздің ел болып, қауымдасып отыруымызға маңызды болған. Елдік – мемлекет болу, бірақ шекара жоқ. Сондықтан елдіктің кепілі – патшасы. Сол үшінде әдебиетте ел болуға патшасын дәріптейді. Мысалы, Тоныкөк, Білге қаған, Алып Ер Тоңа сынды жазбалар. Мемлекеттің жазылмаған заңы – салт-дәстүр. Мәселен, құрылтай болғанда кім, қайда отыру керектігі барлығы салт-дәстүрмен. Салт-дәстүр ежелгі – конституция. Одан кейінгі жоқтау – ердің жоқтығы ауыр тигенін жеткізген. Ер дейтініміз – патша, сұлтан, батыр, нағыз ерді жоқтау болған. Мысалы, Алып Ер Тоңаны жоқтау сияқты. Ол біздің заманымызға дейінгі VI-VII ғасырында өмір сүрсе де, 17 ғасыр бойы ел аузында болған. Сөйтіп барып, ХІ ғасырда Махмұт Қашқари хатқа түсірген.
751 жылы Атлах шайқасынан кейінгі дәуірде тақырыптар өзгерді. Алдыңғы төрт тақырыптың орнына жан мен сана деген ұғымы келді. Түркі немесе парсы әдебиетін қарасаңыз, әуелі Аллаға, пайғамбарға, сахабаларға, еліне пайдасын тигізгендерге мадақпен бастайды. Сол төрт мадақпен идеологияны қалыптастырған. Жан мен сана тақырып өз биігіне жетеді. Бұған мысал, әл-Фарабидің еңбектері дәлел бола алады. Онда ғылымнан бөлек әрбір кәсіпке, 3 іргесі болуы керек. Бірншісі – ақыл һәм сана. Екінші – психология. Үшінші – логика (таразы). Зерттеулерде әл-Фарабидің логикасы маңыздылығын көрсететін мысалдар бар. «Адам – ақыл, айуан – ақылсыз» – бұл Алла Тағала адамды жаратқанда ақыл бергені, өзге мақұлықтарға бермегенін көрсетеді. Логика дегеніміз – ойдан-ой туатын, анық дүниеден беймәлімді табу туралы зерттеу. Мұны әл-Фарабиден, Дауани, Абайдан көре аламыз.
Қазақ тарихына қатысты көптеген орта ғасырда (751-1465) жазылған деректерді қазақ тіліне аударып, зерттеп, зерделеген жоқпыз. Мәселен, кеңес дәуірінде олардың шығыстану ғалымдарымен көптеген еңбектер жазылды. Бірақ, біз тәуелсіз ел болғанда өзіміздің төл таңба тарихты аршып алмадық. Оған тарихшы, шығыстанушы, әдебиетші, археолог мамандар біріге отырып, тарихқа қатысты бұрынғы деректерді қазақшаға аударсақ, ұтамыз. Біздің бір шындығымыз – Қазақстан Республикасы бүгін бар болса, мыңдаған жылғы тарихи қиындықтарды жеңе білдік. Міне, осыған қатысты жан-жақты зерттеулер әлі де жеткіліксіз.
Біздің ата-бабаларымыз ақыл, психология, логиканы жетік білген. Олар өз өмірінде қолданысқа енгізген. Алайда, кеңестік жүйеде бұл тұрғысынан қатты қысымға ұшырадық та қызыл сөзді қуып кеттік. Мысалы, орта ғасырларда болған Аллаға, пайғамбарға, сахабаларға, еліне пайдасы тигендерге мадақ болатын. Кеңестің 70 жылында бастапқы үш мадақ әдебиеттен жоғалды. Ойласаңыз, еліне пайда тигізгендер турасындағы мадақ та түрленіп, билік құрғандарға бағытталып кетті.
«ТАРИХТЫ БІЛУ, ӘДЕБИЕТТІ ОҚУ – ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ТЕТІГІ «
– Сөз қуып кеттік дедіңіз, ендігі халықтың рухын қайта қалпына келтірерлік жол қайсы? Һәм бүгінгі саналы қазақ нені білуі керек?
— Біз төл тарихымызды өз көзімізбен қарауға бейімделуіміз керек. Тек тарих мамандары емес, жалпы халық өз көзімен ұққанда біздің рухани санамыз, психологиямыз, лдогикамыз дамиды. Соның бірден-бір еңбегі «Тарихи рашиди» кітабы. Қазақ тілінде жарық көрген кітап. Одан кейін Мәденеит министрлігі шығарған «Парсы және түркі жазба деректеріндегі қазақ тарихы», «Түркі халықтарының әдебиет тарихы» атты кітаптарды оқыса керек-ті. Алайда мұның бәрі біздің ежелгі тарихқа баспалдақ, бастама ғана. Ал, әл-Фарабидің ғалым болуына бір кітапты 400 рет оқыдым дейтіні әсер еткен. Адам кітапты бір оқығаннан кейін жаттайды, еліктейді, сосын сіңіреді.
Орта ғасырдың тақырыптары өте күрделі болып келеді. Өйткені, әл-Фараби бастаған ғұламалар бұл дәуірді биікке көтерді. Егер, есті оқырман ретінде орта ғасырды меңгерсек, Абайды да Шәкәрімді де толық түсінеміз. Мәселен, Абай үлкен жүкті көтеріп, әл-Фарабиді алып келді. Ол өзінің еңбегінде Физули, Шамси, Науаи, Дауани, Бабыр сынды шығыс ғұламаларын атайды. Мұның бәрі орта ғасырдың ғұлама, ақындары болып табылады.
1465 жылдан кейін Қазақ хандығы дәуірі басталды. Бұл дәуірдің басты мәселесі – жерұйық болды. Асан қайғының бастауымен болған жерұйықты Қасым хан бойына сіңірді. Сөйтіп, тұтас қыпшақтың даласын қазақтың даласы етті. Мұның дерегі «Бабырнамада» Қасым хан туралы айтылады. Сонда қыпшақтың даласы туралы кеңінен мәлімет беріледі. Міне, осындай тарихи деректердің бәрін қазақ тіліне аудаып, транскрипция жасауымыз керек. Мысалы, парсы дерегінде қыпшақтар даланы «дәш» деген. Көпшілік тарихшылар «Дешті Қыпшақ даласы» деп жүр. Анығында, ол – Қыпшақ даласы болады.
Әл-Фараби айтқандай: «Адамның теориялық ақылы практикалық санаға айналмаса, құны көк тиын». Демек, біз тарихты архивке сақтап немесе том-том етіп кітапханаға қойғаннан не пайда? Оны көпшілік оқымаса, бойына сіңірмесе, саналы түрде қабылдамаса. Сондықтан, өмірді басқаратын біз болуымыз керек. Егер, майданда жүріп өзімізді басқармасақ, бізге басқалар билік етеді. Тарихты білу, әдебиетті оқы – идеологияның тетігі. Сонда ғана мемлекеттік жүйені, халықтық танымды қалыптастыра аламыз.
– Салмақты сұқбатыңызға алғыс!
Сұхбатты дайындаған Әзімбек ҚОЙЛЫБАЙ
Leave a Reply