МОМБЕК ӘБДӘКІМҰЛЫ: БИЛІК ТАРИХҚА ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫН ӨЗГЕРТУІ КЕРЕК

Біз өмірдің төл шәкіртіміз. Алайда тобырлық пен тұлғалық деңгейде ұстазға жүгінеріміз анық. Біздің ұстазымыз – тәжірибелі тарих. Өйткені, кешегі мен бүгіннің арасын бөлсе де адамзаттық өзгерістердің нәтижесін көрсетеді. Қоғам қай кезде түрленді, билік те өзгере түсті. Қоғам қашан қалауына қол жеткізді, билік те көндіге түсті. Тек қоғамға лайық билік етерлік көшбасшы керек. Бүгінгі әңгіме тарихшы, жазушы Момбек Әбдәкімұлымен өрбіді.

«ТАРИХ ПӘНІ ӨТЕ ТӨМЕН ДЕҢГЕЙДЕ ОҚЫТЫЛЫП ЖАТЫР»

– Алдымен, әңгімемізді тарихи шындық һәм бұрмаланған тарихтың арнасын түзеуге қатысты бастасақ. Тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебайдың маусым айында Түркістан облысы әкімінің назарына «Бұл қай Рыбалко? Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру керек» деген мақаласы жарық көргенді. Әрине, тарихпен айналысатын мамандар бөлек те халықтың тарихи танымы бір бөлек. Қара халыққа дұрыс тарих қаншалықты дәріптелуде?

– Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері қазақ тарихшылары бұрын айтылмай жүрген талай-талай тарихи сырлардың беттерін ашты. Соған орай, бұл тұрғыда талай игілікті істер де атқарылды. Қаншама том-том кітаптар шықты. Бірақ, сол шыққан кітаптардың барлығы қара халыққа жетпеді. Себебі, аз таралыммен көпшілікке таралмады. Ал, олардың көп тиражбен шығып, кез келген оқырманның қолы жетуі үшін мемлекеттің қолдауы аса қажет еді. Яғни, тиісті министрлік осындай кітаптарды аса мол тиражбен басып шығыруға қажетті қаражатты тауып беруі тиіс болатын. Өкінішке орай, ашығын айтсақ, біздің ғылыммен айналысатын министрлік пен тиісті орындар қазақ тарихын кең насихатталуына көп көңіл бөлмей жүр. Осының кесірінен, баста айтқанымдай, тарихшылардың өткен ғасырлардағы қазақтың шынайы тарихын жазған жақсы шығармалары көпшілікке жетпейді.

Мәселен, қазір мектептегі тарих оқулықтарын қараңызшы. Онда қазақ тарихы тым жұтаң әрі өте қысқа түрде беріледі. Оқулықтарда тарихты оқытатын жазбалардан гөрі, тесттік мәтіндер мен сұрақтар басым. Ал, шынайы тарихты сәл де болса тереңдеу оқып білмеген оқушы, күрделі тарихи тесттік сұрақтарға қалай жауап берсін.

Одан соң жоғарғы оқу орындарында Қазақстанның 1900 жылдан бергі ғана тарихы оқытылады. Қазақ халқының арғы ғасырлардағы тарихы міндетті пән ретінде оқытылмайды. Енді осыған қарап, жоғарғы оқу орнындағы тарих факультетін бітіріп шыққан студенттің өзі қандай тарихшы болып жатқанын біле беріңіз. Демек, қазір қай оқу орнында болса да, тарих пәні өте төмен деңгейде оқытылып жатыр деген сөз.

Бүгінде нағыз тарихшы болудың тағы бір қиындығын айтайын. Мысалы, тарих факультетінен соң осы мамандықтың кәнігі майталманы болуың үшін пейж докторантураға түсуің керек. Ал оған түсуің үшін қойылатын басты талаптың бірі – ағылшын тілін таза меңгеруі қажет. Енді қарашы, қазақ тарихын зерттеу үшін ағылшын тілінің қаншалықты қажеті бар?! Тарихшы болам деген жас өскін өз уақытын шет тілін үйренуге емес, архив ақтарып, құжат зерттеуге арнау керек емес пе? Кейде ойлаймын, осындай кедергінің барлығы – жұртқа қазақ тарихын үйретпеудің жолы ма екен деп. Қазақ тарихшылары азая берсін деген жаман пиғылдан туған теріс ниет пе екен деп…

Қазіргі мен деген тарихшылардың барлығы – өз мамандығына адал берілген бүгінгі жазушылар сияқты жанкештілікпен жұмыс істеп, зерттеу жүргізіп жүрген нағыз майталмандар. Өйткені, тарихшыларға үкімет тарапынан айтарлықтай көмек жоқ. Кейбір жоғарғы оқу орындарында қажеттілікке қарай тендермен тарих тақырыбына арналған кітаптар шығырылады. Бірақ, сол кітаптардың көпшілігі көшірме дүниелер, ішінде жаңа тақырыпты көтергендері өте аз. Жақсы тарихшылардың кең көлемде жұмыс істеуіне мүмкіндік жоқ. Ал, тарихшыларға кең көлемде жұмыс істеуіне мүмкіндік болмаған соң, қазақ тарихы тиісті теңгейде зерттеліп, қажетті дәрежеде дәріптеліп жатыр деп қалай айтамыз?..

– Тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің бір жолы орыстанған жер-су атауларын өзгерту. Яки қазақшалау. Әйтсе де арыға кетпейік, бүгінгі таңдағы Оңтүстік өңірінде аты қазақшаланбаған елдімекендер қанша? Оларды неге өзгерте алмай келеміз?

– Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздегі көптеген ауылдардың, көшелердің, мекеме орындарының орысша атаулары қазақшаланды. Десек те, әлі қазақшаланбай жатқан біріз елді-мекен атаулары бар сияқты. Енді оларды жергілікті өзгешеліктерге, орналасқан жеріне, тарихи атауын қатысты етіп қазақша атау – жергілікті азаматтардың тірлігі. Сонымен бірге бұл мәселемен сол жердің мәдениет, онамастика бөлімдері айналысуы қажет.

«ЖҰРТ БАЙҚАЙ БЕРМЕЙТІН ОРЫНДАРДА ЛЕНИН ЕСКЕРТКІШТЕРІ САҚТАЛЫП ҚАЛДЫ»

– Өткенде бір барғанда Химфармның алдынан Лениннің ескерткішін көрдім. Металургтер саябағында да Ленин ескерткіші тұр екен. Соларға қарап, әлі де кеңестік жүйеден арыла алмай келеміз бе деп қалам… Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтті ғой.

– Бұл – өте көп көтеріліп жүрген мәселе. Біз тарихты зерттегенде немесе жазғанда оны болған күйінде зерттейміз, жазамыз. Онда өткен жаманды-жақсылы, зұлматты-зобалаңды, аласапыранды-жайсаңды кезеңдердің барлығын әліміз келгенше анықтап, сонымен бірге жұрттан ерек тұлғалардың ғұмырбаяндарын түгел жазбалаймыз. Өйткені – олардың барлығы тарих. Сол тарихтың бел ортасында коммунистік партияның көсемі Ленин де бар. Оның есімі қазіргі көпшіліктің жадынан ұмытылып бара жатса да, тарихшылар оны тарихтан алып тастай алмайды. Бірақ, ол құрған жүйе құрыды. Оны көсем тұтқан көпшіліктің санасы да өзгерді. Сонымен қатар, бір кездері үлкен көшелерде тұрған Ленин ескерткіші де алынып тасталды. Енді сол ескерткіштерді біреулер жұрт онша байқай бермейтін бір жерлерге тығып қойғанын халықтың бәрі біледі. Меніңше, аталған ескерткіштер музейде болмаса, басқа жерлердің барлығынан құртылуы тиіс.

«БІЗДІҢ ЕЛГЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ АУАДАЙ ҚАЖЕТ «

– Енді, аға әңгіменің арнасын екінші жаққа бұрсам. Зиялы қауым халықтың шырағданы болуы керек қой. Сондықтан, «Не керек?» деген бағытта үш сұрақты ұсынсақ:

1. Жалпы қазіргі адамзатқа не керек? Яки не жетіспейді, қандай қасиет немесе қандай бағыт керек? Жалпы тарихтың таразысынан айтсаңыз.

2. Адамзаттық тарихтан өз бағымызды бөлек алып, бүгінгі біздің қоғамға не керек деген сауалға қалай дер едіңіз?

3. Ал енді, бүгінгі біздің билікке не керек?

– Қысқа ғана айтарым: біздің елге ұлттық идеология ауадай қажет. Сонда тарих та, ұлттық рух та, қазақы намыс та, тіл де, жалпы, ұлтық мүддені ұстап тұратын құбылыстар мен қағидалардың барлығы өз орнына келеді.

Бірінші, адамзат, оның ішінде қазақ өз жолынан таймау үшін өзінің байырғы ұлттық дәстүрінен жаңылмау керек. Бірақ, көнерген дәстүрді заманға орай ыңғайласқан ортаға тықпылай берудің қажеті жоқ. Біреулер ұлттық дәстүрді тек қыздардың киім киісімен ғана сақтағысы келеді. Енді біреулер діндік тәртіппен халықтық келбет жасағысы келеді. Тағы біреулер басқадай ақыл айтқансиды. Алайда, осылай пікір айтатындардың барлығы – заманның өзгергенін байқамайды, әлде оны ойлауға өрелері жетпейді. Өздері өткен ғасырлардағы ұлт ұстанған тұрмыстық көріністер мен қалыпты нәрселерді насихаттайды да, осы заманға лайықты киінеді, осы заманға лайықты техникалық құралдарды пайдаланады. Уахабтық жолда жүргендер сегізінші-тоғызыншы ғасырдағы араб-парсылық дәстүрлерді шариғат арқылы қазақ арасына тыққысы келеді де де, өздері шариғатта жоқ, мұсылман емес елдердің өкілдері ойлап тапқан ұялы телефонды ұстайды, діндік қағидаттарда жоқ машиналарды мінеді.

Ал, екінші ұлттық идеология дамыса – жан-жақты болар еді, діннің ұлтқа қатысты жолын да, заманға орайғы өзгерістерді де әрбір қазақтың бойына сіңіре алар еді. Бәрінен бұрын әрбір азаматты нағыз қазақ етіп қалыптастырар еді.

Мысалы, адамзат тарихында қазақ халқының өз орнының бар екенін бірталай шетелдік ғалымдар әлдеқашан айтып кеткен. Бірақ, еліміздегі орыстілді және мұсылман делінетін басқа ұлттар қазақ тарихын мүлде аз біледі. Олардың қатарына бөгде мәдениетті бойына сіңірген өзіміздің тілі орыс, жаны дүбәра, түрі қазақ қандастарымызды қосыңыз. Әркім тұрып жатқан жерінің тұрғылықты халқының тарихын білмеген соң, оларға деген құрметі де болмайды. Біздің елде осындай үрдістің бар екені екінің біріне аян. Яғни, Қазақстанда тұратын қазақ тарихын білмейтін бөгде ұлт сенің тіліңді не қылсын. Олар үшін біз тарихы жоқ халықпыз. Өйткені, біздің билік оларға өзіміздің тарихымызды, тілімізді үйретуге құлықты емес.

Айталық, Ресейде орыстың тарихынан аз да болса хабары жоқ бөтен ұлтты тауып бере аласыз ба? Таппайсыз, өйткені ол жақтағылардың барлығы орыс тарихын біледі. Сондықтан да, бәрі орыс халқына, оның тіліне табынады, сол тілде сөйлейді. Бізде бәрі басқаша…

Үшінші, билік тарихқа деген көзқарасын өзгертуі керек. Оны оқытуға кең көлемде қолдау көрсетуі тиіс. Тарихқа қараңызшы, қай мемлекетте болса да, қара халық өз бетінше ештеңе істеген емес, істемейді де. Оны жөнге салатын, оқуға үйрететін көсбасшы керек. Ұлттық қалыпта тәрбиелеп

шығатын һәм алға бастайтын топбасшы керек. Ал, топбасшының рөлін бүгінгі билік атқармағы керек!

— Аға, ойлы әңгіме, сырлы сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Әзімбек Қойлыбай

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика