tories/—81 1.jpg» border=»0″ width=»311″ height=»197″ align=»left» />Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш. Осы орайда, халықаралық аренада Қазақстан спортының беделі жыл санап көтеріле түскенін аңғара аламыз. Биыл төрткүл дүние көз тіккен Лондон олимпиадасындағы (7 алтын медаль!) жарқын жеңістеріміз, Азиада ойындарын өткізгеніміз, бұл байрақты жарыста да құрлықтың алды болғанымыз (32 алтын медаль!) елімізде спортты дамытуға айрықша маңыз беріліп отырғанын айғақтайды. Соңғы жылдары бой көтерген зәулім спорт ғимараттары, елімізде ірі халықаралық жарыстарды өткізе бастағанымыз әлемдік спортта бәсекелі болатынымызды аңғартады. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел спортына ерекше ықыласпен қарайтынын да ескеру керек.
Шындығында, Елбасымызды нағыз спортшы президент десек, артық айтқанымыз болмас. Біле білсек, Назарбаев – күрестен спорт шебері. Осы орайда, Елбасымыздың бапкері болған, Украина және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Лев Ежевскийдің естелігіне назар аударып көрелік. «1958 жылы біздің Днепродзержинск қаласына Қазақстаннан бір топ жас жігіттер оқуға келген. Олар №8 техучилищеде оқыды. Бірде мен жаттығу өткізетін залға шымыр денелі, тығыршықтай жас жігіт келіп: «Мені жаттығуға аласыз ба?» — деп сұранды. «Аты-жөнің кім, бұрын күреспен айналыстың ба?» — деп, өзіне сұрақ қойдым. «Атым – Нұрсұлтан, фамилиям – Назарбаев, күреске әкемнің үйреткені бар…» — деп жауап берді. «Олай болса шешін, көрейік» деп, залда жаттығып жүрген Коля Литошконы шақырып, «Мына жігітті байқайықшы, біраз жұлқылап көрші» деп күрестіріп жібердім. Сол-ақ екен, өзім үлкен үміт артып жүрген Литошкомды Нұрсұлтан шалт қимылымен шалып түсірді. Бәріміз үн-түнсіз қалдық. Содан бері Назарбаев нағыз балуандықты меңгере бастады. Коля екеуі дос болып та кетті. Жаттығуларда ерінбейтін, жеңіске деген жігері көрініп тұратын.
Нұрсұлтан Назарбаев Днепродзержинск қаласында өткізген екі жылында нағыз балуан болып қалыптасты. Классикалық және еркін күреспен қатар айналысты. Әттең, күрестің соңына түбегейлі түскенде үлкен жетістіктерге жететін қабілеті бар еді. Біраз жарыстарда ысылды. Ал, 1959 жылы ол ВЦСПС, яғни, Бүкілодақтық кәсіподақтардың орталық кеңесі турнирінің чемпионы болды. Ол кезде мұндай жарыстың жеңімпаздарына спорт шебері атағы берілетін. Осылайша, Назарбаев спорт шебері нормативін орындаған болатын. Ал, мен үшін тағы бір ерекше қуаныш, сол кездердегі шәкіртімнің бірі мемлекет басшысы, яғни, президент болғаны».
Міне, бапкерлік өмірінде 25 спорт шеберін даярлаған Лев Ежевский өзінің қол астында жаттыққан Нұрсұлтан Назарбаев туралы осылайша әңгімелейді.
Елбасы – спорт саласын дамытуға байланысты тек мемлекеттік маңызды іс-шараларды жүзеге асырып қоймай, жеке басының салауаттылығын, яғни, спортпен шұғылданатынын да өнеге етіп көрсете алатын тұлға. Бұл орайда біз Президенттің суда жақсы жүзетінін, атқа жақсы мінетінін, теннис пен гольфті жақсы ойнайтынын, шаңғымен жақсы сырғанай білетінін білеміз. Түптеп айтқанда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «нағыз спортшы президент» деп атауға тұратын тұлға деп айта аламыз.
«Қызмет» ақпарат.
{jcomments on}
Leave a Reply