Адам
Адам. Адам демекші ең алдымен адам деген кім екенін анықтап алайықшы. Зерттеушілердің пікірінше, адам жер бетінде осыдан 2 – 3 млн жыл бұрын пайда болған деседі. Адам – жер бетіндегі ең жоғарғы даму сатысындағы тіршілік иесі, қоғамдық тарихи әрекет пен мәдениетті жасаушы. Адам – философия, социология, психология, физиология т. б. ғылымдардың обьектісі болып табылады. Адам болып жаратылған соң, адам болып қалу парыз. Адам болып қалу – жан дүниең таза, адамгершілігің мол, сауапты істердің жанында болу деген сөз. « Атанның баласы болма, адамның баласы бол » деген қазақ мақалы осыны меңзесе керек.
Абай, Шәкәрім және ислам теологы Әбу Мұхаммед әл – Ғазали тәрізді даналардың айтуынша, адам болмысы үш бөліктен құралады: тән, нәзік болмыс және жан. Тән табиғаттың негізгі 5 элементінен: топырақтан, судан, ауадан, оттан және эфирден тұрады. Адамның нәзік болмысына – сезім, ой –өріс, ақыл – ес, түйсік және « мен » деген түсінік жатады. Жан – адам өмірін басқарушы қуат көзі, тіршілік болмысы болып табылады. Абай өзін тәнмен балап, табиғи сезімдерінің ықпалында жүргенді « пенде » деп, нәзік болмысын жетілдірген интелектуалдарды « адам » деп, ал жан тазалығы үшін рухани жолға түскендерді « толық адам » деп атайды.
Кез-келген саналы адам өзі өмір сүріп отырған қоғамды,дәуірдің мәнін, тарихтың даму бағытын танып- білгісі келеді. Ежелгі грек философы Сократ «Ей, адам баласы, өзіңді-өзін тани біл» — деп ұрандаған болатын. Демек, грек философы Сократ адамдық қасиетіңді сақтай отырып,қолыңнан келетін мүмкіндікті пайдалан, тоқтап қалма,адам болып қала бер дегісі келгені ғой.
Адам тілі мен ойы дамыған,саналы әрекет ете алатын қабілетті болуы шарт. Ал ол үшін бірінші кезекте білім қажет. ХХVI ғасырда ағылшын философы Ф. Бэкон «Білім — күш» деп ұран тастап,ғылыми білімді адамның өз пайдасы үшін табиғатқа қарсы қоятын,оны түрлендіріп,өз ырқына бағындыратын күш деп көрсетті.
Әр адам жақсы өмір сүріп, бақытты бола алады, бұл оның ақыл-ойына, қайратына, құштарлығына, құлшынысына байланысты. Адамның бақытты сырттан жұға салатын оп-оңай нәрсе емес.Ол адамның жан күйзелісінен, өмір сүруге деген талпынысынан, бірдеңеге қол жеткізсем деген арман тілегінен туындайды.
Жақсылықты өз бойына дарыта білу адам болам деген әрбір жанның қолынан келетін іс-әрекеті. Сондықтан адам өмірінің мән-мағынасы — осы өмірдің өзі, берілген өмірді лайықты дәрежеде өткеру, әркім өз өмірінің мән-мағынасын өзі қалыптастырып, лайықты мазмұнға толтырып, жауапкершілігін өз мойнымен өзі көтеруі тиіс.
Өмірде жаман адам жоқ, ал жаман болу ол адамның өзінен. Бұл әрине адам өмір сүріп отырған ортаға байланысты. Ортаңды бөле жарып шығуға да болады, егер қабілеті жоғары болса әрине.
Адам өмірінің мәні сол өмірді бастан — аяқ адамша сүре білуде: адам болып туған соң, адамгершілікті сақтай білу, адамдық тіліңді мықтап ұстап, өмірдің әр сәтінде адам болып қала білу, қандай да қиын жағдайларда адамдық тұрғысынан таймай, толыққанды шығармашылық күй кешу.
Адам – адамгершілігімен ғана нағыз адам.
Үсентаев Жарылқасын «Қызмет» газеті
Leave a Reply