«KITAP FEST» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ

Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында алғаш рет республикалық «Kitap Fest» кітап фестивалі басталды. «Тұңғыш Президент» күніне орай кітап оқу, кітапқа деген құштарлықты насихаттауға арналған шараны Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Рухани жаңғыру» бөлімі ұйымдастырды.

Шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, жастар, кітапхана оқырмандары, жоғары оқу орындарының және колледж студенттері, мектеп оқушылары, ата-аналар, жалпы қала тұрғындары қатысты.

Кітап фестивалінің ашылу салтанатында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ақыл кені болған кітаптың құндылығына тоқталып, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру жайында сөз қозғады.

«Кітап — адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы, ғылымның қайнар бұлағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайтынын, бұл ретте кітапханалардың кітап қорын жаңалау және толықтыруға басымдық беру керектігін тапсырған болатын.

Шыны керек, қазір адамдар бұрынғыдай кітап оқу дағдысынан айырылып бара жатыр. Мәселен, АҚШ-та ата-ана балаларына 30 минут кітап оқып беруге міндетті. Бүгінгі шараның негізгі мақсаты — кітап оқуды дәріптеу, яғни оқырманның кітап оқуға деген құштарлығын арттыру. Бұл фестивальге келуші әр оқырман баспа үйлерінен және дүкендерінен алған кітаптарының бірін арнайы ашылған «Балаларға базарлық» қайырымдылық бұрышына қалдыра алады. Онда жиналатын кітаптар фестиваль қорытындысында еріктілер көмегімен қаламыздың аз қамтылған және тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың балаларына таратылады», — деді Шыңғыс Мұқан.

Қалың оқырманның кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатында өткен шарада Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының баспа үйлері, кітап дүкендері, кітапханалары оқырманмен ашық диалог құрып, пікірлесу алаңшасында кездесулер өткізілді. Атап айтсақ, «Қазақ университеті», «Фолиант», «Книжный клуб», «Жебе», «Қызмет газеті», «Шұғыла кітап» баспа үйлері, Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ жобалық кеңсесі, «Эрудит», «Қазына» кітап дүкендері мен Шымкент қаласының кітапханалары көпшілікке жаңа туындыларды ұсынды.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика