«Әулие қоймай қыдырып,
Етегін шеңгел сыдырып,
Еш жерге тоқтап тұрған жоқ,
Күндіз-түні кідіріп…»
Осы бір шумақ әрбір қазақтың көкірегінде сайрап тұрған болар. Төрт түлігі сай, төрт құбыласы түгел секілді көрінген байдың ізін жалғар ұрпағы болмай, басын тау мен тасқа ұрып, әулие жағалап кететін көрініс қайбір қазақ баласына етене жақын. Эпостық жырлардағы осы бір сюжеттерде Сайрамдағы сансыз баб, Отырардағы Арыстан баб, Түркістандағы Түмен баб, Қой айтатын Хорасан баб, Әзіреті Қаратаудың етегіндегі Баба Түкті-Шашты Әзіздей небір әулиелердің қасиетін әспеттейді. Дегенмен, осы бір тұста қай жыр болмасын, кейіпкердің әулиеге түнеп, тілегі қабыл болып балалы боларының алдында «етегін сыдыратын» шеңгел кездеседі. Сол жырлардың бірінде Байбөрі бай Жылыбұлақ басындағы Ақшеңгел түбінде түнеп, Шашты Әзізден аян алатыны да бар ғой. «Алпамыс батырда» шеңгел арасындағы ерекше әрекеттерді:
«Бір шеңгелдің басынан
Иіліп келіп бір шыбық,
Маңдайынан тіреді.
Жазайыншы дегенше,
Екі елі батып кіреді.
Қан шыққан жоқ онымен,
«Кереметті екен» деп,
Ақылмен ойлап біледі.
Аналық атты бәйбіше
Жұлып алып жаулығын,
Әр шеңгелге іледі…» деп суреттейді. Мұндай қасиетті шеңгелдер жайлы суреттер тек «Алпамыс батырда» ғана емес, «Қобыланды батыр», «Шора батыр», «Жәнібек батыр» сияқты батырлар жырларында да кездесіп қалады. Қызық, сонда әулие мен шеңгелдің арасында бір байланыс болды ма екен?..
«АҚШЕҢГЕЛДІ АЯҚАСТЫ ЕТПЕЙ ҚАЛАЙ ҚОРШАДЫ, СОЛ УАҚЫТТАН БАСТАП ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ КӨЛІК АПАТТАРЫ ДА САП ТЫЙЫЛДЫ»
Шеңгел демекші, Түркістан облысындағы Келес ауданында да бір қасиетті Ақшеңгел барын білесіз бе? Бірақ, мұнда ескіліктен келе жатқан бабтар да, Шашты Әзіз де жоқ. Есесіне, жергілікті тұрғындар байқаған ерекше құбылыстар орын алып жатады екен. Қысқасы, бұл тылсымды жердің бір басында осы заманғы мифтік, мистикалық әңгімелері көп.
Бізге өзін Пердалы Майлыбаев деп таныстырған ақсақал «Байташ атаның Ақшеңгелі» деп аталатын қасиетті жер барын айтып хабарласты да, өз көзімізбен көріп, танысуымызды сұрады. Түркістан облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау, қалпына келтіру және пайдалану орталығының мамандарымен бірлесе Келес ауданына аттандық. Аудан орталығында аудандық ішкі саясат және мәдениет бөлімі басшысының орынбасары Ербол Назаров пен Пердалы ақсақал қарсы алып, Ақшеңгелге қарай жол бастады. Абай-Шардара тасжолымен Бірлік ауыл округіне қарасты Жаңатіршілік ауылынан шыға берістегі жол бойына сілтеуіш белгі орнатылыпты. Сол араға тоқтадық, тура сол арадан шығыс тарапқа қарай 200 метр шамасында жоңышқалықтың шетінде топ шеңгел өсіп тұр екен. Көлік тізгінін сол жаққа қарай бұрдық.
«Байташ атаның Ақшеңгелі» деген қасиетті жер сол арада екен. Айналасы темір қоршаумен қоршалып, қоршау етегі бетонмен бекітіліпті. Кіреберіс қақпасының үстіне мәлімет жазылып, зияратшылардың садақасы үшін темір жәшік орнатылыпты. Демек, мұнда келетін зияратшылар саны біршама деген сөз.
Ақшеңгел жайлы бізді бастап келген Пердалы ақсақал сөз бастап, таныстыра бастады. Ақшеңгел өсіп тұрған жерде Байташ ата қайтыс болғаннан кейін денесі жуылған, мейрамсуы төгілген жерден осы топ қасиетті шеңгел өсіп шыққанын айтты. Пердалы ақсақалдың әңгімесін Жаңатіршілік ауылының имамы Артықəлі Ботапов былай деп жалғады:
– Әрбір нәрсенің, пенденің өзіне тән киесі, қадір-қасиеті болады. Ешбір адамды тегін адам деп айту қиын. Сол секілді, бұл Балташ атаны көзімізбен көрмедік, бірақ ол жайлы бала күнімізден естіп өстік. Қасиеті бар кісі екен.
Ілгеріде, өткен ғасырдың Кеңес дәуірі кезінде Әлімтай деген ағамыз осы елді басқарып, «Бірлік» кеңшарында бөлім меңгерушісі (управляющий) болған. Сол кісі ауыл маңындағы мақталық көлемін арттыру үшін осы шеңгел айналасындағы жерді жыртуға техникасын алып келсе, тракторларының бәрі шетінен бұзылып қала береді екен. Еш мүмкіндік болмапты. Соңында ойлаған ісі болмағанына күйінгенінен топ шеңгелге от қойыпты. Сонда шеңгелдің айналасының бәрі соншалықты жалынмен өртеніп келіп, шеңгелге келгенде от тимей, өздігінен өшіп қалыпты. Бұл – Ақшеңгелдің қасиеттілігінің бір белгісі.
Екінші бір белгісін айтайын. Жаңатіршілік ауылының шетінде мынау үш үй жекелеу тұрғандықтан, дәл осы араны бұрыннан «Үштам» деп атайтын едік. Абай-Шардара автожолының осы Үштам жанынан өтетін тұсында көптеген көлік апаттары болып, өлім-жітім, ауыр жағдайлар болып тұратын. Апат болған жерде құрбандық шалынса да, басқа рәсім жасаса да ондай оқиғалар жалғаса берді, қайтпады. Мынау Пердалы ағаларымыз бастама көтеріп, Ақшеңгелді аяқасты етпей қалай қоршады, сол уақыттан бастап анау жол бойындағы көлік апаттары да сап тыйылды. Қазіргі уақытта тыныштық орнады. Бұл – тегін дүние емес!
«АҚШЕҢГЕЛ ҚАСИЕТІМЕН БАЛАЛЫ БОЛҒАНДАР ДА БАР»
Осы кезде әңгімеге Пердалы ақсақал қайта араласты.
– Осы темір қоршауды орнатып болып, сырлап жатқанымызда мынау көрініп тұрған Бірлік ауылында тұратын Айтуған көкеміздің баласы Ерғали келіп қалды. Ол жігіт дәл осы шеңгелден әріректе егіс егетін. Көлігінен түсе сала, «Шеңгелді қоршап, жақсы қылдыңыздар. Егістік басында диханшылықпен айналысатын өзбектерім бар еді. Соларға ас-суын тасимын, керек-жарағын жеткіземін, егістің жағдайын көремін, жалпы күнде екі, не төрт өтемін. Бір күні осы жерге келгенде мәшенем өшті. Көлігім ескі емес, жап-жаңа еді. Капотын ашып, ары-бері қарадым, бірді-екілі жерін шұқылағансыдым, еш жерінде кінәрат жоқ. Сөйтіп, кілтті қайта қосып ем, «зар» етіп отала кетті»-дейді.
Әңгіменің осы сәтіне келгенде жолдан бұрылған мәшене келіп тоқтап, екі-үш кісі саулап түсе бастап еді, «міне, Ерғалидің өзі де келіп қалды, қалғанын өз аузынан естіңдер» деп сөз кезегін жаңа келген жігіт ағасына бұрды.
– Менің атым – Ерғали, фамилиям – Байдәулетов болады, – деп өз-өзін таныстырды да, әңгімесін жалғай түсті. – Жаңағы көлігімнің көрсеткен мінезі туралы егіс басындағы дихандарыма айттым. Сөйтсем, дихан өзбектерімнің әйелдері айтады: «Біз егіске қараймыз деп кеш жатып, ерте тұрамыз. Кейде ымыртта, кейде таң алакеуімде анау автожол мен осы Ақшеңгелдің арасын ақ киінген кісі айналып жүретінін байқаймыз. Бірінші кездері үйге қарай қашып қорқатынбыз, кейіннен ара-тұра көріп тұратындықтан бойымыз да үйренді. Ол Ақшеңгелдің тұсына өзіміз де, балаларымызға да дәрет сындыртуға тыйым салдық. Осында келіп жұмыс істегелі 2-3 жыл болса, сол ақ киімді кісінің қасиетінен, біздің оған құрметімізден болар, осы уақыт аралығында екеуміз де балалы болдық» дейді. Міне көрдіңіз бе? «Байташ ата Ақшеңгелінің» қасиеті арқасында 2 келіншек те балалы болып кеткен.
«БАЙТАШ АТАНЫҢ БОЙЫНДА ОСЫНДАЙ КӨРІПКЕЛДІК ТЕ ҚАСИЕТІ БОЛҒАН. БҰЛ – ӘУЛИЕЛІК ЕМЕЙ НЕ?»
«Ақшеңгелдің қасиеттілігі жайында азды-көпті әңгіме тыңдадық. Енді, осы шеңгел өскен жерде жуылған Байташ ата кім болған? Оның қасиеттері жайында айтыңыздаршы» деген сауалымызға Жаңатіршілік ауылының биі Бердіқұл Мұртазаев деген кісі жауап беру үшін араласты.
– Байташ атаның Мұртаза деген ағасы болған. Өзі 3 ағайынды болған, екеуі аға-інілі, үшіншісі елібайға түскен қыз екен. Мұртаза бабаның 10 баласы болған, соның сегізінші ұлы туылар кезде Байташ ата мен Мұртаза ағасы екеуі алыс сапарға шығыпты. Ұзақ сапарда жүргенде бала дүниеге келеді. Ол кезде лезде хабар алмаса қоятын қазіргідей телефон жоқ кез. Ауыл ақсақалдары жиылып, «сапардағы шалдар келгенше бала атсыз жата ма? Бұған ат қойып қоялық. Бұл бала шалдың сегізіншісі ғой, мүмкін, соңғысы шығар» деп кеңеседі де, балаға Кенже деп ат қойыпты. Араға уақыт салып сапардағы Балташ ата мен Мұртаза бабамыз оралады. Сонда Балташ атамыз «Баланың атын дұрыс қоймапсыңдар ғой, Мұртазаның әлі екі «қамшысы» бар еді ғой» деген екен. Шынында да Мұртаза бабамыз Кенжеден кейін тағы 2 ұл сүйіпті. Бұл – әулиелік емей не? Байташ атаның бойында осындай көріпкелдік те қасиеті болған. Сол 2 «қамшының» біреуі – Мұртазаев Теңгебай, қазір де көзі тірі, ал, екіншісі Мұртазаев Кендебай деген кісі былтыр қайтыс болды. Осы Ақшеңгелді аяқасты етпей, қоршауға әрекет жасаған кісі, сол – Кендебай деген кісі еді.
Бастамашы болған Кендебай деген кісінің аты аталып еді, Пердалы ақсақал былай деп түсіндірме қоса кетті:
– Кендебай ағамыз осы Ақшеңгелге келіп, құран оқып кетіп тұратын. Содан бір күні құран оқуға келсе, шеңгелді біреулер айналдыра тікенекті сымтемірмен қоршап қойыпты. Сол замат маған «Қайда қарап жүрсіңдер?! Біреу Ақшеңгелді қой қамайтын тікенек сымтемірмен қоршап қойыпты. Сымтемірмен қасиетті жерді емес, түрмені қоршайды ғой! Ұят емес пе?! Кім қоршағанын іздеп тап та, тікенек сымды алып таста! Өзіміз қоршаймыз» деп телефон соқты. Содан кейін туысқандардан қаржы жинап, қор құрдық. Сөйтсек, Шолпан дейтін Байташ атаның кенже қызының бір қызы мына жердегі Қоңыртөбеге түскен еді. Шолпан әпшеміз Тәшкен жақтағы Назарбекте тұрған, ол кісі өлерінен алдын қызына «Сендердің арғы жақтарыңда әкемнен қалған қасиетті Ақшеңгел бар еді. Өзінен тарайтын ұлы болмағасын сол киелі жер қараусыз қалды. Ұлы болғанда аяқасты етпей, қоршап қояр еді. Күйеу балам екеуіңе аманат болсын, сол Ақшеңгелді қоршап қойыңдар» деп айтқан екен. Анау тікенекті сымтемір сал Әбсаттар деген күйеу баланың ісі екен. Содан кейін қазіргі осы қоршау Кендебай ағамыздың бастамасымен атқарылған шаруа болды.
Байташ атаның жерленген жерін сұрағанымызда, жерленген жерін ешкім білмейтінін айтты. Алайда, Ақшеңгел маңында бірді-екілі шұңқыр бар, Пердалы ақсақалдың әкесінен естіген әңгімеге сүйеніп, соғыстан кейінгі жылдары ауылда 2 құдық болғанын тілге тиек етті. Соның бірі осы Ақшеңгел маңындағы құдықтан тұщы су шыққан екен. Оның орны қазір шеңгелге жақын өсіп тұрған қамыс арасында болуы да мүмкін. Байташ ата қайтыс болғанда әлгі құдықтан су алып, денесін жуған, жуылған суды осы жерге төккен екен. Топтанған шеңгел сол су төгілген жерге шығып тұр. Ал, ауылдың мазары алыстау, Байташ атаның денесі ол мазардың қай жеріне жерленгенін ешкім білмейді дейді Пердалы ақсақал.
Жұдырықтай жұмылған Мұртаза әулеті алдағы уақытта осы шеңгел жанынан зияраттаушылар үйі, құрбандық шалатын және ас-ауқат әзірлейтін орын салып, күрежолдан бұрылатын жолды жөндеуді мақсат етіп отыр. Лайым, тілектері орындалғай!
P.S.: Ауыл ақсақалдарының әңгімесінен ұққанымыз, Байташ ата өткен ғасырдың ортасында ғана өмір сүрген кісі екен. Тағдыры «Тың игеру» жылдары облыстың таулы аудандарынан көшірілген елмен бірге Келес даласына келіп, мақта егу ісіне етене араласып кеткен сияқты. Өз кіндігінен тарайтын ұлы болмаса да, рухы кейінгі елдің тіршілігіне демеу болып отыр. Ауыл тұрғындары бұған кәміл сенеді, Ақшеңгелі маңында құран оқып, құрбандық шалып, үміт етеді. Қашан да халықтың наным-сенімін құрметтеген жерде ілгерілеу болатынын ескерсек, «Байташ ата Ақшеңгелінің» де өзіне тән қасиеті барына біз де сендік. Өзі шеңгел дейтін тікенекті аласа ғана бұта болғанмен, бабалар жырымен жеткен «етек сыдыратын» қасиетімен көшпенді жұрттың санасынан ойып тұрып орын алған секілді. Әр тасы, әр шөңгесіне ерекше кие біткен қазақ жері де расында Ұлы емес пе? Әлде, бабаларымыз «Аяз би» ертегісіндегідей «жамандар» санатына қосылған осынау көрер көзге қораштау көрінер шеңгелдің де адамға тигізер жағымды пайдасы барын осылай көрсеткісі келді ме екен? Бұл да бір Ұлы Даланың бір жұмбағы болар. Осындай ойдың шырмауында Шымқалаға кері оралдық.
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Шымкент-Келес-Шымкент
Leave a Reply