Жұмағали Дәулетбек, м.ғ.к.: «РАКТЫҢ 3/1 ТАҒАМНАН БОЛАДЫ»

Онкологиялық аурулар-дүниежүзіндегі өлім-жетімнің негізгі себебі боп табылады. Ал, бұл аурудың үштен бір бөлігі біз тұтынып жүрген ауыз су, тамақ пен ультра күлгін сәулелердің шектен тыс әсерінен болатынын білесіз бе? Қалта смартфонымен біте қайнасып кеткен тіршілігімізде қазір еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін телефонға телміріп отыратыны жасырын емес. Ендеше, ойлану керек!!!

Бүгінде өкпе, асқазан, сүт безі ісігі онкология ауруларының көшін бастап тұр. Деректер солай дейді. Десе де, дертке дауа табуға болады. Аты жаман ауруға қарсы тұру және оны болдырмау жолдары қандай?  Осы сұрақтарға жауапты оқырмандарымызбен бөлісу үшін Шымкент қалалық онкологиялық орталығына барып, орталықтағы әдістемелік ұйымдастыру ісі жөніндегі директордың орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты  Жұмағали Дәулетбекпен сұхбаттастық.

«ҚАРА ТЕРІГЕ ҚАРАҒАНДА, АҚ ЖӘНЕ САРЫ ТЕРІ ОСЫ УЛЬТРА КҮЛГІН СӘУЛЕЛЕРДІ ТЕЗ ҚАБЫЛДАЙДЫ»

Дәулетбек Жұманұлы, жалпы онкологиялық аурулардың пайда болуына қандай факторлар әсер етеді?

АкадемикҚайыржан Абисатовтың айтуынша, кез-келген  емделмеген созылмалы аурулардың 95%-ы онкологиялық ауруға жол бастауы мүмкін. Ал, Ресейдегі медициналық институттың директоры Зеридзе «рактың 3/1 тағамнан болады» дейді. Сондықтан,  санитарлық ағарту іс-шараларын жүргізу дәрігерлердің ғана міндеті болмау керек, бұл әр адамның денсаулығына деген жауаптылығын көрсетеді.

 Адам денесінің 62%-ы судан тұрады. Біз ішіп жүрген суға көп нәрсе байланысты. Мен қандай су ішіп жүрмін және қандай мөлшерде? Осы сұрақты әр адам өзіне күнделікті қойып, жауабын табатын болса, көп нәрсе өзгерер еді. Тамақтануға да сондай көзқарас керек. Сондықтан ішер ас пен суға барынша ықтияр болғанымыз жөн. Қазақта ауру астан деген тәмсіл босқа айтылмаса керек.

Қазір смартфон, компьютерден жанарымызды алмай, бас көтермей отыратынымыз жасырын емес. Осы техникалардан ультра күлгін сәулелер көптеп бөлінеді. Қара теріге қарағанда, ақ және сары тері осы ультра күлгін сәулелерді тез қабылдайды. Бұл да онкологиялық ауруды қоздырушы күш боп табылады.       

Алғашқы кезеңдерде онкологиялық аурудың симптомдары білінбей, қалыпты жағдайда өтеді дейді…                                                                    

Онкологиялық аурулардың алғашқы кезеңінде ешқандай белгі байқалмайды. Симптомдар біліну үшін аурудың көлемі едәуір өсуі керек. Обыр ауруы істі дегеніміз ауру 2-3 кезеңге өтті дегенді білдіреді. Ал,  медицина саласында обыр дертінің 1-2 кезеңінде ауруды жеңудің мүмкіндігі 80-100%-ға дейін жетеді. Асқынған  немесе кеш байқалған ауру 3-4-ші кезеңге аяқ басып, жазылып шығу мүмкіндігі бәсеңдей береді, болжам жасау да қиынға соғады. Онкологиялық аурулардың өсуі үшін 5 жылдан 25 жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Осы жылдар аралығында ешбір белгі білінбей, ауру асқынып, дерт дендеп кетуі ғажап емес. Сондықтан, жылына бір рет арнайы тексерістен өту керек. Аурудың тез өсуі жастардың бойында көп кездеседі. 

СКРИНИНГКЕ НЕМҚҰРАЙДЫ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

Қатерлі ісік ауруларының белгісі алғашында байқалмайды дейсіз. Оны анықтау үшін қандай тәжірибеге сүйенесіздер?                                          

Қытай халық Республикасы 1945 жылдары  жатыр мойны қатерлі ісігін анықтау және оның алдын алу мақсатында медициналық зерттеу жүргізген. 100 000 адамға шаққанда 197 адамнан осы аурудың белгілерін байқап, ем-дом шараларына да кірісіп кеткен еді. Қазір бұл көрсеткіш аталған елде 3/2%-ға дейін төмендеген. Бұл «скрининг» жүргізудің арқасында жеткен жетістіктері. Жапонияда асқазан обыры алдыңғы шепте көш бастап тұр. Бірақ, бұл ауру өлім-жетімнің негізгі себебі боп табылмайды. Неге десеңіз, олар скрининг арқылы 90% қатерлі ауруды 1-2 кезеңде анықтап алады. Алғашқы сатыдағы ауруды емдеп жазуға болады. Ал, Қазақстанда скрининг 2007 жылдан бастап жолға қойыла бастады. Мемлекеттік бағдарламаның ең бірегейі, ең қажеттісі осы скрининг болғандықтан осы зерттеуге жүгінеміз. Нәтижесінде сүт безі ісігі, асқазан рагі, өкпе рагі онкологиялық аурудың көшін бастап тұрғаны белгілі болды. Сондықтан скринингке немқұрайды қарауға болмайды.

Онкологиялық аурулардың алдын алу үшін елімізде қандай стратегиялық бағдарламалар бар?

  – Медицина саласында жүргізіліп жатқан іс-шаралардың барлығы «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мақалға сияды. Мемлекет 2018-2022 жылдарға онкологияға байланысты кешенді жоспар қабылдап,  жол картасы бекітілді. Бұл жоспарды Шымкент қаласы әкімдігімен де бекітіп, жұмысымызды үйлестіріп келеміз. Осы кешенді жоспардың 1 тармағының 13 бөлігі аурудың алдын алу шараларынан тұрады. Жалпы онкологияда алдын алу шаралары 3 этаптан тұрады: алғашқы кезең, екінші және үшінші жағдайлық кезең деп қарастырылады. Бірінші кезеңде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіледі. Аурудың алдын алу шараларында тек онкологиялық ауруды ғана іздеп қоймайды. Учаскелік терапевт, жалпы тәжірибелі дәрігерлердің көмегімен кез келген дертті дер кезінде тауып, сауықтыру жұмыстарын жүргізу де басты назарымыздағы жұмыс.

«БАУЫРҒА ОТА ЖАСАЙ БАСТАДЫҚ»

Онкологиялық орталықтың материалдық базасы қандай? Заманауи талаптарға сай ма? Орталық қажетті технологиямен толық қамтылған ба?                                                     

Онкологиялық орталық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Биыл 2021 жылы екі құрылғы  ПЭТ және сәулелік желілік жылдамдатқыш құралдары орнатылады. Түркияға барып, осы аппараттың әлеуетін көріп қайтқанбыз. Осы құрылғылармен жабдықталсақ, дүниежүзіндегі үздік орталықтардың біріне айналамыз.

Бірақ, бір «бірағы» бар. Бәрі онкологиялық аурудың қай кезеңінде орталыққа келгеніне байланысты. Жаңа айтқанымдай 1-2 кезеңде келген науқастардың жазылып шығуға мүмкіндігі көп. Сонымен қатар, бізде маман даярлайтын екі кафедра бар.  Орталықтағы 12 ғылым кандидаттары студенттерге дәріс оқиды, әрі дертке шипа іздейді. Шымкент қаласы республика бойнша онкология салдарынан көз жұматындардың ең төменгі көрсеткішінде тұр. Ем көрсету барысы да жолға қойылған. Қазір байқасаңыз ауру жасарып жатыр, өзгеріп жатыр. Соған орай емдеу шаралары мен құрылғылары да заман талабынан қалмауы керек. Жалпы дәрігерлер соның ішінде біздің дәрігерлеріміз де үнемі ізденіс үстінде.

Соңғы жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз?

Бұрын-соңды бауырға ота жасап көрмеп едік. Монғолияға барып тәжірибе алмасып келген әріптестер арқасында бауырға ота жасап, тағы жемісті жеңіске қол жеткіздік. Тамырға дәрі енгізу арқылы ісікке жетіп жатырмыз. Мұны орталықтың тағы бір мүмкіншілігі деп қарастырсақ болады.

Медициналық туризм деген бар. Қазақстандықтардың шетелге Кореяға, Германяиға, Өзбекстанға барып емделетінін білеміз.  Осы жағы бізде қалай?

Онкологиялық орталыққа шет мемлекеттен Өзбекстан, Қырғызстаннан кеп емделетіндер бар.

Қазір өзіңіз білесіз халық емделуден ат тонын ала қашады. Мәселе қалтаға тіреледі.                                                                                          

Сіз ақша мәселесін қозғап отырсыз ғой. Былай дегім келеді. Ауырып алып емделгеннен, оның алдын алу әлдеқайда арзан. Мынаған қараңыз, онкологиялық аурудың 1-2 сатысында бір адамның еміне шамамен 350 000-500 000 тенге ақша жұмсаймыз. Ал, асқынған 3 және 4 сатыдағы ауруға 25 млн-нан 50 млн-ға дейін қаржы кетеді. Өйткені, бұл кезең қатерлі деп саналады. Біз әбден болған кезде, ауру сүйекке сіңген кезде дертке шипа іздейміз. Аурудың өсуі 5-25 жыл аралығын қамтиды дедік. Сонда ауруды асқындырмай, осы 5 жылда бір рет өз денсаулығымызға көңіл бөліп, тексеруден өте алмаймыз ба?  Бұл соншалық күрделі шаруа емес, қымбатта емес. Өзіңізге бар болғаны уақыт бөлесіз.

Өз өзіңе яғни, әлеуметтік медицина қорына ай сайын 2500 тенге инвестиция құйсаң, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, денсаулығымызды толық тексеруден өткізе аламыз. Мұны көп адам біле бермейді. Біздегі үгіт-насихаттың барлығы халық денсаулығына бағытталады. 2500 теңгемен 100 000 тенге тұратын аппаратқа түсіп, денсаулығымыздан хабар алуға болады. Осы мүмкіндікті пайдалану керек. Аурудың сыйласаң, ол да сені, адамды сыйлайды. Ақиқатында әрбір адам өз денсаулығы үшін жауапты.

СҮТ БЕЗІ ЖӘНЕ ЖАТЫР МОЙНЫ АУРУЛАРЫ ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ

Мұндай дертке кез келген жастағы адам шалдығуы мүмкін бе? 

Онкология ауруларының 70-80%-ы 65 жастан асқан жандар ауырады. Әйел адамдарында жатыр мойын ісігінің 95%-ы жеке бас гигиенасынаның дұрыс болмауынан пайда болады. Ал, ағзаға түскен вирус жәй ғана кір сабынға өледі. Сонда осы жерде әйелдерде жеке бас гигиенасы жоқ па деген сұрақ пайда болады. Сүт безі және жатыр мойны аурулары жас талғамайды. 20-24 жастағы жас қыздар да бұндай дертке көп шалдығып жатады.

Еліміздегі статистикаға назар аударсақ, жылына 4000 адам онкологиялық ауруға шалдығады.Соның ішінде темекі шегетін адамдардың арасында өкпе обырына шалдығу 36 есеге жоғары. Темекі тұтынушылары тым құрығанда жылына бір рет толыққанды рентгенге түссе, денсаулығына көңіл бөлсе аурудың алдын алар  еді. Өйткені толыққанды рентген өкпедегі тарыдай затты үлкейтіп көрсете алады.

Ауруға қарсы тұру мен оны болдырмау жолдары қандай?

Дертке шипа болатын-сенім. Ағзаның өзінен күшті құдірет жоқ. Егер ағза дертке қарсы тұрам, емдеуге қауқарым жетеді десе емдей алады. Адам соған сену керек. Қалғанын Жаратқан мен медицина қызметкерлеріне сеніп тапсыру керек. Одан кейін, әр адамның өз денсаулығына деген құрметінің болуы аса маңызды. Денсаулық немқұрайлықты көтермейді.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.

P.S. Сұрапыл соғыс кезінде дәрігерлерге ешкім қару кезенбеген. Неге? Себебі  нәсілге, ұлтқа қарамастан жаралы жанды емдеп, медициналық көмек көрсету дәрігердің басты міндеті. Дәуір тегершіні неше рет айналса да ақ халатты жандардың қадірі мен қасиеті сақталып қала бермек. Шетсіз, шексіз ғаламда алуан түрлі тағдыр бар. Деніміздің сау боларына ешкім кепілдік бермейді. Сақтансаң сақтаймын деп бекер айтылмаса керек…

ДӘРІГЕР ЕСКЕРТЕДІ!!!

Адам денесіндегі қал туа  немесе жүре пайда болады. Күнделікті өмірде шаш арасындағы қалды  тарақпен тарап жатамыз. Кейде, қал мойын тұста тұрып,  жағаға үйкелуі, немесе қолтық тұста орналасып қажалуы әбден мүмкін. Егер қалдың көлемі үлкейіп, қышып, қанаса, түсі өзгерген болса қалды алдырып тастаған абзал. Бұл өзгерістерге бей-жай қараған адам 6 айға жетпей өліп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, өзгеріске ұшыраған қалды онкологқа көрсетіп, медицинаның көмегімен күйдірген дұрыс болады. Онкологияның қабынудан айырмашылығы: еш жерің ауырмайды, тастай қатты болады, қозғалмайды, жан-жағына жабысып тұрады. Ал, ісіну процесі жұмсақ болады. Ауырады және қозғалады.

Әңгімелескен: Ақбөпе ЕРГЕШ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика