ОҚЫС ЖАҒДАЙЛАР ОРЫН АЛЫП, АДАМ ӨЛІМІ ТІРКЕЛМЕГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕ

Редакцияға хат келді. Әсем Әділбековадан. Дәрігерлерге алғыс айтқым келеді дейді. Тамызда Шымкенттегі «Шұбарсу» клиникасына ауыр жағдайда, өкпем 50 пайыз зақымданып түстім. Бірден бірінші көмек көрсетілді. Енді бетім бері қарамайтын шығар деген күдігім сейілді.  Жылы сөз, сауатты емнің арқасында өмірге қайта келгендей болып отырмын, — дейді Әсем. Мынадай жақсы сөзді есітіп, біз де оқырманды жаңа клиникамен таныстыруға ниеттеніп, «MEDICAL CENTER SHUBARSU»   ЖШС-нің директоры Жақсылықов Ерқабыл Мавзурұлымен сұхбаттастық.

Анықтама орнына:  

«MEDICAL CENTER SHUBARSU (МЕДИКАЛ ЦЕНТР ШУБАРСУ)» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2018 жылы құрылып, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымы ретінде халыққа медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы және Медициналық сақтандыру қорының бірыңғай электронды базаларына тіркелген.

Клиника АҚШ, Жапония, Германия, сонымен қатар, Еуропа мемлекеттерінің заманауи үлгідегі медициналық құрал-жабдықтарымен жабдықталған. «Шұбарсу» медицина орталығында Медициналық қызметтер көрсетуге 10.09.2018 жылы №0111359DX мемлекеттік  лицензиясы берілген. Серіктестікке берілген қызмет түрлері келесідей: амбулаториялық-емханалық көмек, стационарды алмастыратын көмек, стационарлы көмек, реабилитация және оңалту, диагностикалық зерттеулер (рентгенологиялық, функционалдық, ультрадыбыстық), зертханалық зерттеулер (бактериологиялық, серологиялық, иммунологиялық) және Жедел және шұғыл медициналық көмек.

«MEDICAL CENTER SHUBARSU» ЖШС қазіргі таңда Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауыл округінің 35 062-ге жуық халқын сапалы заманауи медициналық қызметпен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, дәрігер, мейірбике, орта буын, кіші буын қызметкерлері жалпы саны 200-ден аса адамды жұмыспен қамтыған.

«БЫЛТЫРҒЫҒА ҚАРАҒАНДА БИЫЛ НАУҚАСТАР САНЫ АРТЫП КЕТТІ»

– «Medical center Shubarsu» стационарлы орталығының ашылғанына көп бола қоймапты. Сіздерді алғыс арқылы танып отырмыз. Клиника жайлы жан-жақты ақпарат берсеңіз.

– Шұбарсу медициналық орталығында қазіргі таңда 197 науқас емделіп жатыр. 31 шілдеде ашылып, алғашқы науқасты қабылдадық. Денсаулық сақтау ұйымының бұйрығымен 200 орындық инфекциялық стационар болып ашылды. Ғимаратты барынша медициналық талаптарға сай етіп дайындадық. Дәрілік препараттармен, қорғаныс құралдарымен толықтай қамтылған. Және стационарда білікті мамандар, дәрігерлер жұмыс жасайды. Іште асхана орналасқан, науқастар күніне үш мезгіл тамақтанады.

Емделіп шыққан науқастардың көбі алғысын білдіріп жатыр. 2020 жылы 800-ден аса науқас емделіп шыққан болатын. Коронавирустық инфекциясының (COVID-19) өршуі кезінде Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен Шымкент қаласында 350 төсек орынды провизорлық стационарлар аштық. Атап өтерлігі бізде оқыс жағдайлар орын алмады, адам өлімі тіркелмеді. Медициналық қызметкерлердің бәріне мың алғыс, осындай қиын кезеңде  тынбай жұмыс істеді.

Бүгінгі күнде ауыр жағдаймен түскен біршама науқастарымыздың жағдайы жақсарды. Жан сақтау бөліміндегі науқастардың беті бері қарады, денсаулықтарына қазіргі таңда төніп тұрған қауіп жоқ. Науқастардың біразы әлеуметтік желі арқылы алғыстарын білдіріп жазып жатыр. Бүгінгінің өзінде 20-30 науқасты үйіне шығардық, әлі де шығаруға дайындап жатқан науқастар бар. Қазір инфекцияның өршуі кішкене болса да саябырсыды, өсім деңгейі төмендеді. Төмендегені жөн ғой. Дәрігерлер де демалыссыз жұмыс істеп кетті. Ауысымның өзі 12 сағат. Бізде оттекке жауап беретін мамандар мен дәрі-дәрмектің сақталуына жауап беретін мамандар, ем-доммен айналысатын дәрігерлер, мейірбикелердің бәрі Гиппократ антына адал екендіктерін дәлелдеді.

Ордабасы ауданында бар 120-130 мыңдай халықтың 35-40 мыңы осы Шұбарсу ауылында тұрады. Бәрі электронды базаға тіркелген. Біздің мақсатымыз келгендерге сапалы медициналық қызмет көрсету. Қазіргі таңда 24 ауыл-аймаққа, 24 учаскелік дәрігер қарастырылған. Олардың әрбірінің мейірбикелері бар. Инфекциялық стационар болғасын, мобильді топтар бар. Олар көлікпен қамтамасыз етілген. 6 топта 6 дәрігер қызмет атқарады. Жедел жәрдемнен бөлек көлік график бойынша жұмыс істейді. Инфекция болуы қаупімен шақырылған жерге жедел түрде жетіп, науқастың ыстығын, қан-қысымын өлшеп, жағдайын алдын-ала бақылап, байқап көреді. Жағдайына қарай, не стационарға алып келеді, не амбулаториялық деңгейде ем-шара қолданады. Өкпесі 30 пайыздан артық қабынған науқастарды стационарға жатқызамыз. 30 пайызға дейінгі науқастар амбулаториялық ем қабылдайды. Қазіргі таңда қосымша аурулары бар науқастар өте көп. Қант диабеті, жүрек талмасы, қан қысымы, т.б. созылмалы аурулары бар пневмонияға шалдыққан науқастар ауыр жағдайда келіп жатады. Немесе орта, ауырдан төмен деңгейде. Осындай науқастардың барлығы дерлік ем-домын алғаннан кейін инфекциямен күресуге қауқарлы бола бастады.

Былтырғыға қарағанда биыл науқастар саны артып кетті. Және біздің стационар биыл сәл кештеу ашылды.

– Орташа есеппен алып қарағанда, стационарға күніне неше адам түсіп жатыр?

– Алғашында 15-20 адамнан, кейде тіпті 30 адам түсіп жатты. Қазіргі таңда 5-6 адам күнделікті түсіп отырады.

– Ал, шығу деңгейі қалай?

– Сол, орташа есеппен 5-6 адам шығарып отырмыз.

– Бізге мәлімет берген науқастың өкпесі 50%-дан асып қабынып түскен екен. Қазір жағдайының жақсарғанын айтады. Жалпы 50% қауіпті жағдай санала ма? Және осында ауыр жағдаймен түсетін науқастар көп пе?

– Әрине, егер, түсушілерді 100% деп қарастырсақ, 60%-ы ауыр жағдаймен түсіп жатады. Сатурациялары өте төмен. 70%-дан жоғары түсетін науқастардың жағдайы ауыр болып саналады. Бізде өкпесі 92% қабынып түскен науқастар болды…

–  92% дейсіз бе? Ал олардың өмірін сақтап қалу қаншалықты мүмкін?

– Оларды аман алып қалу өте қиын. Бұл дерт жас талғамайды. Бәрі иммунитетке байланысты. Сіз Адилбекова Асем деген науқас туралы айтып отырған болуыңыз мүмкін. Ауыр жағдаймен түсті. Ентігу, температура, жөтел сынды симптомдар көрінді. Қазіргі таңда сатурациясы көтерілді. Дені сау адамдармен бірдей. Енді бұдан кейін де үй жағдайында күтіну керек. Арнайы спорт түрлерімен айналысқаны жөн. Бірақ шапшаң қимылдар жасамағаны абзал.

– Стационар толық жағдаймен қамтамасыз етілген дедіңіз. 200 орынға неше кислород қарастырылған?

– 200 орынға 80 кислород қарастырылды. Бізде стационар екіге бөлінеді: 1) кислородқа тәуелді; 2) кислородқа тәуелді емес; деп. Кислородқа тәуелді азаматтардың бар жағдайы жасалады. Кислород ауыстыру, толтыру, ылғалдандыру секілді жұмыстар мен айналысатын арнайы мамандар бар. Күндіз-түні жұмыс жасайды. Осылай стационарға науқасты алғаш қабылдағанда, жағдайын бақылап осы екі деңгейге бөліп жатқызамыз. Бізде әзірше кислород немесе өзге препараттардан жетіспеушілік мәселесі туындамады.

– Былтыр өлім жағдайы тіркелмегенін айтып қалдыңыз. Биыл өлім жағдайы кездесті ме?

– Биыл да бағымызға орай, өлім жағдайы тіркелмеді.

«КЛИНИКАҒА ТҮСЕТІНДЕРДІҢ 90 ПАЙЫЗҒА ЖУЫҒЫ ВАКЦИНА САЛДЫРМАҒАНДАР»

– Вакцина мәселесіне ойысайықшы. Вакцина алғандар мен алмағандардың қайсысы көбірек түсіп жатыр стационарға?

– 90 пайызға жуығы вакцина салдырмағандар. Екпе алғандардан да ауырып жатқандар бар. Бірақ, жеңіл жағдайда. Әрине, вакцина салдыру керек, салдырыңыздар! Біздің мемлекеттің ғана емес, бүкіл әлемнің қойып жатқан талабы осы. Коллективті иммунитет қалыптастыруымыз қажет.

Қадап айта кетейін, стационардан шыққан соң реабилитациялық кезеңде ем-домын алып, жаттығу жасап, күтінуді жалғастырған дұрыс. Аурухана, стационарлардың ішінде реабилитацялық орталықтар бар. Сол орталықтарда ем алған жөн.

– Бұл туралы науқастарға жеткілікті мағлұмат беріледі ме?

– Жеткілікті мағлұмат беріледі. Науқастарға ауырған кезде, ауырғанға дейін, ауырғаннан кейінгі кезеңдерде қандай шара қолдану керектігінің бәрі айтылады. Телеарна жарнамаларында да түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің мемлекет осының барлығымен қамтамасыз етіп отыр, өзге мемлекеттермен салыстырғанда. Әлемдегі үшінші деңгейдегі халықтардың көбінде бұндай жағдай қарастырылмаған. Дәрілер мен мамандардың жетіспеушілігі статистикаға қатты әсер етеді. Адам өлімі көп тіркеледі. Біздің мемлекеттің жағдайы бұған жетіп отыр.

– Ауырып тұрған науқастарға вакцинаны ең қысқа дегенде қанша мерзімде салуға болады?

Үш ай. Үш ай ішінде адамның иммунитеті толық қайта қалыптасып болады. ПЦР тест тапсырып, дәрігердің толық қарауынан өткеннен кейін, вакцинациялануына рұққсат.

– Сіздердің орталықтарыңызда вакцинациялау жұмыстары жүргізіле ме?

– Біздің ауылда басты ғимараттан бөлек екі филиал бар. Жалпы үш ғимарат. Барлығында вакцинацияға қажетті процедуралық кабинеттер жабдықталған. Вакцина сақталатын мұздатқыштар бар. Және бізде вакциянацияның жылжымалы түрі бар. Өздігімен жүре алмайтын, келе алмайтын науқастарға өзіміз барып екпе егеміз. Екпе егілген соң жарты сағат жағдайын бақылаймыз. Қазіргі таңда Шұбарсу ауылының өзінде континдент 10000-ға жуық адам вакцинаның 1-компонентін алып қойды.

15 мыңға жуық 18-ге толмаған балаларға екпе егілмейді. Жүкті әйелдер мен жаңа босанған әйелдер бар.

Мекеме қызметкерелі толық вакцина алды ма?

– Аяғы ауыр қызметкерлерден өзгелері 1, 2-ші компоненттерді толығымен алды.

– Көңіл бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Сезім МЕРГЕНБАЙ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика