Бәйдібек би даңғылы — Шымкенттегі негізі көлік магистралінің бірі. Шаһардың солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын жолдың тәуліктік көлік жүктелімі соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Қаланың тұрақты өсу динамикасын ескерер болсақ, бұл магистралдағы көлік жүктелімі жылдан жылға арта бермек. Яғни, жолдың көлік өткізу қабілетін арттыру – уақыт күттірмейтін мәселеге айналып келеді.
Қаладағы көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысында 2022-2023 жылдар аралығында үш деңгейлі жолайрық салынады. 2022 жылғы 5 қаңтарда нысанның алғашқы қазығы қағылып, жер қазу жұмыстары басталмақ. Осы күннен бастап магистралдағы көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады.
Құрылысқа байланысты Арғынбеков көшесінің қос бағыты бойынша көлік қозғалысы сегіз айға шектеледі. Батыстан шығысқа қарай Байтұрсынов көшесінен Бәйдібек би даңғылы аралығы және шығыстан батысқа қарай жаяу жүргіншілерге арналған жол өткеліндегі бағдаршамнан Бәйдібек би даңғылы аралығы жабылады. Көлік қозғалысы үшін альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген.
Жолайрықтың техникалық сипатына сәйкес, Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Құрылыс жоспары бойынша ені 80 метрлі 4-6 жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек.
Шымкент қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарынан жолға байланысты туындайтын уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұрайды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Leave a Reply