Сырттай оқу жабылмайтын болды

       Көптен бері сын садағына ілінген сырттай оқу мәселесінің соңғы нүктесі қойылды. Сырттай оқу жабылмайтын болды.  
       Бұған дейін ел арасында «заочниктер» туралы түрлі пікірлер айтылып, сырттай оқыту түрі келешекте жалғаса ма, әлде біржола тоқтатыла ма деген екі ұдай ойда болғанымыз рас. Cала министрі таяуда сырттай оқудың толық жабылмайтынын мәлімдеді.
       Дегенмен, «заочниктер» әрдайым ведомство назарында болмақ. Өйткені, күндізгі бөлімге қарағанда, сырттай білімнің сапасы әлдеқайда төмен. Бұдан бөлек жекелеген ЖОО-лар сырттай білім беруді кәдімгідей табыс көзіне айналдырып жүргені де жиі айтылуда. Соған қарамастан, қазіргі уақытта 250 мың студенттің 150 мыңға жуығы сырттай білім алуда. «Заочниктер» арасында болашақ педагогтар көш бастайды. Олар 35 мың гранттың 1 мыңын құрайды екен. Ал төрттен бір бөлігі өз бетімен оқуға түсетіндер. Сондықтан, әзірге сырттай бөлімді мүлде жауып тастау мүмкін емес.
       Қазақстан ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов жалпы сырттай білім алу мәселесіне орай пікірін жеткізді:
       – Сырттай білім жайы 1995-97 жылдары мен Білім министрі болған кезде де көтерілді. Ол кезде ел қазынасында ақша жоқ болатын. Біз мұғалімдердің айлығын 3-4 айға созып, зорға төлейтін қиын кезең еді. Сол кездегі Премьер-Министр сырттай оқу бөлімін жабу туралы шешім қабылдағысы келді. Бірақ мен оған қарсы болдым. Өйткені, ауылдық жерлерге дәрігер, мұғалім, ауыл шаруашылығы мен ветеринар мамандары аса қажет. Ал біз ол мамандарды қайдан аламыз? Егер сырттай оқу жабылса, бар ауыртпалық ауыл жастарына түседі. Ауылдықтар жоғары білім ала алмай қалады.  Күндізгі бөлімге тек қана қалалықтар келіп оқиды, ал олар ауылға бармайды. Барған күннің өзінде 5-10 пайызы барар. Қалғандары қалада қалғанды тәуір көреді. Сондықтан ауыл жастарын қолдау керек, ауылдың мәдениетін көтеру керек. Ауылдың интеллигенциясын көтеру деген, жалпы қазақтың интеллиген-циясын көтеру деген сөз. Сондықтан мен сырттай оқуды қолдаймын. Дегенмен, «сырттай оқу терең білім бермейді» деген қағида бар. Ол рас. Алайда қазіргі дамыған техниканы сырттай оқуға дұрыс пайдалануымыз керек. Ауылдық жерлерде де компьютер бар дегендей. Әсіресе, телеарналар, оның ішінде ғылым саласына арналған арнайы «Білім» телеарнасы осы бағытта, яғни сырттай дисстанциялық жүйеде оқитын балаларға білім беру қызметімен айналысуы қажет. Егер сырттай білімге қашықтықтан оқыту жүйесін мықтап қолға алса, оқу сапасы да артады.
Aynaline.kz

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика