«Содексо Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Созақ ауданының өндіріс саласында 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жуырда осы серіктестіктің бас менеджері Жиль Корруа мен Алматы қаласындағы бас кеңсесінің өкілі Патрисия Буржеер аудан әкімінің қабылдауында болды.
Кездесуде әр тарап өз қызметтері шегінде ел игілігіне жұмыс жасайтын бірлескен жобаларды ортаға салды. Негізгі мақсат ауданда бар өндіріс орындарын жергілікті ауыл-шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету арқылы өнім өндіруші кәсіпкерлер мен шаруаларға қолайлы жағдай туғызу. Жиль Корруа таныстырған жобадан көргеніміз түрлі көшеттер құтыға отырғызылып барып жерге көміледі екен. Сонда құйылған су құты ішіндегі көшетке ғана нәр беріп, ылғалы жан-жағына жайылып кетпейтін. Менеджер бүгінгі күні жобаны Таукент, Шу, Тасты ауылдарында жүзеге асырмақ ниетте екендіктерін жеткізді.Егер аудан әкімдігі, мамандар тарапынан басқа да ұсыныстар болса «Катко» біріккен кәсіпорны басшыларымен ақылдаса отырып қаржы мәселесін ше-шуге атсалысатындықтарын айтып өтті. Бүгінде бұл жоба Африка, Алжир сияқты құрғақшылық, климаты жайсыз елдерде сәтті жүзеге асып жатыр екен.
— «Содексо Қазақстан» ЖШС-гі аудан көлемінде орналасқан бірқатар өндіріс орындарын тамақтандыру мәселесін мойнына алған. Сол себептен де біз бірінші кезекте серіктестіктегі бос жұмыс орындарына ең алдымен жергілікті жердегі жұмыссыз азаматтарды жұмысқа тартуды міндетіміз санаймыз. Екінші мәселе серіктестік орналасқан аумақтағы жергілікті бизнесті дамытуды қолға алу. Біз өзімізде бар жоспарларды аудан әкіміне көрсетуге әкеліп отырмыз,-деді бас менеджер.
Қабылдау кезінде аудан әкімі Аманғали Түктібайұлын серіктестіктің қай жердегі салық органына тіркелгені қызықтырды.
— Сіздер Алматы қаласына тіркеліп отыр екенсіздер. Алматы қаласы салық мекемесіне сіздерден түскен қаржы теңізге түскен тамшыдай бо-латыны анық. Ал біздің аудан үшін бұл үлкен қаржы болып саналады. Сіздің айтуыңызша «Содексо-Қазақстан» ЖШС-де жұмыс жасайтындардың 90 пайыздан астамы ауданның азаматтары екен. Ендеше олардың еңбегі арқылы келген салықтық түсімді неге ауданның салығына түсірмейміз. Өздеріңіз көріп, біліп жүргендеріңіздей аудан биылғы жылдың қаңтар айынан бастап сувенция алмайтын, дотациясыз ауданға айналып отыр. Бұл деген өз аумағыңдағы өндіріс, кәсіпорын, ауылшаруашылығы салалары тара-пынан түскен түсіммен күн көр деген сөз. Сондықтан біздің мақсатымыздың бастысы салық түсімін арттыру,осыны ескерсеңіздер.
Екінші, сіздер ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін кәсіпкерлермен келісім шартқа отыру негізінде жергілікті шаруалар мен дихан өндірген мал өнімдері мен бақша өнімдерін алуға құлық танытып отырсыздар. Бұл бастаманы қуана құптаймыз,- деді аудан әкімі.
Өзіміз көріп, бағамдап жүргендей өткен жылдарда ауданда жылыжай салу үрдісі кең қанат жайған болатын. Бірақ ауданның қатал табиғаты қолайсыздық танытып жылыжайлардың жұмыс жасауына мұрша бермеді. Ызғарлы күндері тәулігіне 700 кг-нан 1 тоннаға дейін көмір жағылса да жылыжайды қажет температурамен қамтамасыз ете алмаған кәсіпкерлердің жайын көзіміз көрді. Осындай кедергілер салдарынан кеш піскен созақтық жылыжай өнімдері шығынына қарай қымбат бағамен табиғаты ыстық оңтүстік аудандардағы аспан астындағы пісіп жетілген арзан бағалы өнімдермен базарға қатарласып түседі. Қыстағы қиындықтан арып-аршып шыққан диханшы енді өнімін өткізе алмай тағы әлекке түседі.
Бұл мәселені де аудан басшысы екшеп өтті.
Кездесуден кейін қонақтар Шолаққорған ауылы ішінде орналасқан жылыжай мен бау-бақшалы жайларды аралап көрді.
Мақсат ҚАРҒАБАЙ.
Leave a Reply